13 қазанда еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК синоптиктері 13 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Ауқымды антициклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жылы, көбінесе жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Тек еліміздің оңтүстігі мен шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын, жаңбыр мен қар күтіледі.
Республика бойынша жел күшейеді. Солтүстік, оңтүстік және шығыс өңірлерде тұман түссе, батыста шаңды дауыл соғады.
Атырау облысында, Маңғыстау облысының орталығында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігі мен шығысында, Ақтөбе облысының шығысында, Жетісу облысының шығысында, Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында, Қостанай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Ал Қызылорда облысында, Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігі мен орталығында, Атырау облысының оңтүстігінде, Қарағанды облысының батысында, Ұлытау облысының батысында, оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі күтіледі.
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 13-15 қазан аралығында еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр аралас қар жауып, ауа температурасы төмендейтінін ескерткен болатын. 15 қазанда солтүстік пен шығыста көктайғақ болуы мүмкін.