14 қараша. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 14 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
77 жыл бұрын (1947) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Қуаныш Айтаханұлы АЙТАХАНОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу мал дәрігерлік академиясын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
Еңбек жолы: 1965 жылы Қызылқұм аудандық ветеринариялық станциясында фельдшер, 1970-1973 жылдары Шымкент облысы Алғабас ауданы XXII съезі атындағы совхоздың бас мал дәрігері, 1973 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1973-1975 жылдары ЛКСМК Шымкент облыстық комитетінің екінші хатшысы, 1975-1977 жылдары Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1977-1983 жылдары Шардара аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1983-1987 жылдары Ленин аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1987-1988 жылдары Шымкент облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, 1988-1992 жылдары Арыс қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Арыс қалалық кеңесінің төрағасы, 1992-1993 жылдары Арыс қаласы әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды. 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі басшысының орынбасары, аппарат басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының әкімі болды. 1999-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әкімі, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімі, 2005 жылдан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық және өңірлік саясат жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, 2008 жылдан Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің хатшысы, 2014-2017 жылдары Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалануды басқару және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі.
2019 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстанның Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1964) Ақтөбе облысының прокуроры Халидулла Зиноллаұлы ДӘУЕШОВ дүниеге келді.
Атырау облысы Махамбет ауданында туған. 1991 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Прокуратура органдарындағы қызметін 1991 жылы бұрынғы Гурьев облысы Гурьев қалалық прокуратурасының тәлімгері болып бастаған. 1992-1994 жылдары Атырау қаласы прокурорының көмекшісі. 1994-1999 жылдары Атырау облыстық прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім аға прокуроры, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы. 1999-2002 жылдары ҚР Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты қадағалау бойынша департаментінің аға прокуроры, Арнайы прокурорлар және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің аға прокуроры. 2002-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының прокуроры, Атырау облысының Жылыой және Мақат ауданының және Атырау қаласының прокуроры. 2012-2016 жылдары Жамбыл және Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары. 2016-2019 жылдары Қызылорда облысының прокуроры қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары Атырау облысының прокуроры.
2022 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
41 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Сәкенұлы ҚУАНТЫРОВ дүниеге келді.
Гурьев (Атырау) қаласында туған. 2005-2006 жылдары Томск мемлекеттік университетін «Қаржы және кредит», «Лингвистика және мәдениет аралық коммуникация» мамандықтары бойынша тәмәмдаған. 2008-2010 жылдары Мичиган университетін «Қолданбалы экономика магистрі» дәрежесімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тәмамдаған. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
2005-2006 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ішкі әкімшілік департаменті, Халықаралық қатынастар департаментінің жетекші маманы ретінде қызмет атқарды. 2007 жылы Жапонияның Қаржы министрлігінде экономикалық саясат бойынша екі айлық тағылымдамадан өтті. 2006-2010 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің сарапшысы және ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі аталған департаментінің бас сарапшысы болып жұмыс істеген. 2010 жылы ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті Стратегиялық әзірлемелер басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2010-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Бюджет саясаты және жоспарлау департаменті, Бюджеттік жоспарлау және болжамдау департаменті директорының орынбасары болды. 2013 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары лауазымында болды. 2013-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары, Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде жұмыс атқарған. 2019-2021 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті кеңсесінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарды.
2024 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
41 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бақытұлы ОМАРБЕКОВ дүниеге келді.
Түркістан облысында туған. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы «Қазкоммерцбанк» АҚ менеджері қызметінен бастаған. 2006-2015 жылдары банк жүйесі мен коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеді. 2015 жылы ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасында басшылық қызметтер атқарды. 2015-2016 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, 2016-2018 жылдары - ОҚО Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2021 жылдары - Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары - ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
2022 жылдың наурыз айынан бастап ҚР Ұлттық экономика вице-министрі.
40 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Ринат Рифхатұлы ЗАЙЫТОВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған.
Семей қаласындағы М. Төлебаев атындағы колледжді драма актері мамандығы бойынша, Семей педагогикалық институтын қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі, Қазақ көлік университетін Бизнес және менеджмент магистрі.
2001 жылдан бері көптеген айтыстарға қатысып, жеңімпаз атанған, қазақ тіліндегі танымал әндер сөзінің авторы.
Еңбек жолы: 2001-2003 жылдары «Дариға-ай» жастар театрының актері, 2005-2008 жылдары Ш. Құдайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімінің маманы, 2008-2010 жылдары «Дариға-ай» жастар театрының көркемдік жетекшісі, 2017-2018 жылдары «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі, 2021-2023 жылдары «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры қызметін атқарды.
«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл», «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталған.