13 наурыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 13 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1981 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Кенен ауылында халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Мұражай залына ақынның шығармашылығын, өмір жолын сипаттайтын 961 экспонат қойылған. Ақын 13 жаста болған кезде жасалған домбыра, Жамбыл Жабаев сыйға тартқан күміс белдік — мұражайдың құнды экспонаттары.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Ливия Ұлы Социалистік Халық Араб Джамахириясы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды.

2001 жылы Алматыдағы Қазақ сәулет-құрылыс академиясының студенттер жатақханасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш тақта орнатылды.

Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков (1966-1988) Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1986 жылдың күзінде жолдамамен Алматы сәулет-құрылыс институтына (АСҚИ) оқуға түседі. АСҚИ-дің бірінші жатақханасында тұрған Қайрат бірінші курс студенті болғанына қарамастан институттың қоғамдық өміріне белсене араласып кетеді.

Сол кезде-ақ жас комсомолдар жасағының командирі, студенттік кәсіптік бюросының (профбюро) мүшесі болды. 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңындағы бейбіт шеруге қатысты. Сол үшін Қайрат шеруге шыққан достарымен бірге тұтқындалып, «18 желтоқсанда Мир (қазіргі Достық даңғылы) және Қаныш Сәтбаев көшелерінің қиылысында сойқандық жасап, Савицкийді өлтірді, Ведельді ауыр жарақаттады» деген айып тағылды, достарымен бірге сотты болады.

Тергеу жұмыстары алты айға созылып, соңында Қайратпен бірге болғандар 4-15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Ал Қайрат алғашында ату жазасына кесілді. Кейіннен шетелдік ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің қарсылықтарынан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, сот үкімі 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

2003 жылы «Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің кейбір мәселелері туралы» № 244 ҚР Үкіметінің қаулысы жарыққа шықты. Қаулының негізінде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрылды. Компанияға 19 машина жасау кәсіпорны мен салалық институттар кіреді.

Олардың қатарында «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «С. М. Киров атындағы Петропавл зауыты» АҚ, «Мұнаймаш» АҚ, «Тыныс» АҚ, «Семей машина жасау зауыты» АҚ, «ҚР радиоэлектроника және байланыс жөніндегі ұлттық орталығы» АҚ, «Металлист» АҚ, «Бронды танк жөндеу зауыты» кәсіпорындары бар.

2015 жылы қазақ-түрік лицейінің тәрбиеленушісі Жанар Әбдірахман Оңтүстік Кореяда өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауында алтын медальға ие болды.

Халықаралық байқауда жүлде үшін Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның 10-11 сыныптарындағы 200-ден астам оқушысы таласқан еді.

2017 жылы Құдыс Қожамжаров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрына, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрына, Республикалық неміс драма театрына «академиялық» мәртебесі берілді.

2018 жылы Өзбекстан Президенті қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау туралы жарлыққа қол қойды.

2019 жылы Румыния астанасындағы «Галатека» галереясында қазақстандық суретші, қоғамдық қайраткер мен галереяшы Лейла Махаттың «Мен мұндамын» атты жеке көрмесі ашылды.

Көп жылдар бойы оның шығармашылығы түрлі елдердің үздік залдарына қойылып, картиналары Қазақстан, Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қытай, Молдова, Ресей, Румыния, АҚШ, Түркия, Чехия және Жапония елдерінде коллекцияда тұр.

2022 жылы Қазақстанның 14 жасқа дейін теннисшілері арасындағы бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлы Словакияда өткен Tennis Europe сериялы Baseline Open U14 2022 екінші дәрежелі жарысында абсолют чемпион атанды. Жекелей сында 13 жасар қазақстандық спортшы финалда үш сеттік тартысты матчта Словенияның осы жастағылар арасындағы бірінші ракеткасы Зиго Шешконы 3:6, 6:2, 7:6 (7:1) есебімен ұтты. Матч екі жарым сағатқа созылды.

2023 жылы Сауда және интеграция министргінің бұйрығымен «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын іске қосу бойынша 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.

Соңғы жаңалықтар