14 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 14 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік логика күні
ЮНЕСКО философия және гуманитарлық ғылымдар мәселелері жөніндегі халықаралық кеңеспен бірлесіп, 2019 жылғы қарашада жариялады. Оның басты міндеті – пәнаралық ғылыми қоғамдастықтар мен қалың жұртшылықтың назарын зияткерлік тарихқа, логиканың тұжырымдамалық мәні мен практикалық қолданылуына аудару.
Дүниежүзілік логика күні 14 қаңтарда аталып өтеді. Өйткені бұл ХХ ғасырда логиканың дамуына ықпал еткен көрнекті математиктер мен логиктер Курт Гёдельдің қайтыс болған күні және Альфред Тарскийдің туған күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1935 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. 1938 жылы оған Жамбылдың есімі берілді. Филармонияның алғашқы көркемдік жетекшісі белгілі ғалым, композитор, қазақ музыкасы мен қазақтың халық әуендері туралы көптеген кітаптардың авторы Ахмет Жұбанов болды.
1992 жылы Қызылорда педагогика институтына ежелгі түркілердің ұлы ақыны әрі композиторы Қорқыт Ата есімі берілді.
1992 жылы КИМЭП университеті құрылды. Республикадағы нарықтық экономиканы дамыту үшін білікті жұмыс күшіне қажеттілік мақсатында құрылды. КИМЭП Университетi оқытушылық құрамы қазақстандық және шетелдік оқытушылардан тұрады, олардың көпшілігі өздерінің магистрлік және докторлық дәрежелерін Еуропа мен Солтүстік Американың жоғары оқу орындарынан алған.
1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне өзінің интеллектуалдық әлеуетін толық пайдалану мақсатында өзін-өзі басқаратын автономды мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесі беріліп, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталды.
1994 жылы президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві құрылды.
1998 жылы Беларусь астанасы Минск қаласының бір көшесіне жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.
2006 жылы Мәскеудің «Русский раритет» баспасы «Ғасырлар даналығы» сериясы аясында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың өлеңдер жинағын шығарды. Жинақты баспаға әдебиет зерттеушісі Сәуле Мансұрова дайындаған.
2013 жылы алғаш рет қазақстандық пианист қыз Хадиша Оңалбаева Steinway Artist құрметті атағына ие болды.
2017 жылы Қызылорда облысындағы Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдени ескерткіштері және Сауысқандық петроглифтері ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілді.
2017 жылы Астана – Көкшетау күре жолындағы жан түршігерлік апатта жанын пида етсе де, екі жасар баланы құтқарып қалған Құмарбек Жәкетайұлының туыстарына «Батыл жүрек» сыйлығы берілді. Марапат «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының аясында тағайындалды.
2018 жылы қазақстандық актриса, «Мұраға қалған махаббат» және «Саяхатшы» сияқты фильмдердегі рөлдері арқылы елге танылған Мөлдір Мекенбаева Біріккен Араб Әмірліктерінде бразилиялық джиу-джитсудан өткен Халықаралық Үлкен Дулыға жарысында алтын медальды жеңіп алды.
2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) ассамблеясы және Дүниежүзілік болашақ энергиясының саммиті (World Future Energy Summit) өтті. Ассамблеяның пленарлық бөлігіндегі отырыста Қазақстан Өкілеттікті тексеру жөніндегі комитеттің құрамына енді. IRENA-ның 9 мүш-мемлекетінен тұратын бұл комитет негізгі басқару органдарының бірі болып табылады.
2020 жылы Швейцарияда параллельді могулдан Еуропа кубогы жарысында қазақстандық Анастасия Городко алтын жүлдегер атанды.
2021 жылы Тракья (Түркия) университетінде «Абай бұрышы» ашылды. Онда қазақ ақыны Абайдың өмірі туралы айтылып, оның шығармалары қойылған.
2023 жылы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы арқылы сайлаушыларды тіркеуді және дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығаруды онлайн-байқау сервистері жұмысын бастады.