13 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 13 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек күні
Жедел жәрдем қызметі бүкіл әлемде адамдардың өмірін сақтап қалудың шешуші факторларының бірі саналады. 2000 жылдан бері жыл сайын қыркүйектің екінші сенбісінде көптеген елдер Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек күнін атап өтеді. Оны өткізудің бастамашылары Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысына мүше ұлттық ұйымдар.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1930 жылы № 4 әскери қойма негізінде Қазақстан Қарулы Күштерінің № 44959 әскери бөлімі құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету кезінде ол зауыттардан шыққан дайын өнімді сақтау, оқ-дәрілері бар пойыздарды майданға жіберу ісімен айналысты. Бүгінде Қазақстанда оқ-дәрілерді сақтайтын және оларды сынақтан өткізетін жалғыз мониторинг зертхана құрылды, зенитті-басқарылатын зымырандарды сынауға арналған шеберхана, инженерлік және атуға арналған оқ-дәрілерді қайта өңдеуге арналған құрылғы іске қосылған.
2007 жылы Астанада № 50 мектеп-лицейге аты аңызға айналған Райымбек батыр есімін беру рәсімі өтті. Райымбек батыр (1705–1785) — XVIII ғасырдағы ұлы қазақ батыры, Ұлы жүздің Албан руынан шыққан атақты Хангелді батырдың немересі. Жетісу жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткен аңызға айналған эпикалық күрескер. Батырлығы үшін Абылай хан Райымбекті өз қолбасшыларының бірі етіп тағайындаған.
2012 жылы Корея Республикасының Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мен Бак қуаты 1320 МВт-тық Балқаш Жылу электр стансасының 1-ші модулінің құрылысын бастау рәсімінде болды.
2013 жылы ШЫҰ мемлекет басшылары Кеңесінің 13-отырысының жұмысы аяқталған соң Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Бішкек декларациясына қол қойды. Бұл құжатта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ШЫҰ Хартиясының қағидаттары мен ережелері және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының басқа да құжаттары негізінде өзара іс-қимылға бейілділігі көрсетілген.
2016 жылы Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Ол — діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы. Қазіргі күні Мәдениет және ақпарат министрлігі болып атауы өзгертілді.
2016 жылы Павлодар облысы Тереңкөл ауылында қызметін атқару барысында қаза болған полиция капитандары Ахметқали Тезекпаев пен Фарид Какабаевтың ескерткіш қойылды. Качир АІІБ бастығының орынбасары, полиция капитаны Ахметқалы Тезекбаев 1997 жылдың 1 тамызына қараған түні қайтыс болды. Ахметқали аудандық полиция бөліміне әкелуі керек болған күдіктілердің бірі кенеттен полиция қызметкеріне мылтық атып, салдарынан құқық қорғау органының қызметкері оқиға орнында жан тапсырды. Качир аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Фарид Какабаев 2008 жылдың 26 шілдесінде қайтыс болды. Кезекті демалысында жүрген оған жаппай төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түседі. Ол оқиға орнына жетіп, белсенді қатысушыларының бірінің ізіне түседі. Ал қылмыскер өрттен қашуға тырысып, полиция қызметкерінің басына бетон тақтайша лақтырған. Жарақат салдарынан полиция қызметкері көз жұмды.
2018 жылы ҚР Мемлекеттік Елтаңбасына «Қазақстан» сөзін латын графикасында «Qazaqstan» деп жазу бөлігінде стандарттың бүкіл мәтіні бойынша өзгерістер енгізілді. Өзгерістерді жұмыс тобы Президенттің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес әзірледі.
2019 жылы Түркия Республикасының астанасы Анкарадағы Анадолы өркениеттері музейінің көрме залында ҚР Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды.
ҚР Ұлттық музейі «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық турын жариялады. Осы ауқымды жоба аясында көрме Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Татарстан, Өзбекстан және Солтүстік Македония музейлерінде үлкен табыспен өтті.
2021 жылы «Астана Опера» театрының камералық залына Күләш Байсейітованың есімі берілді. Осы айтулы оқиғаға орай театрда «Қазақтың бұлбұлы» атты концерт өтті. «Астана Опера» камералық залы — көптеген музыканттар өнер көрсетуге ұмтылатын елдегі беделді концерттік алаң. Бұл зал классикалық мұраны сақтай отырып, жаңарып келе жатқан қазақ қоғамының рухани сұранысын жүзеге асырып, қазақ және әлемдік музыка мәдениетінің дәстүрлерін жеткізуші. Бұл сахнада Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің танымал өнерпаздары өнер көрсетіп жүр.
2021 жылы Қазақстан Аргентинадағы 61 жылдық тарихы бар беделді мәдени фестивальдердің біріне алғаш рет қатысты. Бұл шара Димаштың Аргентинадан келген La Era Dimash (LED) фан-клубының күш-жігері, сондай-ақ Қазақстанның Росарио қаласындағы консулдығы мен оның құрметті консулы Густаво Гутьеррестің қолдауының арқасында мүмкін болды. La Era Dimash мүшелері қонақтарды Қазақстанның музыкасы, мәдениеті және пейзаждарымен таныстыратын арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Фестивальге екі бейнебаян ұсынылды, бұл «Тұран» этникалық тобының орындауындағы «Ер Тұран» композициясы және Димаш Құдайбергеннің «Самалтау» әні.
2021 жылы Олимпиада чемпионы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров Ниццадағы Ironman 70.3 жарысында өз жас тобында үздік атанды. Ол қашықтықты (жүзу, велосипед тебу және жүгіру) 4 сағат 55 минут 22 секундта бағындырды.
2023 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырыста «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру келісімін ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Келісімнің мақсаты — халықаралық қаржы ұйымы ретінде Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру.
2023 жылы Атырауда IT, маркетинг, музыка және кинематография салаларын қамтитын «Sarayshyq upgrade-2023» халықаралық жастар форумы ашылды. Шараға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан 200-ден астам қыз-жігіт келді.
2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев LY iTECH төрағасы Цзэн Фанцинь және HGTECH Co. Ltd. Ma Синьцяньді қабылдады.
Әңгімелесу барысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жинақтаушы бұйымдар мен лазерлік қондырғыларды өндіру үшін Қазақстаннан сирек металдарды тұрақты жеткізуді жолға қою мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанның инновациялық әлеуетін нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестер екенін, оның ішінде Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» жаһандық бастамасы аясындағы елдер екенін атап өтті.
2023 жылы Шымкент хайуанаттар бағының коллекциясы EARAZA аясында Израильден келген сұр кенгурулармен толықтырылды. Хайуанаттар бағының қызметкерлері оларға Кай және Герда есімдерін берді, жануарлар климатқа, жаңа қоршау және зообақ қызметкерлеріне біртіндеп бейімделуде. Хайуанаттар бағы әкімшілігі қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа жануарларды көруге шақырды.
2023 жылы Сауда министрі Арман Шаққалиев пен Гонконг АӘА басшысы Джон Ли арасында кездесу өтті. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру нұсқаларын талқылады.
2024 жылы Мемлекет басшысы Asia Infrastructure Solutions компаниясының басшысы Вонг Хэн Файнды қабылдады. Кездесуде «Alatau City» жобасын жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Алатау қаласын шетелдік инвестиция, технологияларды тарта отырып, тиімді дамыту мәселесі бойынша жан-жақты пікір алмасу болды. Мамыр айында сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп жасалған Алатау қаласының Бас жоспары қабылданды. Вонг Хен Файнның осындай жобаларды жүзеге асырудағы мол тәжірибесін атап өткен Мемлекет басшысы оның бас кеңесші ретіндегі ұсынымдары халықаралық бизнес хабқа айналуға арналған жаңа қаланы жобалау мен салуда іс жүзінде жүзеге асатынына сенім білдірді.
2024 жылы Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан 114 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты. Оның 44-і алтын, 33-і күміс, 37-сі қола медаль. Қазақстан құрамасы сапында 21 спорт түрінен барлығы 216 спортшы бақ сынады.