11:30, 16 Ақпан 2016 | GMT +5
14 көлікті қиратқан трамвай жүргізушісі 9 айға көлік жүргізу құқығынан айрылды - Алматы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 14 көлікті қиратқан трамвай жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімшілік істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Г.Тұрсынованы ҚР ӘқК 610-бабы, 2-бөлімі бойынша айыпты деп тапты.
Іс материалдарына сәйкес былтыр КТ-4D трамвайын тізгіндеген айыпталушы Мақатаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында 14 көлікпен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан көліктер жаншылғанмен, адам денсаулығына зақым келмеген. Осыны есепке ала отырып, сот келіншекті 9 айға трамвай жүргізу құқығынан айыру туралы шешім шығарды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.