13 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

13 шілде, ЖЕКСЕНБІ Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері күні. 1992 жылы 13 шілде күні ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) құрылды. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесін - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және оның құрамына кіретін департаменттер мен өзге де құрылымдық бөлімшелер, ҰҚК-нің облыстар бойынша, республикалық маңыздағы қала мен елордадағы аймақтық органдары, оларға бағынышты қалалық және аудандық басқармалар (бөлімдер, бөлімшелер), сондай-ақ әскери контрбарлау, ҰҚК-нің «Барлау» қызметі, ҰҚК-нің Шекара қызметі, арнайы мақсаттағы құрылымдар, ғылыми-зерттеу мекемелер және өзге де ұйымдар құрайды. Білім беру мекемелері - Алматыдағы ҰҚК Академиясы және ҚР ҰҚК-нің Әскери институты. ҰҚК Академиясының түлектері міндетті түрде шет ел тілдерін меңгеру талабымен заңгер және шұғыл әрекет етуші мамандығын алып шығады. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 92 жыл бұрын (1922) Қазақ атқару комитетінің III сессиясында Прокурорлық қадағалау және адвокатура туралы ережелер қабылданып, РСФСР Қылмыстық кодексінің қалың малға, мал ұрлығына тыйым салуға, адам етін жеуді аяусыз жазалауға қатысты IX бөліміне толықтырылулар енгізілді. 19 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» Қаулысы жарық көріп, сәулетші Ш.Уәлиханов басқаратын авторлар тобы әзірлеген жоба мақұлданды. 13 жыл бұрын (2001) Алматыда Орта Азиядағы Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) өкілдігі тіркелді. 9 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай демалыс аймағындағы «Көкшетау» саябақ-қонақ үйінің ашылу рәсіміне қатысты. Қонақ үй кешені Жеке Батыр тауының етегінде, Шортанды көлінің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. 4 қабатты ғимаратта 33 жайлы нөмір бар. Мұнда отбасымен демалуға, сондай-ақ кеңестер, семинарлар және мәслихаттар ұйымдастыруға болады. Қонақүйде 20 метрлік бассейн, тренажер залы, бильярд клубы, сондай-ақ заманауи жабдықталған кинозал бар. 7 жыл бұрын (2007) Қарағандының бұрынғы Наркомхоз ғимаратына Қазақ КСР еңбек сіңірген шахтері, мемлекет қайраткері Файзолла Серғазинге арналған мемориалдық тақта орнатылды. Файзолла Серғазин (1910-1971) Мәскеу тау-кен институтын, Көмір өнеркәсіп академиясын бітірген соң, көп жылдар бойы Қарағандының көмір бассейнінде қызмет атқарды. Өндірісте қызмет атқарып, ғылыми жұмыспен айналысты және өзінің техникалық білімін насихаттады. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін КСРО-ның екі орденімен, бес медалімен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бес Құрмет грамотасымен, ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған. 7 жыл бұрын (2007) Тараздың облыстық ұлттық қауіпсіздік органдарының тарихи мұражайы ашылды. Көрмеге Кеңес өкіметі құрылған кезден осы күнге дейінгі Ұлттық Қауіпсіздік органының тарихын баяндайтын фотоматериалдар, мұрағаттық құжаттар, жеке заттар қойылды. 1936 жылы Жамбыл облысы ашылды және нақ сол жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанында Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Жамбыл облысы бойынша бөлімі алғаш құрылды. 1978 жылы бөлім Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Жамбыл облысы бойынша басқармасы деп өзгертілді. Қазақстан егемендігін жариялағаннан кейін 1992 жылғы шілденің 13-де Қазақстанның Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті деп өзгертілді. 1996 жылы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті басқармасының базасында Жамбыл облыстық департаменті құрылды. Экспозицияның орталық бөлігі еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдарын құруда үлкен еңбек сіңірген, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналды. Осы жерде еліміздің мемлекеттік нышандары - Елтаңба, Ту және Қазақстан Республикасы Әнұранының мәтіні, сондай-ақ Ата заң - еліміздің Конституциясы, Жолдаулар және Қазақстан Республикасы Президентінің кітаптары, заңнамалық актілер қойылған. 5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық мүше-мемлекеттерінде инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 91 жыл бұрын (1923) Лос-Анжелесте Маунт-Ли тауының бөктерінде Hollywood жазуы пайда болды. Алғашқыда ол Hollywoodland болып жазылды және оның киноға еш қатысы болмады. Жазу жаңа тұрғын ауданының жарнамасы ретінде орнатылған болатын. Бірақ ол бірден туристердің назарын аударта бастады. Жазуды орнату оның тапсырыс берушісі «Лос-Анджелес Таймс»-тың басшысы Гарри Чандлерге 21 мың АҚШ долларына түсті. «Hollywoodland» сөзі электр шамдарымен жарықтандырылып тұрды, ал күндіз оның әріптерін 40 шақырымдық жерден көруге болды. Hollywoodland-ты бір жарым жыл ғана жарнамалау жоспарланған болатын, бірақ ол осы күнге дейін өз орнында тұр. 1949 жылы жазба қайта жөндеуден өткізіліп, оның соңғы 4 әрпі алынып тасталды. 84 жыл бұрын (1930) Уругвайда тарихта алғаш рет футболдан Әлем чемпионаты басталды. Уругвай спорттық жарысты өткізу орны ретінде кездейсоқ таңдап алынбады. Бұл елдің құрамасы Парижде 1924 жылы өткен VIII Олимпиада ойындарының және 1928 жылы Амстердамда өткен ІХ Олимпиаданың жеңімпазы болды. Осыдан кейін бұл латынамерикандық ел көрермендері ең танымал спорт түрі - футболдан алғашқы әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. 177 жыл бұрын (1837) Виктория ханшайым Букингем сарайына көшіп келді. Осыдан кейін аталмыш сарай Ұлыбритания патшаларының негізгі резиденциясына айналды. 132 жыл бұрын (1882) Мәскеу мен Петерборда Ресейдегі алғашқы телефон стансалары ашылды. 117 жыл бұрын (1897) Гульельмо Маркони радиоға патент алды. 106 жыл бұрын (1908) Лондонда IV Олимпиада ойындары ашылды. Оған тұңғыш рет әйелдер қатысты. ЕСІМДЕР 65 жыл бұрын (1949) Ауыр атлетикадан ҚР штаттық Ұлттық құрамасы жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы ДИГАЙ Леонид Николаевич дүниеге келді. Әлем чемпионы Майя Манезаны (2009); Азия чемпионы (2003), Азия ойындарының қола жүлдегері Фролов Дмитрийді; Еуропаның екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының екі дүркін күміс иегері, 2004 жылы Афиныда өткен XVIII Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, РФ-ның көп мәрте чемпионы (1994-2010) Олег Перепеловты және басқаларын тәрбиеледі. 64 жыл бұрын (1950-2007) жазушы КӨБЕНТАЕВ Әлібек дүниеге келді. Қарақалпақстан Республикасының Нүкіс қаласында туған. Хожелі педагогикалық училищесін, Ресейде Таганрог мемлекеттік педагогика институтын бітірген. 1997 жылы тарихи Отанына оралып, орта мектептерде мұғалім болып істеген. «Нұрлы ағыс», «Көргенді перзент» кітаптарының, «Алағадалы кеш» әңгіме, повесть жинақтарының, «Пән апталықтары», «Оқушы-практиканттарға ескертпе» ғылыми-әдістемелік кітапшалардың авторы. М.Дулатовтың «Қазақ қайдан шыққан?» кітабын аударған. 58 жыл бұрын (1956) Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі АЛТЫБАЕВА Алма Қуандыққызы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Алматы есеп-несие техникумын, Алматы ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген. 1976-1987 жылдары - Мемлекеттік банктің Алматы облыстық кеңсесінде есепші, аға есепші, инспектор болып қызмет атқарған. 1987-1990 жылдары - Агроөндіріс банкінің Әуезов бөлімінде аға инспектор, бас есепшінің орынбасары. 1990-1996 жылдары - Мемлекеттік банктің Алматы облыстық басқармасында бас Есептеу-кассалық орталығының бастығы, бөлім бастығы, бас есепшісі. 1996-1998 жылдары - Республикалық бюджеттік банк төрағасының орынбасары. 1998-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары, Қазынашылық департаменті директорының орынбасары, Астана қаласы бойынша Қазынашылық басқармасының бастығы, «Қазақстан халық банкі» АҚ-ының аймақтық менеджері. 2003-2007 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ Қаржы департаментінің Қазынашылық басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы. 2007-2008 жылдары - Астана қаласы Қаржы департаменті директорының орынбасары, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры. Медальдармен марапатталған. 55 жыл бұрын (1959) "Н Оперейтинг Компани" ЖШС-ның бас директоры АМАНҚҰЛОВ Болат Рахметұлы дүниеге келді. Гурьев облысының Қаратон кентінде туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген (1982), кен инженер- геологы. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі. 1982 жылдан - «Ембімұнай» БӨ геологы,. аға геологы. 1988 жылдан - «Ембімұнай- геофизика» БӨ геологы, аға геологы, геология бөлімінің бастығы. 1993 жылдан - «Қазақстан-каспийшельф» халықаралық консорциумы геология бөлімінің бас геологы. 1997 жылдан - «Қазақстанкаспийшельф» АҚ аға геологы, бас маманы. 2001 жылдан - «Аджип ККО» компаниясының геологы, мұнай-газ қурылымдарын барлау жөніндегі аға геологы. 2005 жылдан «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ логистика және сервис делартаментінің директоры, 2006 жылдан - теңіз операцияларын қолдау жөніндегі атқарушы директоры. 2009 жылы - «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2012 жылдан бері "Н Оперейтинг Компани" ЖШС-ның бас директоры. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ грамотасымен марапатталған (2008).
49 жыл бұрын (1965) Ұлттық қорғаныс университетінің ректоры РЫСПАЕВ Абылай Еркінбекұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ресей Ішкі істер министрлігінің Екатеринбор жоғары мектебін, Орталық Азия университетін бітірген. 1989-1991 жылдары - Свердлов қаласында ішкі істер басқармасының экономист-қаржыгері, милиционер. 1991-1995 жылдары - Ресей Ішкі істер министрлігінің Екатеринбор жоғары мектебінің тыңдаушысы. 1995-1996 жылдары - Свердлов қаласы ішкі істер басқармасының жедел өкілі. 1996-1997 жылдары - ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің жедел уәкілі, аға жедел уәкілі. 1997-2012 жылдары - ҚР Ұлттық қауіпсздік комитетінде қызмет етті. 2012-2013 жылғы қаңтар аралығында - Республикалық ұланның 0112 әскери бөлімінің командирі. 2013 жылғы 30 қаңтардан 29 сәуірге дейін - Республикалық ұлан қолбасшысының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы мамырдан бері. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 47 жыл (1967) бұрын ақын, публицист, журналист ҚАЛҚА Нұрлан Нұрахметұлы Асы жайлауында (Алматы облысы) дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бітірген. Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi. Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Астана-Бәйтерек» республикалық конкурсының жеңімпазы. 1990 - 1992 жылдары «Жетiсу» газетiнде тiлшi, 1992 - 1997 жылдары «Жас Алаш» газетiнде тiлшi, бөлiм редакторы, редакция алқасының мүшесi. 1997 - 2001 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары департаментi Мерзiмдi баспасөз бөлiмiнiң бас маманы. 2001 - 2008 жылдары ҚР Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Үкiметтiк ақпарат бөлiмiнiң консультанты, ҚР Премьер-Министрi баспасөз қызметiнiң консультанты, ҚР Премьер-Министрi баспасөз қызметi жедел-техникалық қамтамасыз ету секторының меңгерушiсi қызметтерін атқарды. 2008 - 2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, инспекторы. 2014 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі қызметінде. Елбасы Жарлықтарымен мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен наградталған. Ақынның «Аққу-жүрек», «Жыл - он екі ай», «Отыз бесінші шілде», «Мизам шуақ» атты жыр кітаптары, «Ұлттық журналистиканың саңлағы» атты зерттеулер, новеллалар, әңгімелер жинағы жарық көрген. Өлеңдер топтамалары «Қазақстан жас ақындарының антологиясы», «Қос iшек» жыр жинақтарына, әңгімесі «Арман қанатында» атты әңгімелер жинағына енген. Қаламгердің құрастыруымен «Сейтек сарыны», «Ырымдар және түс жору», «Астана - жыршуағым», «Бал бөбекке бәсіре» атты кітаптар жарық көрді.
91 жыл бұрын (1923-2008) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, КСРО халық әртісі ПУГОВКИН Михаил Иванович дүниеге келді.