14 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 14 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1971) Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімі Бауыржан Қазыбекұлы ҚАСЕНОВ дүниеге келді.

Ақмола ауыл шаруашылығы институтын «Агроном» мамандығы бойынша, Томск мемлекеттік университетін «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1994-1996 «Ново-Троицкий» кеңшарының агроном-тұқымшысы, Ақтоғай ауданы асыл тұқымды совхозының бас агрономы, 1997-1999 жылдары «Агрономия» ҚСП басқарма төрағасы, 1999-2008 жылдары «Астық» ЖШС директоры, 2008-2015 жылдары Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2015-2016 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары, 2018-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2023-2024 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметінде 2024 жылдың желтоқсанынан бері.
49 жыл бұрын (1977) саясаттанушы, «Социологияның және саясаттың халықаралық институты» ҚҚ директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Марат Мақсұмұлы ШИБҰТОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетін бітірген.
Еңбек жолы: 2001-2004 жылдары «Қазекология» республикалық ғылыми-өндірістік және ақпараттық орталығы» ЖШС экологиялық жобаларды әзірлеу жөніндегі жоба менеджері, 2004-2012 жылдары «Қазақ қолданбалы экология агенттігі» ЖШС жобалардың бас менеджері болған.
2012 жылдан бастап «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ жетекші сарапшысы, 2019 жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы маусым айынан атқарып келеді.
44 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бейсенбай Дәулетұлы ТӘЖІБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясын журналистика мамандығы бойынша (2004), М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша (2014) бітірген.
Еңбек жолы: 2002-2005 жылдары «Шымкент келбеті», «Шымкент панорамасы» газеттерінің журналисі, 2005-2006 жылдары «Шымкент келбеті», «Шымкент панорамасы» газеттерінің редакторлық меңгерушісі, 2006-2007 жылдары «Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының редакторы, 2007-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметінің басшысы, 2008-2012 жылдары «Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры — бас редакторы, 2012-2016 жылдары «Айқын-Литер» ЖШС «Айқын» газетінің Астана қаласы бойынша тілшілер бюросының меңгерушісі, 2013-2016 жылдары «Елорда — Астана» журналдары» ЖШС редакциясының бас редакторы, 2016-2017 жылдары «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз хатшысы, 2017-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз хатшысының міндетін атқарушы, 2017-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы, 2018-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды. 2018 жылы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметінің басшысы — баспасөз хатшысы, 2018-2019 жылдары Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы, 2019-2022 жылдары «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылы «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының жауапты хатшысы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі болды. 2022-2025 жылдары Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
40 жыл бұрын (1986) Алматы қаласы прокурорының орынбасары Жандос Нарымбетұлы ӘБДІБАЕВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2009 жылы Алматы қаласы прокуратурасында түрлі лауазымда еңбек етті. Алматы қаласы прокуратурасының жедел-іздестіру, барлау қызметінің және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы, Алматы қаласы прокуратурасы аппаратының басшысы болды.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы тамыз айынан атқарып келеді.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
122 жыл бұрын (1904-1973) қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР халық суретшісі, Қазақ КСР-ің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан ҚАСТЕЕВ дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Алматы қаласында және Мәскеу қаласында көркемсурет студиясында оқыды.
1954-1956 жылдары Қазақ КСР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Оның алғашқы көрмеге қойылған туындылары — «Тігін үстінде», «Мектепке», «Автопортрет», «Көгілдір көйлекті қыз», «Қарындасымның портреті». Суретшінің «Ғ.Мұратбаев», «Абай», «Ж.Жабаев», «А.Иманов», «К.Әзірбаев» сияқты портреттік туындылары жоғары таным-талғамның үлгісі. Тарихи тақырыптағы «Түрксіб», «Амангелді сарбаздары», «Колхоз тойы», «Қалыңдық», т. б. көркем туындыларынан Қастеев қаламына тән қасиет — эпикалық ауқымдылық, ұлттық бояудың айқындығы көрінеді.
Суретші халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелеп, ұлттық дүниетаным аясында тың композициялық шешім таба білді.
Оның «Киіз үйдің ішкі көрінісі», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру» тағы басқа шығармалары ұлттық қазынамызға айналды.
Суреткер Қастеев қазақ халқының салт-дәстүрінің озығы мен тозығын ажыратып, кертартпа кемшіліктерді ашына бейнеледі. Мысалы, «Кедей мен бай құдық басында», «Құрғақшылық кезінде молданың жылу жинауы», «Қыз алып қашу» шығармалары осының дәлелі. Оның ұлтына, туған жерге, отанына сүйіспеншілігі шығармаларында шынайы көрініс тапты.
Қылқалам шебері сурет өрнектерінің сырлы бояуын, ұтымды қолданып, бейнелеу өнерінде мәдениет тарихының, республикалық қоғамдық өмірдің жылнамасын жасады. Абай мен Қастеев арасындағы нәзік байланыс дүниені эстетикалық-көркемдік тұрғыдан танудың, өнер өзектестігінің, рухани сабақтастықтың көрінісі. Абай тұлғасы Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды.
Ол Абайдың келбетін әр қырынан сомдады. Суретшінің қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» және «Бүркітші», «Қыс», «Жаз», «Көктем» атты шығармалары осыған дәлел.
Шымкент қаласындағы өнер училищесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер мұражайы Қастеевтің атымен аталады.
«Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.