13 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 13 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform / Midjourney

ЕСІМДЕР

49 жыл бұрын (1977) Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай Тағанұлы ӨТПЕНОВ дүниеге келді.

Наурызбай Тағанұлы ӨТПЕНОВ
Фото: muftyat.kz

Оңтүстік Қазақстанда туған. 1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында жоғары діни білім алған. 1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқыған. 2009 жылы Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген. 2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін сырттай оқып бітіріп жоғарғы білім алған. 2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. 2017-2020 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.

Еңбек жолын 1997-2006 жылдары республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен бастаған. 2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық № 1 орталық мешітінің Бас имамы болды. 2011-2013 жылдары ҚР Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы, 2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы, 2018 жылы ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкілі имамы, 2018 жылдың қазан айынан бастап — ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.

2020 жылдың 7 ақпанында Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында Бас мүфти болып сайланды.

2024 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына қайта сайланды.

46 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаментінің директоры Шолпан Кәрібекқызы ШЫНАСЫЛОВА дүниеге келді.

Шолпан Кәрібекқызы ШЫНАСЫЛОВА
Фото: «Қазақстандық дипломаттар бірлестігі» АҚБ

Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Эйхштадт-Ингольштадт университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2019 жылдары атташе, 3-ші, 2-ші және 1-ші хатшы, кеңесші, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында басқарма басшысы, 2019-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы кеңесші-елшісі, 2024-2025 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаменті директорының орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қыркүйегінен бастап атқарып келеді.

45 жыл бұрын (1981) Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Айбат Сергеевич ЖАҢАБЕРГЕНОВ дүниеге келді.

Айбат Сергеевич ЖАҢАБЕРГЕНОВ
Фото: Gov.kz

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында туған. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін, 2011 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық университетін, 2018 жылы Қазақ-Орыс халықаралық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2004 жылдары ҚР қарулы күштері қатарында қызмет атқарған. 2005 жылы Ақтөбе облысының ТЖА Мемлекеттік өрт бақылау және қадағалау басқармасының Байғанин ауданы мемлекеттік өрт бақылау және қадағалау бөлімінің инженері, сол жылы Ақтөбе облысының ТЖА МӨБҚБ Байғанин ауданы мемлекеттік өрт бақылау және қадағалау бөлімінің аға инженері, 2005-2006 жылдары Ақтөбе облысының ТЖА МӨБҚБ Байғанин ауданы мемлекеттік өрт бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы, 2006-2008 жылдары Ақтөбе облысының Өртке қарсы қызмет департаментінің Байғанин ауданы өртке қарсы қызмет бөлімінің бас маманы, 2008-2010 жылдары Ақтөбе облысының ТЖД Байғанин ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарған. 2010-2012 жылдары Ақтөбе облысының ТЖД Ойыл ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, 2012-2018 жылдары Ақтөбе облысының ТЖД Темір ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, 2018 жылы Ақтөбе облысының ТЖД Ақтөбе қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, 2018-2020 жылдары Ақтөбе облысының ТЖД Ақтөбе қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, 2020 жылы Ақтөбе облысының ТЖД Ақтөбе қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы, 2020-2023 жылдары Ақтөбе облысының ТЖД Ақтөбе қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, 2023-2025 жылдары Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.

44 жыл бұрын (1982) «El Úmiti» корпоративтік қорының директоры Асланбек Кемеңгерұлы АМРИН дүниеге келді.

Асланбек Кемеңгерұлы АМРИН
Фото: edu.gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Совет ауданына қарасты Смирнов ауылында туған. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2003 ж., «Қаржы және аудит»), Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (2006 ж., «Геоақпараттық жүйелер»), «Болашақ» бағдарламасымен University of Illinois at Urbana — Champaign, (2012 ж., «Технологияларды басқару») оқып бітірді.

2003-2005 жылдары «KITEX» ЖШС жеке инновациялық компаниясында, «Жаңа технология мен материалдарды енгізу орталығы» ЖШС; «Қазақстандық инновациялық технология» АҚ еңбек етті. 2005-2010 жылдары ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің сарапшысы, индустриалды-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы және меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2012-2015 жылдары «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, 2015-2016 жылдары «TIMWE International» халықаралық телекоммуникациялық компанияның Қазақстан бойынша бас менеджері болды. 2016-2018 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі, 2018-2020 жылдары ҚР Парламенті Сенат Аппараты басшысының орынбасары, 2020 жылы ҚР Парламенті Сенат Аппаратының басшысы болды.

Қазіргі лауазымын 2020 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

35 жыл бұрын (1991) қазақстандық кәсіпқой боксшы, Олимпиада және әлем чемпионы Данияр Маратұлы ЕЛЕУСІНОВ дүниеге келген.

Данияр Маратұлы ЕЛЕУСІНОВ
Фото: olympic.kz

Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2006 жылы кадеттер арасында әлем чемпионы, 2008 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының (Мексика) жеңімпазы, 2009 жылы Қазақстан жастар ойындарының чемпионы, 2010 жылғы Қазақстан чемпионы, Гуанчжоуда өткен 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2012 жылғы олимпиадалық континенталдық іріктеу турнирінің жеңімпазы, 2012 жылғы ҚР Кубогының жеңімпазы, 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы (69 кг), 2013 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен; «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

113 жыл бұрын (1913-1960) композитор, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан ТӨЛЕБАЕВ дүниеге келді.

Мұқан Төлебаев
Фото: massaget.kz

Алматы облысында туған. Алматы педагогикалық училищесін, Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Қазақ студиясын, Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.

1942-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы болған. 1953 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысқан. Композитор музыканың алуан жанрында еңбек етіп, фортепьяно мен скрипка үшін пьесалар, симфониялық оркестр мен хорға арнап күрделі шығармалар жазған.

Оның «Татьяна туралы ән», «Кестелі орамал», «Тос мені тос», «Көп жүрдім» атты өзіндік музыкалық тілі мен романстары қазақтың кәсіби музыкасында романс жанрының қалыптасуына игі әсер етті. Симфониялық шығармалары ішінде «Қазақстан» поэмасы мен «Коммунизм оттары» кантантасы қазақ музыкасында ерекше орын алды. Әсіресе, ән-хор шығармаларында өзі өмір кешкен кеңестік заман тақырыбы сәтті көрініс тапты.

Төлебаевтың шығармашылығының шарықтау шыңы, қазақ музыкасындағы аса елеулі туындыларының бірі — «Біржан-Сара» операсы. Аталмыш туындыда жеке адам тағдыры, бас бостандығы үшін күрескен Біржан мен Сара сынды өнер өкілдерінің шығармашылығы мен трагедиялық тағдыры терең тебіреніспен баяндалады.

Ол Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасының алғашқы әнұраны авторларының бірі болды. Сондай-ақ композитор драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазып, жеке дауыс пен фортепьяноға арнап қазақтың көптеген әндерін өңдеген. «Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталған.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен және БҰҰ «За миротворческую деятельность» медалімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум