14 қараша. Жылнама

7 қыркүйек. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

Kazinform оқырман назарына 14 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2006 жылғы 20 желтоқсандағы арнайы қарарында жарияланған. 2007 жылдан бастап, жыл сайын 14 қараша күні аталып өтеді. Алғашқы рет Дүниежүзілік диабет күнін 1991 жылы IDF пен ДДСҰ өткізген. Оның мақсаты – дүние жүзін диабетке қарсы күреске жұмылдыру.

Халықаралық логопед күні

Тіл мүкістігі тек балаларда ғана емес, ересектерде де кездесуі мүмкін. Сол кезде көмекке логопедтер келеді. Олар кез келген жастағы науқастың дұрыс сөйлеуіне көмектесді. Бұл дүниежүзілік мереке адамдардың ешқандай кедергісіз сөйлесуіне септігін тигізіп, қуаныш сыйлап жүрген мамандарға арналған. Атаулы күннің мақсаты – тіл мүкістігін зерттейтін ғылымның бар екеніне халықты ақпараттандыру, арнайы оқыту арқылы ондай мүкістікті жоюға болатындығы туралы ақпараттарды кеңінен тарату.

Дүниежүзілік сапа күні

Жыл сайын қарашаның екінші бейсенбісінде аталып өтеді. Мұндай мерекені енгізу туралы ұсынысты Еуропалық сапа ұйымы жасап, БҰҰ қолдады. Мереке 1990 жылы бекітілді.

Мұндай датаны халықаралық іс-шаралар күнтізбесіне енгізудің мақсаты - әртүрлі елдердің әртүрлі компаниялары ұсынатын өнімдер мен қызметтердің сапасы мәселелеріне назар аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1944 жылы Грузин ССР-інен месхеттік түріктерді жер аудару басталды (күрдтер, хемшилдер және мұсылман мешхтері де жер аударылды). Месхет түріктері Қазақстанға, Қырғызстанға және Өзбекстанға мәжбүрлі түрде қоныс аударды. Жалпы 115,5 мың адам шығарылды. Жер аударылған месхет түріктері Орталық Азияның үш республикасының әртүрлі аймақтарындағы бөлек ауылдарға «арнайы қоныс аударушылар» ретінде (яғни, тұрғылықты жерін өзгерту құқығынсыз) таратылды.

2006 жылы Астанада АҚШ Елшілігі ғимаратының ресми ашылу салтанаты өтті.

2008 жылы Баку қаласында қазақстандық «ҚазМұнайГаз» бен «SOCAR» (Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы) компаниялары қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесін құру туралы келісімге қол қойды. Қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесіне ҚКТЖ) «Ескене-Құрық» мұнай құбырының құрылысы және Транскаспий жүйесін (Құрық-Баку) құру кіреді.

2011 жылы Қазақстанда республиканың тарихында алғаш рет «Кәсіпкерліктің ғаламдық апталығы» өтті. Апта бойы Қазақстандағы қозғалыс қатысушылары бизнесті дамыту проблемалары мен мәселелеріне назар аударды.

2012 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-сессиясының аясында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне сайлау өтіп, соның барысында Қазақстан Республикасы алғаш рет Кеңес мүшесі болып сайланды. Қазақстан кандидатурасы үшін 183 мемлекет дауыс берген.

2012 жылы Анкарада Қазақстан мен Түркияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығына арналған шаралар аясында Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының репертуарынан алынған Думан Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» драмасы түрік тілінде қойылды. Қазақстанның танымал режиссері, елге еңбегі сіңген қайраткері Болат Ұзақовтың қойылымында қазақтың ханы Кенесарының өмірі, қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрлері, этнографиясы, музыкасы, дүниетанымы терең ашылды. Актерлердің рөлдерін түрік тілінде шеберлікпен сомдауы көрермендердің үлкен қызығушылығына ие болды. Қойылымның мәтінін түрік тіліне Астанадағы Юнус Эмре Түрік мәдениетінің орталығы аударды.

2013 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен қамтамасыз ету шараларын жүргізетін Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі агенттік құрылды.

2018 жылы қазақстандық 120 бітімгер БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің құрамында қызмет ететін «БҰҰ көк дулыға» қатарына қосылды. Миссияның негізгі міндеті – Ливан-Израиль шекарасын бақылау және Ливанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау.

2019 жылы Мәскеуде Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың негізін қалаушы Ораз-Мұхаммед пен оның қызметі туралы «Қазіргі тарихтағы Ораз-Мұхаммед Онданұлының рөлі» атты халықаралық конференция өтті. Ораз-Мұхаммед – әйгілі сұлтан. Түркістанда туған. 16 жасында Мәскеуге кіріп, өзін көрші екі мемлекет арасындағы тату-тәтті, дипломатиялық қарым-қатынастардың негізін құрған мемлекет қайраткері ретінде және білікті әскери басшы ретінде нық дәлелдеді.

2019 жылы Астана қаласының әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының 700 әртісі «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқап, Абай шығармашылығына арналған челленджде рекорд жасады. Бұл ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған #Abai175 флешмоб аясындағы қатысушылар саны жағынан рекордтық көрсеткіш екенін атап өту керек.

2020 жылы «Қазақ киносының алтын қоры» сериясының «Атаманның ақыры» көркем фильміне 50 жыл» тақырыбындағы пошта маркасы айналымға шықты. Пошта маркасының номиналы – 300 теңге. Таралымы – 10 мың дана.

2021 жылы Ыстамбұлда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ТМЫК-ге мүше елдердің VIII саммитінің жұмысы шеңберінде Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілді.

2022 жылы Мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділерімен кездесу өткізді. Президент белсенді қазақстандық жастарды әрқашан қолдайтынын, мемлекетті терең жаңғырту, Әділетті Қазақстанды құру үшін реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбексүйгіштік қағидасын ұстануы маңызды. Қазір басқа заман, үлкен шешімдердің, серпілістердің уақыты. Мұны жастар болмаса, кім жасайды», - деді Мемлекет басшысы. Президент жастар өкілдерін толерантты және прогрессивті қоғам құру жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Оның ойынша, жас қазақстандықтар үнемі дамып, өз бетімен жұмыс істеп, тілдерді меңгеруі қажет.

2023 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебі (NU) ресми түрде MBA қауымдастығының (AMBA) және іскери Түлектер қауымдастығының (BGA) Халықаралық аккредитациясын алды.AMBA және BGA бірлескен аккредитациясы бүкіл әлем бойынша 300-ден аспайтын бизнес мектептеріне бағалаудың егжей-тегжейлі процесінен кейін беріледі. Аккредиттеуге бірінші рет түскен мектептер жазбаша есептер мен шетелдік делегацияның сапарын қамтитын төрт сатылы бағалау процесінен өтеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram