13 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 13 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
78 жыл бұрын (1947) ғалым, қоғам қайраткері, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанұлы АЛШАНОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында туған. Армия қатарында зенит-ракета әскери бөлімінде әскери борышын өтеді. 1974 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөлімін бітірді.
1973-1984 жылдары комсомол комитетінің хатшысы ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының ассистенті, аға оқытушы, доценті қызметтерін атқарды. 1986-1987 жылдары ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің деканы, 1988-1992 жылдары Республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры, Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық одағының президенті болды. 1992 жылы республикадағы алғашқы жекеменшік «Тұран» университетін құрды. Кейін «Тұран» корпорациясына айналып, Р.Алшанов корпорация президенті болды. 2002 жылдан ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті. 1992 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссертациясын қорғады. Ол 200-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың, бірнеше сараптамалық монографиялардың авторы.
61 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бисенбайұлы БЕРДАЛИН дүниеге келген.

Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданы Қарабұтақ селосында туған. 1989 жылы Саратов мемлекеттік зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын ветеринария мамандығы бойынша оқып, мал дәрігері біліктілігін және 2006 жылы Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін экономика мамандығы бойынша оқып, экономика бакалавры біліктілігі мен академиялық дәрежесін алған.
1981-1982 жылдары Қарабұтақ ауданының Т. Г. Шевченко атындағы кеңшарында құрылысшы болып бастаған. 1983-1985 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеген. 1989-1990 жылдары Т. Шевченко атындағы кеңшардың аға мал дәрігері, 1990-1994 жылдары Т. Шевченко атындағы кеңшардың бас мал дәрігері, 1994-1999 жылдары «Қарабұтақ» ұжымдық кәсіпорнының төрағасы, 1999-2011 жылдары «Қарабұтақ» ЖШС директоры, 2011-2012 жылдары Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2016 жылдары Әйтеке би ауданының әкімі қызметін атқарған. 2016-2019 жылдары Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі, 2019-2021 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, 2021-2023 жылдары VII шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болды.
2023 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
53 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының Қатар мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Қайратұлы ИСАҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Сиди Мухаммед бин Абдулла университетін, Мароккодағы Фез; Араб Мысыр Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық институтын (1996) бітірген.
Еңбек жолы: 1994-1995 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, 1995-1999 жылдары ҚР Ғылым академиясының Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, 2008-2011 жылдары Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі, 2010-2014 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі, 2014-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Дубайдағы және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Бас консулы қызметін атқарған. 2017-2020 жылдары Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2019-2020 Қазақстан Республикасының Алжир халықтық-демократиялық республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
50 жыл бұрын (1975) ҚР Үкіметі Аппараты басшысының бірінші орынбасары Асқар Серікжанұлы ЖӘКЕНОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, «Қайнар» университетін бітірген.
Еңбек жолы: «Каргормаш-ИТЕКС» заң кеңесшісі, сыртқы экономикалық байланыстар, кеден ісі және банк ісі бойынша жетекші маман (1998-1999); ҚР Әділет министрлігінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы (1999-2002); ҚР Әділет министрлігі департаменті бастығының орынбасары (2002-2003); ҚР Әділет министрлігінің бөлім бастығы (2003-2004); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2004-2012); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заңнама, қорғаныс және құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2012-2013); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі (2013-2019); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары, ҚР Үкіметі Кеңсесі Басшысының орынбасары (2019-2023); ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі (2023-2024).
2024 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
36 жыл бұрын (1989) Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Сағитдинұлы БАЯЗИТОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы, Жанғала ауданында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін «Педагогика және психология» мамандығы бойынша бітірген (2014); Х. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Денсаулық сақтау менеджері» мамандығы бойынша (2021); ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша бітірген (2024).
Еңбек жолы: «Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» Батыс Қазақстан облыстық филиалының тамақтану жөніндегі маманы (2011 — 2012); Жанғала орталық аудандық ауруханасының эпидемиолог ассистенті, ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі (2012-2017); «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Батыс Қазақстан облыстық филиалының статисті, басқарма басшысы (2017 ж.); Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, бөлім басшысы (2017–2019); Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша аудандық ауруханасының ішкі аудит маманы, емхана меңгерушісі (2019–2020); Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, басшының орынбасары (2020–2025); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары (2025).
2025 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
90 жыл бұрын (1935-2001) жазушы, журналист Рамазан ТОҚТАРОВ дүниеге келген.

Павлодар қаласында туған. Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетін, Мәскеу әдебиет институтының жоғары курсын бітірген. Павлодар облыстық газетінде, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясының кеңесшісі, «Жұлдыз» журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. «Ертіс перзенті», «Терістік шұғыласы», «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағы» кітаптарының авторы.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
87 жыл бұрын (1938) биші, педагог, балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Болат Ғазизұлы АЮХАНОВ (Қуатов) дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Алматы хореография училищесін А. Селезневтің класы бойынша, Санкт-Петербургтағы А. Ваганова атындағы би академиясын, ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімін бітірген. 1957-1959 жылдары Қазақ опера және балет театрының бишісі болған. 1967 жылы «Алматының жас балеті» ансамблін құрған. Сол жылдан бастап осы ансамбльде билер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды («Аққу», «Айтыс», «Аңшылар биі», «Жайдарман»), бір, екі актылы балеттерді (М. Равельдің «Болеросы», В. Булгаровскийдің «Қазақ сувенирі», А. Исакованың «Гамлет», «Жарыс», «Батырлары», Т. Қажығалиевтің «Керуені», Н. Закировтың «Мәңгүрті», Бизе-Щедриннің «Кармен-сюитасы») сахнаға қойды. Сондай-ақ Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (Ш.Жиенқұловамен бірге), Д. Шостаковичтің 4-ші симфониясы бойынша «Қылмыс пен жаза», П.Чайковский мен М. Плетневтің «Евгений Онегин», Ф.Шопеннің «Шопениана», «Пахита» балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүние жүзілік балет тарихына енген жаңалықтар болды. 1997-1998 жылдары А. Мелоди-Кузьминнің музыкасына «Әлі ымырт емес», француз композиторларының әуендеріне «Эдит Пиаф — Францияның рухы», А.Бестібаевтың «Азия дауысы» балеттерін жұртшылық назарына ұсынды. Әсіресе, «Эдит Пиаф — француз рухы» спектаклі сыншылардың, мамандардың жоғары бағасына ие болды. Хореографиялық шешімі аса сәтті бұл спектакль ансамбльдің жоғары кәсіптік деңгейін көрсетті. «Алматының жас балетінің» шын мәнінде Мемлекеттік академиялық классикалық би ансамбліне айналып, репертуарының бай, шеберліктерінің жоғары болуында Аюхановтың үлесі ерекше. Оның қолтаңбасына ізденіс, музыкалық биік мәдениет, классикалық көркем би тәсілдерінің таусылмайтын қазынасын меңгеруге ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық тән. Отыз жылдан астам Аюханов жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль дүние жүзіне кеңінен танымал болып, хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің ХХ ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған (авторы — австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю). Ол отандық балет әртістерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Аюханов арнайы шақырумен Түркияда «Махаббат аңызы», Ташкентте «Алдар Көсе» балеттерін қойған.
«Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.