14 қазан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 14 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

7 мамыр. Жылнама
Коллаж: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік стандарттау күні

1946 жылғы 14 қазанда Лондонда стандарттау бойынша ұлттық ұйымдардың конференциясы өтті. Оған әлемнің 25 елінен өкілдер қатысып, Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты. Дүниежүзілік стандарттау күні 1970 жылы ISO президенті Фарук Сунтердің бастамасымен енді.

Дүниежүзілік тісжегісіз болашақ күні

2010 жылы тісжегінің кеңінен таралып бара жатқанына алаңдаған бір топ тіс дәрігері бірігіп, Тісжегісіз болашақ альянсын құрған болатын. Осы халықаралық коммерциялық емес ұйымның бастамасымен жыл сайын аталып өтеді. 2016 жылы Альянстың бастамасымен Дүниежүзілік тісжегісіз болашақ күні құрылды. Негізгі мақсат – тістің дұрыс күтімінің маңыздылығына халықтың назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Жамбыл облысы құрылды. Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан. Облыстың қазіргі әкімшілік орталығы – Тараз қаласы. Құрамына 10 аудан, 1 облыстық деңгейдегі, 3 аудандық деңгейдегі қала кіреді. Облыс түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптайтын, төсейтін және техникалық мақсаттағы тастарға, құрылыс материалдарына бай.

Облыста қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 5 мұрағат, кітапханалар, клубтар мен мәдениет үйлері бар. Тараз қаласының аумағында б.э.д. X-XI ғасырлардан сақталған Айша Бибі және Бабаджа қатын кесенелері, X-XIII ғасырлардан қалған Қарахан мен Дәуітбек сағаналары орналасқан.

1994 жылы Ақмоланың Революция көшесінде (қазіргі Астана қаласындағы Сейфуллин көшесі) ақын Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Шөлге айналумен күрес жөніндегі конвенциясына (БҰҰ ШКК) қол қойып, оны 1997 жылдың 7 шілдесінде бекітті.

2002 жылы Астана қаласында салтанатты жағдайда жаңа халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды.

2003 жылы Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Таңбалы шатқалында, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарабастау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4 шақырым және Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі ашылды.

2008 жылы Қазақстандағы алғашқы Астана - Щучинск автобанының алты жолақты қозғалысының ашылу салтанаты өтті. Астана - Щучинск автожолының ұзындығы – 224 километр, оның ішінде алты жолақты қозғалыспен – 215 км.

2011 жылы Қазақстанда 30 мемлекет өкілінің басын қосқан «Ядросыз әлем» халықаралық форумының аясында Бейбітшілік стеласы ашылды. 28 метрлік ескерткіш ядро сынақтарының құрбандарына арналған «Өлімнен де күштірек» монументі тұрған алаңға орнатылды.

2014 жылы Грекияда қазақтың қоғам қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллинге қатысты 1930 жылдардағы кезеңдегі латын әліпбиінде жазылған құжаттар табылды.

2016 жылы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде Қашаған кен орнынан шамамен 7 700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясын жөнелтті. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн текше метр тауарлық газ берілді.

2016 жылы Мысыр астанасында қазақтың ұлы ақыны, жазушысы және ағартушысы Абай ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бюст Каирдің ең әдемі орталық саябақтарының бірі – «Бостандық және Достық» саябағында орнатылған.

2017 жылы Атырауда атақты «ДосМұқасан» вокалдық-аспапты ансамбліне мүсін кешені орнатылды. Алты музыканттың өнер көрсетіп тұрған сәті бейнеленген композиция жаңа ретро-саябақта бой көтерді. Композицияның ашылу салтанатында «ДосМұқасан» тобы да өнер көрсетті.

2019 жылы Меруерт Камалиденова Үндістандағы жасөспірімдер арасындағы шахматтан Әлем чемпионатында алтын жеңіп алды. Қазақстан 14 жасқа дейінгі әйелдер санатында әлемнің 42 елінен келген 82 шахматшының арасында үздік атанды.

2020 жылы Португалияның ұлттық кітапханасында ұлы Абай Құнанбайұлының португал тіліндегі «Қара сөздерінің» тұсаукесері өтті. Қазақстандық дипломат Дәулет Батырашев Абайдың шығармашылығы туралы айтып, бұл кітапты португалдық оқырмандар кеңінен қабылдайды деп үміттенетінін білдірді.

2020 жылы PIK100FM радиосы Dimash Latvia Dears фан-клубымен бірлесіп қазан айын Латвиядағы Димаш айы деп жариялады.

2023 жылы Еуропалық авиациялық қауіпсіздік комиссиясымен кездесу өтті, онда Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе қатынасын кеңейту туралы «Көлденең келісім» жобасы талқыланды.

2023 жылы Доминикан Республикасында өткен Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) съезінде қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (19-0, 11 КО) Дүниежүзілік бокс ұйымының нұсқасы бойынша орта салмақтағы үздік боксшы танылды.

2024 жылы Қазақстан мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Энергетика министрлігі шикізат сатып алудан бастап дайын өнім өндіруге дейінгі барлық негізгі шараларды қамтитын «Жол картасын» ұсынды. Құжаттың мақсаты – саланы дамыту және жаңа жобаларды қолдау.

2024 жылы Қазақстанда «Беске дейін үлгер» («Успеть до пяти») мобильді қосымшасы іске қосылды. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына бала күтімі мен дамуы бойынша консультативтік қолдау алуға мүмкіндік береді. Қосымша маңызды тақырыптар бойынша қолжетімді мазмұнды ұсынады: денсаулық, тамақтану, ата-ана тәрбиесі, дағдыларды дамыту және балалармен қарым-қатынас. Қосымшадағы барлық материалдар олардың тиімділігі мен практикалық құндылығына кепілдік беретін нейробиологиялық зерттеулерге негізделген.

2024 жылы Армения президенті Ваагн Хачатурян Қазақстанға келді. Сапар барысында екі президент келіссөз жүргізіп, армян-қазақ ынтымақтастығын дамыту күн тәртібіне қатысты мәселелерді талқылады.

Соңғы жаңалықтар