13-ші Премьер-Министрге қандай міндеттер жүктелді

Олжас Бектенов
Фото: akorda.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, алқалы жиынға арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің он үшінші Премьер-Министрін тағайындау үшін депутаттардың келісімін алды. Осылайша, Үкімет басшысы қызметіне бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы болған Олжас Бектенов келді.

Президент
Фото: akorda.kz

Президент алдымен Мәжілістегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізіп, Конституцияның 44-бабына сәйкес Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде фракция басшыларымен кеңесті. Талқылауға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров қатысты.

Президент
Фото: akorda.kz

Үкімет қызметінде 4 қасиетті ұштастыруы тиіс

Осыдан кейін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін, бұл – жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өтті.

«Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз «Әділетті Қазақстан» құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент
Фото: akorda.kz

Президент Салық және Бюджет кодекстері, Мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі туралы заңнамалар мүлде жаңаша сипатқа ие болғанына назар аударып, мұның бәрі Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың мықты тірегі болуға тиіс екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.

«Бұл жерде, әрине, ең алдымен, Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие», – деді Мемлекет басшысы.

Президент
Фото: akorda.kz

Президент сөзін қорытындылай келе, «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

«Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Парламент Мәжілісіндегі «Amanat», «Ақ жол», «Respublica», «Ауыл» партиялары фракцияларының жетекшілері сөз сөйлеп ұсынылған кандидатураны қолдаса, ЖСДП мен ҚХП партиясының мүшелері дауыс беруден қалыс қалатындығын ашық айтты. Содан кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды: 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды.

Президент
Фото: akorda.kz

Үш партия қолдап, екі партия қалыс қалды

«AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың атап өтуінше, жаңа Үкіметке артылар жүк ауыр. Елдің артқан аманатын, Президенттің қойған міндеттерін, депутаттардың білдірген сенімін ақтау жауапкершілігі тұр.

Елнұр Бейсенбаев
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

«Сондықтан, Премьер-Министрдің кандидатурасына біздің фракцияның атынан Олжас Абайұлы Бектеновті ұсынамыз. Мәжіліс депутаттарын ұсынылып отырған кандидатты қолдауға шақырамын. Осыған орай, барлық билік өкілдері бірігіп, Президенттің қойған міндеттерін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен атқаруымыз керек», - деді ол.

Серік Егізбаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев жаңа Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің проблемалық мәселелерін шешеді деп үлкен үміт артатындығын баса айтты.

«Ауыл» партиясы әрқашан сындарлы, конструктивті позиция ұстанған, сондықтан да бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынып отырған Премьер-Министр кандидатурасын біздің партия бірауыздан үлкен сеніммен қолдайды. «Ауыл» партиясы жаңа Премьер-Министр мен жаңа Үкімет мүшелері Президентіміздің тапсырмаларын дереу орындайтын және Парламент депутаттарының, оның ішінде 8 миллионға жуық ауыл тұрғынының мүддесін қорғайтын партия депутаттарының ұсыныстарын ескеретін, құлақ асатын, қажет шешімдерді тез қабылдайтын, ықпалды Парламентке есеп беретін мықты Үкімет болады деп үміт артамыз», — деді ол.

Ал «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров жаңа Премьер-Министрдің орталық және өңірлік деңгейде жұмыс істеу барысында жинаған мол тәжірибесі елміздің бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына айрықша ықпал етеді деп сенетіндігін білдірді.

Айдарбек Ходжаназаров
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын келісу кезінде фракция мүшелері не себепті қалыс қалғанына түсінік берді.

магеррам магеррамов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан Халық партиясының фракциясы Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын бекіту бойынша қалыс қалу жөнінде шешім қабылдады. Қазақстан Халық партиясы фракциясының шешімі — Үкіметке көзқарасты өзгертетін, жаңа формаларды ескі мазмұнмен толтырмайтын уақыт жеткенінің белгісі. Жаңа Премьер-Министрдің нақты әрекеттерімен біздің күмәніміз сейілмейінше біздің ұстанымымыз осындай болады», — деді Магеррам Магеррамов.

Асхат Рахимжанов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Асхат Рақымжанов та Мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны келісу кезінде не себепті қалыс қалғанын түсіндірді.

«Біз кандидатқа қарсы болған жоқпыз, бұл жолы қалыс қалдық. Бұл қызметте экономиканы тереңірек түсінетін, осы саланы жақсы меңгерген, осыған дейін өзін бұл жағынан көрсете алған адамды көргіміз келеді», — деді ол.

Отырыс соңында Президент Үкімет басшысы лауазымына ұсынған кандидатураны қолдаған депутаттарға ризашылығын білдірді.

«Ең алдымен баршаңызға ризашылығымды, рақметімді айтқым келеді. Сіздер жоғары саяси және азаматтық жауапкершілікті көрсеттіңіздер. Расында еліміз өте маңызды, тіпті шешуші кезеңге жақындап қалды. Мәселен, «таяу келешекте Қазақстан қандай мемлекет болады, оның аймақтық және әлемдік қоғамдастықта атқаратын рөлі қандай болмақ?» деген аса маңызды сұрақтар тұр. Қазіргі бәсекеге толы, түрлі жанжалға ұшыраған тұрақсыз, бұлыңғыр әлемде Қазақстан күшті, болашағына сеніммен қарайтын ел болуы керек. Оның бәрін қамтамасыз ету — бәріміздің ортақ міндетіміз, парызымыз деп айтуға болады. Бұл мәселе бойынша Үкіметтің атқаратын рөлі ерекше», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент
Фото: akorda.kz

Үкімет халқымыздың игілігіне қызмет етеді – Бектенов уәдесі

Осыдан кейін Жаңадан тағайындалған Үкімет басшысы Президенттің жүктеген жоғары сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын айтты.

«Менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды», — деді О. Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі.

«Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, машина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытамыз. Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу аясында Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, ондықтық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат — басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру — Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллектінің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту, аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді», — деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, 5 ақпанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» жарлыққа қол қойып, Үкімет отставкаға жіберілді. 

Президент кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли Үкімет басшысын тағайындау рәсімі жөнінде пікір білдірді.

Мемлекет басшысына «Amanat» партиясының атынан Премьер-Министрдің кандидатурасы ұсынылды.

Президент Парламенттегі партия фракцияларының жетекшілерімен кездесті.

Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындауға келісім берді.

Соңғы жаңалықтар