13 маусым. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 13 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
78 жыл бұрын (1947) — жазушы, мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Нұрлан Мырқасымұлы ОРАЗАЛИН дүниеге келді.

Ол Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Көкбастау ауылында туған. 1965 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті.
Еңбек жолын 1970 жылы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер болып бастады. 1972-1984 жылдары республика Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін атқарды, 1984-1986 жылдары Республикалық қуыршақ театрының директоры болды.
1986 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде одақ басқармасының бірінші хатшысы болып сайланып, 1986 жылы өткен КСРО Театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде басқарма құрамына енді.
1990-1993 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1993-1996 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1996 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, басқарма төрағасы болды.
2013-2016 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты. 2017 жылдың сәуірінен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі.
2018-2019 жылдары ҚР Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссия мүшесі.
2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» (2005), «Парасат» (2010) ордендерімен, медальдармен марапатталған. Алматы қаласының құрметті азаматы.
70 жыл бұрын (1955) композитор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Балнұр Балғабекқызы ҚЫДЫРБЕК дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. К. Байсейітова атындағы республикалық арнаулы музыка мектебін, 1978 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Алматы мемлекеттік консерваториясында, Қазақстан Композиторлар одағында қызмет істеген.
2007 жылы «Қазақстан композиторлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, 2010 жылы Еуразия композиторлар қауымдастығының президенті қызметін атқарған.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты тұңғыш ұлттық балалар балетінің, «Қалқаман-Мамыр» опера-балетінің, «Наурыз мейрам хикаясы» балетінің, сондай-ақ көптеген симфониялық поэмалар мен увертюралардың, оркестрлік, камералық шығармалардың авторы.
Ол — отандық музыка тарихында тұңғыш рет үрмелі аспаптар оркестріне арналған шығармалар жазған композитор.
47 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Мәуілханқызы РАХМЕТУЛЛИНА дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 2000 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолы: 2000-2004 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық сотының маманы, 2004-2015 жылдары Өскемен қаласы № 2 сотының судьясы, 2015-2020 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы қызметін атқарған.
2020 жылдың шілдесінен бастап қазіргі қызметінде.
32 жыл бұрын (1993-2018) қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, олимпиада жүлдегері Денис ТЕН дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Денис — Корей империясы кезінде даңқты қолбасшы болған генерал Мин Гынхоның ұрпағы.
Мәнерлеп сырғанаудан бөлек, теннис, акробатика, таеквондо, каратэ, жүзумен айналысып, би және сурет салу мектебіне барған.
Музыка мектебінде 5 сыныпты тәмамдап, хорға қатысқан. 2002 жылы Денис Тен қатысқан хор ұжымы Пусандағы Хор Олимпиадасында күміс медаль иеленді. Кейіннен мәнерлеп сырғанаумен айналысуға біржола ден қойды.
2003 жылы «Хрустальный конек» турнирінде оны Елена Буянова (Водорезова) байқап, Мәскеуге өзінің қол астында жаттығуға шақырады. Тен ересек спортшылармен жарысып, 2006 жылғы Қазақстан чемпионатын жеңеді.
Бірақ халықаралық деңгейде тек келесі жылдан бастап көріне бастады, оған Халықаралық конькимен сырғанаушылар одағының жас шектеулері (13 жас) себеп болды.
Спорттағы жетістіктері: Ол — 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, VІІ қысқы Азия ойындарының чемпионы, 28-ші қысқы Универсиаданың (Алматы-2017) чемпионы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы.
ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері.