13 жасар теннисші Заңғар Нұрланұлы Париждегі турнирдің финалисі атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Франция астанасы Париж қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe сериясы бойынша бірінші санаттағы турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, айтулы додаға әлемнің 30 елінен 160-тан астам жас ойыншы қатысты

Қазақстаннан жарыстың бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлымен бірге Даниэль Тазабеков, Дамир Жалғасбай, Сәтима Төреген және Ариана Гогулина бақ сынады.

Заңғар Нұрланұлы финалда тартысты матчта германиялық Нильс Макдональдқа есе жіберді – 6:7 (4:7), 4:6.

Заңғар финалға барар жолда алдымен франциялықтар Ариан Калитера мен Кипрен Шивалирді тізе бүктірді. Сосын италиялық Рафаэль Чиуэрнеллиді жолдан тайдырды. Ширек финалда мысырлық Эяд Мохаммед Шерифтан айласын асырды – 7:6 (7:3), 6:2. Жартылай финалда жарыстың 4-ракеткасы, франциялық Тимео Труфеллиді ойсырата жеңді – 6:1, 6:2.

Бұл турнирдің ерекшелігі, мұндағы бәсекелер атақты Roland Garros корттарында өтеді. Кезінде мұнда әр жылдары жасөспірім шағында Рафаэль Надаль, Гаэль Монфис, Стефанос Циципас, Карлос Алькарас және басқалар жеңімпаз атанған болатын.

Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ITF Juniors сериясы бойынша өткен бесінші санаттағы турнирде қарағандылық Виталий Зацепин тамаша өнер көрсетті.

Ол финалда корт иесі Ильгиз Камчибековті ұтты – 6:3, 6:1. Жұптық сында В.Зацепин Жакас Козбакпен бірге қазақстандықтар Олег Гусаков – Дархан Жақангерге жол берді – 7:6 (7:1), 1:6, 4:6.

Осында жұптық сында Анастасия Крымкова чемпион атанды. Ол қырғызстандық Владислава Андреевскаямен бірге Қарақат Қойлыбаева – Дарья Шубинаны бас жүлдесіз қалдырды – 6:1, 6:2.

Грузияда 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF жарысында алматылық Іңкәр Дүйсебай финалға дейін жетті.

Соңғы бәсекеде Іңкәр ұлыбританиялық Габи Паскаускаспен бірге түркиялықтар Ирем Кюрт – Дуру Сокеге есе жіберді – 6:1, 5:7, 11:13. Жекелей сында І.Дүйсебай жартылай финалда Натали Джаниден ұтылды – 3:6, 6:2, 5:7.

Тағы бір алматылық Роберт Каминский Германияда 12 жасқа дейінгілер арасында бірінші санаттағы Tennis Europe додасында жұптық сында озық шықты. Жекелей сында ол жартылай финалда ресейлік Александр Куницыннан жеңілді – 3:6, 3:6.

Осылайша, бұл жарыстар Қазақстанда Елена Рыбакинаның ізбасарлары өсіп келе жатқанын көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина барша жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар