14 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

14 қаңтар СЕЙСЕНБІ
Ескі Жаңа жыл.
Өзбекстанда Отан қорғаушылар күні. Тәуелсіз Өзбекстан өзінің қарулы күштерінің құрылған күніне арнап атап өтеді. Бұл мереке 1993 жылдың 29 желтоқсанындағы Республиканың Жоғарғы Кеңесi шешiмiмен қаңтардың 14-не бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 2 жыл бұрын (1992) Қызылорда педагогика институтына ежелгі түркілердің ұлы ақыны, әрі композиторы Қорқыт Ата есімі берілді.
20 жыл бұрын (1994) Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты құрылды.
1 6 жыл бұрын (1998) Беларусь астанасы Минск қаласының бір көшесіне жазушы Мұхтар Әуезовтың есімі берілді.
1 5 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы «Атамұра» баспасынан қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.
8 жыл бұрын (2006) Мәскеудің «Русский раритет» баспасы «Ғасырлар даналығы» сериясы аясында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың өлеңдер жинағын шығарды. Жинақты баспаға әдебиет зерттеушісі Сәуле Мансұрова дайындаған.
5 4 жыл бұрын (1960) Қазақстан КП ОК пленумында Д.А.Қонаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
5 жыл бұрын (2009) Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Иіркөл ауылында жаңа клуб пайдалануға берілді. Аудандық бюджеттен әлеуметтiк объектiнің құрылысына 6 млн. 500 мың теңге бөлінді. Клубта 200 орындық көрермен залы, кітапхана бар.
8 жыл бұрын (2006) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойды. Құжат төтенше жағдайдың құқықтық режимін жетілдіруге бағытталған.
6 жыл бұрын (2008) Өскеменде танымал қазақ жазушысы Медеу Сәрсекенің қатысуымен оның «Ебіней Бөкетов» атты кітабының таныстырылымы өтті. Онда кітаптың басты кейіпкері - Ебіней Арыстанұлы Бөкетов жайында қызықты әңгіме өрбіді.
6 жыл бұрын (2008) Алматыдағы қазақ тілінде оқытылатын №173 гимназияға қазақтың белгілі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың есімі берілді.
Мұстафа Шоқай 1889 жылғы желтоқсанның 25-інде Қызылорда облысы Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Мұстафа Шоқай - Алаш қозғалысы қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист.
6 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкінің арасындағы техникалық көмек туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
4 жыл бұрын (2010) «Тобыл» футбол клубы www.fc-tobol.kz адресі бойынша өзінің ресми сайтын ашты.
Клуб жанкүйерлері сайт форумында пікір алысып қана қоймай, клуб ойыншыларын туған күндерімен құттықтай алады. Сайт модераторлары әрбір құттықтаудың тиісті жеріне жеткізілетініне кепілдік беріп отыр.
Сайтта сондай-ақ онлайн-конференция жұмыс істейді. Ал команданың кезекті ойынын өткізіп алған немесе ойыннан алған әсерін қайта еске түсіргісі келген жанкүйерлер үшін бейне және фотогалерея орналастырылған.
4 жыл бұрын (2010) Алматыда үкіметтік емес ұйымдардың 2010 жылға арналған «Он екі: ойлар, жобалар, ҮЕҰ-лар, сүйкімді тұлғалар» деп аталатын алғашқы күнтізбесінің таныстырылымы болды.
Қабырғаға ілінетін күнтізбеге еліміздің үкіметтік емес ұйымдарының 12 танымал тұлғасы мен көшбасшылары енгізілген. Олардың қатарында «Астана - ҮЕҰ қолдау орталығы», Қазақстан дағдарыстық орталықтарының одақтары, «Таңсәрі» балалар театры және тағы да басқа ұйымдар мен орталықтар бар. Сонымен қатар басылымға ірі қоғамдық ұйымдардың мекен-жайлары мен сайттары енген.
Күнтізбе Қазақстан Жастар медиа одағының бастамашылығымен және «Колесо» идеялар үйінің қолдауымен жарық көрді.
4 жыл бұрын (2010) Алматы қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы №5-ші музыкалық мектебінің «Іскер» ұлдар хоры Испанияның Ллоред де Мар қаласында өткен би және музыка халықаралық фестивалінде Гран-при жүлдесінің иегерлері атанды. Арнайы сыйлықтармен ең үздік вокалдық жұмысы үшін Нури Ким және көрермендер көзайымы сыйлығымен Костя Данилов марапатталды.
«Іскер» хоры 1984 жылы құрылған. Оған 8 жастан 24 жасқа дейінгі балалар қатысады. Репертуарларында қазақ, орыс, батысеуропалық композиторлардың классикалық шығармалары, джаздық, сонымен қатар фольклорлық және бүгінгі заман музыкалары бар. Хор, әсіресе қазақтың халық музыкасын насихаттап келеді. 1997 жылдан бері «Іскер» Ресейдің «Юность планеты» деп аталатын халықаралық ұйымының мүшесі. Ал, 1999 жылдан Германияның «Интеркультур» және «Музыка Мюнди» халықаралық ұйымының мүшесі болып табылады.
4 жыл бұрын (2010) Алматыда 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет өтетін Паралимпиада ойындарына дайындық басталды.
Шараның мақсаты - жаңа спорт түрлерін дамыту, спорт арқылы зерделі қабілеттіліктері шектелген балалар мен ересектерді әлеуметтендіру, және қоғамның оларға деген қарым-қатынасын өзгерту, халықаралық бiрлестiктерде Қазақстанның мәртебесiн нығайту.
4 жыл бұрын (2010) Австрия астанасында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің инаугурациялық мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мәжіліске қатысушыларға үндеуі жария етілді.
Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт «Т» - «траст» (сенім), «традишин» (дәстүр), «транспаренси» (транспаренттік) және «толеранс» (төзімділік) болады.
Біріншісі бір-бірімізге деген бізге аса қажетті сенімді білдіреді.
Екіншісі ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарынан тұрады.
Үшіншісі - халықаралық қарым-қатынастарда «қосарланған стандарт» пен «жіктеу шектерінен» азат, барынша ашықтық пен транспаренттік. Қауіпсіздікке төнетін қауіп пен қатерлерді еңсеруде сындарлы ынтымақтастыққа ұмтылу.
Ал, төртіншісі - бүгінгі әлемде барған сайын маңызы артып отырған мәдениеттер және өркениеттер арасындағы диалогты нығайту жөніндегі жаһандық трендтің көрініс табуы.
2 жыл бұрын (2012) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Борис Эйфманға Қазақстан үшін шығармашылық мамандар даярлаудағы аса үздік еңбегі, Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді. Борис Эйфман - ресейлік хореограф, балетмейстер, Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық балет театрының көркемдік жетекшісі. 2 жыл бұрын (2012) Алматы қаласының барлық кітапханаларында Қазақстанның көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері, 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына арналған көрме өтті.
1 жыл бұрын (2013) алғаш рет қазақстандық пианиношы қыз Хадиша Оңалбаева Steinway Artist құрметті атағына ие болды
1 жыл бұрын (2013) Мемлекет басшысы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» ҚР Заңына қол қойды.
1 жыл бұрын (2013) қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін кітап жарыққа шықты. Бұл жинаққа ақын Сараның өлеңдері мен айтыстары, сонымен қатар өнерпаз қыздың өнері мен өмір жолын арқау еткен мақалалар, естелік әңгімелер, ақын өнеріне бас иген ақындардың өлең-жырлары топтастырылды.
ЕСІМДЕР
1 10 жыл бұрын (1904-1974) суретші, КСРО-ның халық суретшісі, Өзбекстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ТАҢСЫҚБАЕВ Орал дүниеге келді.
Ташкент қаласында туған. 1929 жылы Пенза көркемсурет училищесін бітірген. Қылқалам шеберінің алғашқы шығармашылық еңбегі - «Көш» картинасы композициялық тұтастығымен ерекшеленеді. Ал «Туған өлке», «Қарақұм СЭС-індегі таң» және «Шарбақ құрылыстарында» атты туындыларында өркендеген өндіріс пен өмір көрінісін реалистік нақтылықпен бейнелеген. «Іле өзенінің аңғарында», «Таудағы күз» пейзаждық суреттерінде Қазақстанның әсем табиғаты мен өлке тынысын сырлы да қанық бояумен өрнектеген. Таңсықбаев театр декорацияларын да безендірген. Суретшінің көптеген шығармалары Қазақстан Мемлекеттік өнер мұражайында, Өзбекстанның өнер мұражайында, Мәскеу қаласындағы Шығыс халықтары өнері мұражайында, Мәскеу қаласындағы бұрынғы КСРО Суретшілер одағы қорында сақтаулы.
Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1954) тарих ғылымының докторы, профессор СЫЗДЫҚОВ Сатай Мақсұтұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін және Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1995-2005 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Шығыстану факультетінің деканы. 2005 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих факультетінің деканы болған. Қазір аталмыш университеттің кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері көне түркі тайпаларының тарихына және «Алаш» партиясы қайраткерлерінің қызметіне арналған.
7 4 жыл бұрын (1940-1983) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖАЙСАҢБАЕВ Есболған Ботабайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы, Ақсу ауданында туған.
Қазақ драма театры жанындағы студияны, ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. 1960 жылы Қазақ драма театры әртістерінің негізгі құрамына қабылданды. Театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлі - З.Шашкиннің «Заман осылай басталады» спектакліндегі Покудин.
Жайсаңбаев көбінесе комедиялық бейнелер сомдауымен көрермендер ілтипатына бөленді. Оның таңдаулы рөлдері - Хасен, Серке (Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай» мен «Ой, жігіттер-ай»), Сейіт (Ш.Айтматов «Аңсаған менің әнімсің» және Ғ.Мүсірепов «Ақын трагедиясы»), Дәуіт (Б.Майлин «Майдан»), Жапал (М.Әуезов «Еңлік-Кебек»), Махмұт (Д.Файзи «Башмачки»).
Табиғатынан аңқау, адал да ақкөңіл жандардың күлкілі қылықтарын көңілге ұялар тартымдылықпен кескіндеу - Есболғанның актерлік болмысына тән қасиет.
1976 жылдан бастап бірнеше фильмге түсті.
4 9 жыл бұрын (1965) Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы ПИНЧУК Григорий Васильевич дүниеге келді.
Семей қаласында туған.
«Қайнар» университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған. Аталған қызметінде - 2012 жылдан.
8 8 жыл бұрын (1926-2001) домбырашы, сазгер, термеші, халық композиторы Қазанғаптың күйшілік дәстүрін жалғастырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері БАСЫҒАРАЕВ Бақыт Шаңбатырұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысының Арал ауданында туған. Гурьев политехникалық техникумын бітіріп, ұзақ жылдар бойы Бұхара-Орал газ құбырында еңбек еткен. 13 жасынан домбыра тартып, Қазанғаптың шәкірті Қадіралы Ержановтан күйлер үйреніп, күйлердің ойнау тәсілін ойдағыдай меңгерген. Ол Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Қазанғаптың, Динаның, Тәттімбеттің, Сүгірдің және басқа да күйшілердің 100-ден астам күйлерін, Әлиманың әнін, Батақтың Сарысының әндерін, Нұртуғанның термелерін, Сыр бойының мақамдарын орындаған. 80-ші жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияда домбырадан дәріс оқып, кейінірек, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінде домбыра сабағын жүргізді. Оның «Толқында», «Аманғосым, аман бол!» атты күйлері бар. Басығараевтың орындауындағы Қазанғаптың 16-ы күйі жазылған күйтабақ 1987 жылы Ташкентте жарық көрді.
«Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталып, «Түркістан және ұлы дала музыкасы» атты халықаралық фестивальдың бас жүлдесін алған.
5 8 жыл бұрын (1956-1996) жазушы СЫЗДЫҚ Мұрат дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Ол түрлі газет-журналдарда жауапты қызметтер атқарған. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігі Баспа ісі жөніндегі басқармасының бастығы болған.
«Күміс сақал арыстан», «Әйбат бала», «Күн шығып келеді», «Жылдың соңғы айы» атты кітаптары бар.
5 8 жыл бұрын (1956) Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары СҮЛЕЙМЕН Серік Кенжебекұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген, ғалым-агроном, экономист. Еңбек жолын Жымпиты ауданы «Бұлдырты» кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол 1979-1992 жылдары агроном, бас агроном, бас экономист, Жымпиты аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, бастығы қызметтерін атқарды. 1992-2005 жылдары Сырым ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Қаратөбе ауданының әкімі, облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы болды. 2005 жылдың қаңтарынан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментінің директоры қызметін атқарды. 2007 жылдың қыркүйегінен облыс әкімінің орынбасары.
3 6 жыл бұрын (1978) белгілі дінтанушы, ҚМБД Бас муфтиінің бірінші орынбасары, МӘМБЕТБАЕВ Қайрат Жолдыбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Райымбек ауданында Темірлік ауылында дүниеге келген. Бастауыш мектепті Темірлік ауылында оқыды. Алтыншы сыныптан бастап тоғызыншы сыныпқа дейін Алматы қаласындағы №4 мектеп интернатында білім алды. 1993 жылдың қазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жіберуімен Түркия республикасының Стамбул қаласында «Құран сауат ашу" курсында 1 жыл оқып қайтты. 1994 жылдың желтоқсан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Мысыр араб республикасына діни білімін тереңдетуге жіберілді. Мысырда Әл-Азхар университетінің әуелі «Сәнауи» институын, сосын «Ислам шариғаты» факультетін тәмамдап 2001 жылы елге оралды. 2001 -2004 жылдар аралығында «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті университетінде ұстаз болып жұмыс істеді. 2003 -2005 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің Дінтану бойынша магистратурасын тәмамдады. 2005 - 2006 жылдар аралығында имамдардың білімін жетілдіру иниститутында ұстаз қызметін атқарумен қатар «Алтын қалам» баспасында бас редактор болып жұмыс істеді. 2007 -2011 жылдар аралығында ҚМДБ-ның Үгіт-насихат және интернетппен жұмыс бөлімінің меңгерушісі. 2009 -2011 жылдар аралығында ҚМДБ-ның аппарат басшысы қызметін атқарды. 2011 -2013 жылдары Қайрат Жолдыбайұлы Астана қаласындағы Хазрет Сұлтан мешітінің бас имамы. 2011 жылдың 23 желтоқсаны күні Қайрат Жолдыбайұлы Бас муфтидің 1-ші орынбасары болып тағайындалды.
«Ислам ғылымхалы», «Ақиқат шуағы», «Күдікпен күрес», «Дін мен діл», «Имани гүлі» еңбектерінің авторы.
18 7 жыл бұрын (1827-1914) ресей географы, статистик, Орыс география қоғамының басшысы Петр СЕМЕНОВ-ТЯНЬ-ШАНСКИЙ дүниеге келді.
5 1 жыл бұрын (1963-2010) кеңестік және ресей театр және кино актрисасы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Анна САМОХИНА дүниеге келді.
66 жыл бұрын (1948-1981) атақты кеңестік хоккейші Валерий ХАРЛАМОВ дүниеге келді.
103 жыл бұрын (1911-1998) кеңестік жазушы РЫБАКОВ Анатолий Наумович дүниеге келді.