13 мамыр. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 13 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1963) Қазақста Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі, мемлекет қайраткері Ералы Лұқпанұлы ТОҒЖАНОВ дүниеге келді.

Ералы Лұқпанұлы ТОҒЖАНОВ
Фото: primeminister.kz

Батыс Қазақстан облысында туған. 1988 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді.

1988-1991 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының оқытушысы болды. 1991-1994 жылдары ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспиранты, 1994-1996 жылдары ҚР Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының ғылыми қызметкері, 1996 -1997 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің аға оқытушысы, Мемлекеттік қызмет және халықаралық құқық факультеті деканының орынбасары, 1997 -1999 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Халықаралық құқық факультетінің деканы, 1999-2001 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Астана қаласындағы филиалының директоры, Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры болып қызмет атқарды. 2001-2006 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2006 — 2008 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2008-2017 жылдары ҚР Президентінің өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі болды. 2017-2019 жылдары — Маңғыстау облысының әкімі, 2019-2020 жылдары Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, 2020-2022 жылдары ҚР премьер-министрінің орынбасары, 2022-2023 жылдары Ақтөбе облысының әкімі лауазымын атқарған.

Қазіргі лауазымын 2024 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1978) «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Нұржан Нұрперзентұлы КҮШЖАНОВ дүниеге келді.

Нұржан Нұрперзентұлы КҮШЖАНОВ
Фото: instagram.com/kaztransoil.official

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-механик мамандығы бойынша, О. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін инженер-электрик мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 2001 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ Жезқазған мұнай құбыры басқармасында электр монтеры, әуе желілері және электрохимиялық қорғау шебері болып бастады. 2003-2008 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Жезқазған мұнай құбыры басқармасының «Борсеңгір» БМАС, «Құмкөл» БМАС бастығының орынбасары, «Қарақойын» БМАС бастығы қызметтерін атқарған. 2008-2017 жылдары Жезқазған мұнай құбыры басқармасының ТКО бойынша бастығы орынбасары, өндіріс бастығының орынбасары, бас инженері қызметтерін атқарған. 2017-2020 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс операторлық қызметтер көрсету басқармасы мен Павлодар мұнай құбыры басқармасын басқарды. 2020-2025 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ пайдалану департаментінің директоры қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың сәуірінен бері атқарып келеді.

46 жыл бұрын (1979) ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Маратұлы НҰРМҰХАНОВ дүниеге келді.

Бақыт Маратұлы НҰРМҰХАНОВ
Фото: Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қалжыр ауылында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасында оқытушылықтан бастады. 2003 жылдың мамыр айынан Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінде: құқық бөлімінің консультанты, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас консультанты, бас сарапшы, бас консультант, құқықтық сараптама бөлімі талдау секторының меңгерушісі, Төрағаның кеңесшісі. 2008-2017 жылдары негізгі қызметімен қоса Еуропа Кеңесінің «Құқық арқылы демократия үшін» Венеция комиссиясының байланыс бойынша офицері функцияларын атқарды. 2017-2022 жылдары ҚР Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» және «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған.

38 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасы Президенті Протокол қызметінің бастығы Марат Кенжеғалиұлы ӘШІМ дүниеге келді.

 Марат Кенжеғалиұлы ӘШІМ
Фото: Akorda

Алматы қаласында туған. 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша, 2010 жылы экономика және бизнес мамандығы бойынша білім алып, бакалавр дәрежелерін алған. 2010 жылы халықаралық қатынастар магистрі мамандығы бойынша ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтын тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2008-2009 жылдары жеке компанияда заңгер болып қызмет атқарған. 2009 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі әкімшілік және бақылау департаментінің атташесі болып жұмыс істеді. 2010-2012 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші хатшысы, 2012-2017 жылдары ҚР Президентінің Протокол қызметінің референті, сарапшысы, консультанты, инспекторы, 2017-2018 жылдары ҚР Президентінің Протокол қызметінің сектор меңгерушісі лауазымын атқарды. 2018-2023 жылдары ҚР Президентінің Протокол қызметі бастығының орынбасары болып еңбек етті.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

34 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің бас инспекторы Мирхан Асылханұлы ЕРМАҒАНБЕТОВ дүниеге келді.

Мирхан Асылханұлы ЕРМАҒАНБЕТОВ
Фото: instagram.com/sifrlyq.aqtobe

Хромтау ауданында дүниеге келген. 2012 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 2023 жылы ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері болып бастап, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы, Қазақ инженерлік-техникалық академиясының Тілдерді дамыту орталығының директоры болып қызмет атқарды. 2015-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сарапшысы, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің бас сарапшысы, Қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің бас сарапшысы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің бас сарапшысы қызметтерін атқарған. 2019-2020 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің басшысы болып жұмыс істеді. 2020-2024 жылдары Алға ауданы әкімінің орынбасары, 2024-2025 жылдары Ақтөбе облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың сәуірінен бері атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар