13 шілде. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 13 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері күні
1992 жылы 13 шілде күні ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) құрылды. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесін - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және оның құрамына кіретін департаменттер мен өзге де құрылымдық бөлімшелер, ҰҚК облыстар бойынша, республикалық маңызы бар қала мен елордадағы аймақтық органдары, оларға бағынышты қалалық және аудандық басқармалар (бөлімдер, бөлімшелер), сондай-ақ әскери контрбарлау, ҰҚК-нің «Барлау» қызметі, ҰҚК-нің Шекара қызметі, арнайы мақсаттағы құрылымдар, ғылыми-зерттеу мекемелер және өзге де ұйымдар құрайды. Білім беру мекемелері - Алматыдағы ҰҚК академиясы және ҚР ҰҚК әскери институты. ҰҚК академиясының түлектері міндетті түрде шетел тілдерін меңгеріп, заңгер және шұғыл әрекет етуші мамандығын алып шығады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы осы күні ҚР Президентінің Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетін (ҰҚК) құру туралы Жарлығы шықты.
1995 жылы ҚР Президентінің «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы жарық көрді. Ол жарлыққа сәйкес, сәулетші Шота Уәлиханов басқаратын авторлар тобы әзірлеген жоба мақұлданды.
2001 жылы Алматыда Орталық Азиядағы Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) өкілдігі тіркелді.
2007 жылы Қарағандының бұрынғы Наркомхоз ғимаратына Қазақ КСР еңбек сіңірген шахтері, мемлекет қайраткері Файзолла Серғазинге арналған мемориалдық тақта орнатылды. Файзолла Серғазин (1910-1971) Мәскеу тау-кен институтын, Көмір өнеркәсіп академиясын бітірген соң, көп жылдар бойы Қарағандының көмір бассейнінде қызмет атқарды. Өндірісте қызмет атқарып, ғылыми жұмыспен айналысты. СССР екі орденімен, бес медалімен, СССР Жоғарғы Кеңесінің бес Құрмет грамотасымен, ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған.
2009 жылы ҚР Елшілігі Венгриядағы халықаралық Шығыс халықтары фестивалінің құрметті төрағасы болды.
2017 жылы Астанада ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінің залында «Алтын адамның» көшірмесі, Жамбыл Жабаевтың домбырасы мен жеке заттары, Балпық бидің дулығасы және өзге де ерекше экспонаттар қойылды. Көрме барысында экскурсия жетекшілері келген қонақтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде көрме жәдігерлерінің тарихы жайында айтты. Мәселен, XVIII ғасырда жекпе-жектерде Балпық би киген дулығасын оның ұрпақтары ұзақ уақыт бойы сақтап келіп, 1980 жылдардың аяғында музейге сыйға тартқан. Ал 1930 жылдары Өзбекстанның жас әрі талантты суретшісі жыр алыбы Жамбылға мулине жіптерінен өрілген ақынның жеке портретін тарту еткен.
2017 жылы әскери журналистердің алғашқы түлектері Абылай хан атындағы Қазақстан халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітіріп шықты. Бұрын Қазақстанда ондай мамандықтың өзі болған жоқ. Әскери журналистерді дайындау үшін 2015 жылы алғаш рет әскери кафедраға студенттер қабылданды. Оқу барысында студенттер экстремалды және әскери журналистиканың, халықаралық гуманитарлық құқық негіздерін меңгеріп, әскери терминология туралы мағлұмат алды.
2018 жылы Павлодар облысының Усоль шағын ауданында ұлттық музыка өнерінің көрнекті өкілі, белгілі композитор Майра Шамсутдинованың мүсіні қойылды. Қолында сырнай аспабын ұстаған Майра Шамсутдинованың мүсіні таза қоладан құйылған. Ескерткіштің биіктігі - 3,5 метр, ал салмағы - 270 кг. Туындының авторы белгілі мүсінші Азат Баярлин болды. Ал жобаға тапсырыс берген - Павлодардың құрметті азаматы Қуат Есімханов.
2020 жылы Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алудың жалпыұлттық аза тұту күнінде бүкіл елде үнсіздік минуты жарияланды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілдеде телеарналар арқылы үндеу жариялап, онда: «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын» деген болатын. 9 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу жалпыұлттық аза тұту күнін жариялау туралы» өкімге қол қойды.
2021 жылы тұңғыш рет швед тілінде қазақ жазушысы, драматург, тәуелсіз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының бірінші лауреаты, жиырмадан астам пьесаның авторы Дулат Исабековтың кітабы жарық көрді.
Кітапты швед тіліне академик, Нобель сыйлығының лауреаты Бенгт Самуэльсон, көптеген кітаптар мен ғылыми жұмыстардың авторы, Швед корольдік Ғылым академиясы мен американдық ғылым және өнер академиясының мүшесі аударған.
2021 жылы Ақмола облыстық Мәлік Ғабдуллин музейінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Алты алаштың Жамбылы» атты көшпелі көрме ашылды.
Іс-шараны өткізудің негізгі мақсаты-қазақтың көрнекті ақыны, халық ауыз әдебиетінің шебері Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпақ арасында Жамбыл Жабаевтың бай рухани мұрасын және фольклоршы, академик, қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді дәріптеу, жастарға патриоттық тәрбие беру. Көрмеге Жамбыл Жабаевтың жеке заттары, шапандары, домбырасы, кітаптары, суреттері мен портреттері қойылған 50-ден астам экспонат қойылды.
2022 жылы Талдықорған гарнизонының десанттық-шабуылдау бригадасында Совет Одағының батыры генерал-майор Иван Панфиловтың мүсіні ашылды. Іс-шараға Мәскеу облысы Волоколам қалалық округінің басшысы Михаил Сылка, Жетісу облысы мен Талдықорған қаласы әкімшілігінің өкілдері, әскери бөлім командирлері, Қарулы күштер мен Ауған соғысы ардагерлері қатысты.
2023 жылы Алматыда Александр Невский ескерткішінің салтанатты ашылуы болды. Ескерткіш Түрксіб аймағындағы оның атындағы собордың аумағында бой көтерді. Ескерткіштің авторы – ресейлік мүсінші Салават Щербаков. Ескерткіштің ашылуы Қазақстан православ шіркеуінің 20 жылдығына орайластырылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан православие шіркеуінің архипастырлары мен дін қызметкерлері, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломаттар, қоғам қайраткерлері, дәстүрлі конфессиялардың жетекшілері қатысты.