1,3 трлн теңгеден асатын 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылды – Кодекс жобасы
АСТАНА. KAZINFORM – Қолданыстағы 453 салық жеңілдігінің 128-і алынып тасталуы мүмкін. Мәжілісте Салық кодексінің жаңа редакциясын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осындай дерек келтірді.

- Біз салық жеңілдіктерін оңтайландырамыз. Салық декларацияларының деректері бойынша сомасы 3,4 трлн теңгені қамтитын 453 норма жеңілдік деп танылды. Бүгінгі таңда сомасы 1,3 трлн теңгеден асатын 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр, - деді вице-премьер.
Серік Жұманғарин Үкімет бұл мәселеде ашық жаңа жүйе құрып жатқанын еске салды.
- Біз салықтық жеңілдік туралы түсінік береміз. Жеңілдіктерді беру, ұзарту, қысқарту шарттарын белгілейміз. Жыл сайын олардың тиімділігіне мониторинг жүргізілетін болады, - деді ол.
Айта кету керек, Салық кодексінің жаңа редакциясында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегін 40 млн теңге деп белгілеу ұсынылып отыр.