14 қыркүйек. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 14 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
None
None

null

ЕСІМДЕР

124 жыл бұрын (1894-1935) көрнекті қоғам қайраткері, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, аудармашы БАРЖАҚСИН Ахмет дүниеге келді.

Атбасар уезі Жезді болысында туған. Атбасар қаласындағы 2 сыныпты орыс-қазақ мектебін, мұғалімдер семинариясын (Омбы, 1918), Омбы ауыл шаруашылығы интернатын (1922), Мәскеу әдебиет интернатын (1926) бітірген. «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымын құруға атсалысқан. 1920 жылы Ақмола уездік ревкомы қазақ бөлімінің, 1921 жылы Ақмола губерниясының атқару комитетінің, 1923-1924 жылдары Қазақ тұтынушылар одағының төрағасы, 1925 жылы ОАК жанындағы Ұлт бюросының нұсқаушысы, Орталық тұтынушылар қоғамы одағының Берлиндегі өкілі, 1928 жылы Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы банкінің меңгерушісі болды.
1928 жылы желтоқсанда большевиктер партиясы қатарынан өз еркімен шықты. 1929 жылы сәуірде «партия беделін төкті», «троцкийшіл» деген айыппен қамауға алынып, Батыс Сібірге жер аударылды. 1933 жылы жазасын өтеп келіп, Омбы ауыл шаруашылығы интернатына оқытушы болып жұмысқа орналасты. 1934 жылы 15 наурызда ОГПУ үштігі  Баржақсинді екінші рет Батыс Сібірге 5 жылға жер аударып, 1935 жылы атылды. Әлеуметтік төңкерістер заманында өмір сүрген Баржақсин өзінің қысқа ғұмырында артына мол әдеби, ғылыми мұра қалдырды. Ол қазақтың 1710 мақал-мәтелін жинап, 1915 жылы тұңғыш рет «Мың бір мақал» кітабын қазақ, орыс тілдерінде шығарды. Оқу-ағарту мәселесі, әйел теңдігі жайлы мақалалары мен әңгімелері «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Үш жүз» газеттерінде, «Айқап» журналында басылды. Л.Н. Толстойдың әңгімелерін аударып, «Айқап»журналында, «Ертерек білсең жасырма» атты мақаласы Орыс географиялық қоғамының «Жазбаларында» (1916 жылы 28 тамызда) жарияланды. 1927 жылы «Елге шаруа кооперативі мен тұтыну кооперативінің қайсысы қолайлы?», «Тұтыну дүкенінің ісін қалай жүргізу керек?» деген кітапшалары жарық көрді. 1937 жылы Баспахана мен әдебиет ісі жөніндегі Бас басқарма Баржақсиннің «Мың бір мақал» деген кітабын халыққа зиянды кітаптар қатарына қосып, пайдаланудан шығарды. Баржақсин мұралары әлі толық зерттелмеген.


78 жыл
 бұрын (1940) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі СЕЙІТҚАСЫМОВ Ғабдығаппар Сағитұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1963-1969 жылдары - Қостанай облысының Жангелдин ауданының бас экономисі. 1969-1973 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылығы экономикалық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1973-1993 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылыми басшылық қызметте, 1993-1999 жылдары - Қазақ мемлекеттік басқару академиясының проректоры. 1999-2001 жылдары - Астана қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті бөлімшесінің директоры. 2001-2007 жылдары Қаржы және несие институтының ректоры қызметтерін атқарған.

Ғылыми жұмыстары ауыл шаруашылық экономикасы мен қаржы және банк ісі саласына бағытталған. Ол астық дайындаудың экономикалық тиімділігін анықтаудың жаңа көрсеткіштер жүйесін, астық өсіру, тасымалдау, дайындау, сақтаудың экономикалық кешенді зерттеудің ғылыми әдістерін жасады. 160-тан аса ғылыми еңбектің, оның ішінде оқу-әдістемелік құралдардың, 20 монография мен оқулықтардың авторы.

«Золотой Орел» орденімен, «Астанаға 10 жыл», Ыбырай Алтынсарин атындағы, Ахмет Байтұрсынов атындағы медальдармен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан зор еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.


72 жыл бұрын (1946) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор ӨМІРБЕКОВ Байтұрсын Есжанұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Ескелді ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Еңбек жолын аталмыш оқу ордасының оқытушысы болып бастаған. 1978-1993 жылдары Алматы театр және көркемсурет институтының проректоры болған. 1994-2007 жылдары - Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры. 2007-2009 жылдары - Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. 2009 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы болды.

Үш кітаптың, 2 альбомның, 50-ден аса баспа жұмыстың авторы.

54 жыл бұрын (1964) белгілі журналист ЖАНБОЛАТ Серікбек Мейрамбекұлы дүниеге келді.

Семей облысының Абай ауданында туған. Қарауыл селосындағы Абай атындағы орта мектептi 1981 жылы бiтiрiп, сол жылы аудандық «Совхоз туы» газетiнде тілші болып қызмет iстедi. 1989 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн тәмамдап, журналист мамандығын алып шықты. Сол жылы Қазақ республикалық телевизиясының «Жастар» бағдарламасы редакциясына редакторлық қызметке қабылданды.

1993 жылы «Мұрагер» шығармашылық бiрлестiгi бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Сол кездерi бұл бiрлестiк «Әншi балапан», «Сиқырлы қазан», елiмiздегi бiрiншi телерадиомарафон сияқты жобаларды дүниеге әкелдi. Ал Серiк Жанболат «Жiгiттiң сұлтаны», «Үкiлi үмiт», «Тайбурыл» ат спорты және «Қазақтың Қажымұқаны» сияқты тағы басқа да тележобалардың авторы және ұйымдастырушысы болды.

1996 жылы Қазақ теледидарын нарыққа бейiмдеу шарасы жасалып, «Бағдар» (түнгi ойын-сауық клубы) студиясы құрылды. Серiк Жанболат «Бағдар» студиясының бас редакторының орынбасары болып бекiтiлдi.

1997 жылы «Ақшам» ақпарат бағдарламасының редакторы, «Гала» ТВ студиясы НЭП бағдарламасының жүргiзушiсi әрi тілшісі қызметiн атқарды.

1998 жылы «Хабар» агенттiгiнiң «Сәлем, Қазақстан» таңғы ақпараттық-сауық бағдарламасының продюсерi қызметiне қабылданды. Сол жылы ақпараттық бағдарламалар дирекциясына жүргiзушi, продюсер, «Жетi күн» ақпараттық-сараптау бағдарламасының редакторы әрi жүргiзушiсi қызметтерiн атқарды. Республика Президентiнiң жұртшылықпен тiкелей эфирдегi екi сағаттық жүздесуiн жүргiздi.

2002 жылы үкiмет тапсырмасымен Семей өңiрiнде Абай, Мұхтар, Шәкәрiм мұраларын жинау экспедициясын ұйымдастырды.

2002-2003 жылдары «Қуат» холдинг компаниясының менеджерi болды.

2004 жылдың басында қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш рет күнделікті ақпарат таратататын «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетiнiң іргетасын қалап, жарыққа шығарды.

Сонымен қатар «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Көкпар» пікірталас бағдарламасын жүргізіп, еліміздегі өзекті мәселелерді қозғады.

2008 жылдың қазан айында «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газетінің редакциясын жасақтауға кірісіп, 2009 жылдың басында ақпарат айдынына шығарды. Серiк Жанболат ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистері академиясының академигі сияқты атақтарды иемденді.

Ол Алаштың біртуар тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы жайында талмай ізденіп бірнеше деректі фильмді жарыққа шығарды. Атап айтар болсақ, қазақтың ғұлама ақыны Шәкерім Құдайбергенов жайында 4 бөлімнен тұратын «Шәкәрім: Мен жау емеспін» деректі фильмінің, Халық ақыны Шәкер Әбенов (Мұхамед-Шүкір) туралы «Ғасыр жасаған ақын» деректі фильмінің, ақиық ақын Мұқағали Мақатевтың өмірі туралы «Мұқағалидың шындығы» деректі фильмінің, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы тарихи сәттер мен Елбасымыздың саясат сахнасындағы қайраткерлігі жөнінде түсірілген «Н.Ә.Назарбаев: Біздің таңдағанымыз біріншісі ...» деректі фильмінің, қазақтың батыр ұлы Мұстафа Өзтүрік жайындағы «Қазақтың қара баласы ...» деректі фильмінің авторы.

Ол саз әлемінде де өнімді еңбек еткен сазгер. Қазақ эстрадасының жұлдыздары оның көптеген әндерін орындап жүр.

36 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетінің төрағасы АСАУБАЕВ Әсет Асанұлы дүниеге келді.

Ол Шығыс Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, тарих, құқық және экономика негіздері оқытушысы (2003); Қазақ қатынас жолдары университетін, инженер-механик (2006) бітірген.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының автомобиль жолдарын бақылау бөлімінің жетекші маманы (2004-2005); ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының автомобиль жолдарын бақылау бөлімінің бас маманы (2005-2006); ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының автомобильдік тасымалдар және рұқсат ету жүйесін бақылау бөлімінің бастығы (2006-2007); ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының бастығы (2007-2008); ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль және темір жолдардағы бақылау басқармасының бастығы (2008-2009), ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің автомобиль көлігі мен автожолдарда бақылау басқармасының бастығы (06.2009-09.2009); ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің талдау жұмыстары басқармасының бастығы (2009-2010); ҚР ККМ Көлік бақылау комитеті төрағасының орынбасары (2010-2013); ҚР ККМ Көлік бақылау комитетінің төрағасы (2013-2014).

Қазіргі лауазымын 2014 жылдың қыркүйегінен бастап атқарып келеді.

53 жыл бұрын (1965) Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы МЕДВЕДЕВ Дмитрий Анатольевич дүниеге келді.

Ленинградта туған, отбасындағы жалғыз бала болды. Мектептен кейін Ленинград мемлекеттік университетінің заң факультетін және аспирантурасын бітірді. 1990-1997 жылдары Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметте болды. Сонымен қатар 1990-1995 жылдары Ленинград қалалық кеңесінің төрағасы Анатолий Собчактың көмекшісі, Санкт-Петербург мэриясының сыртқы байланыстар комитетінің сарапшысы болды. 1997-1998  жылдары «Илим Палп Интерпрайз» корпорациясының құқықтық қызмет басшысы болып жұмыс істеді. 1999 жылы РФ Үкіметінің аппараты жетекшісінің орынбасары, ал 1999-200 жылдары Б.Н.Ельцин кеткеннен кейін Ресей Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары болды, В.В.Путиннің сайлауалды штабын басқарды. 2000 жылғы маусымда президенттік сайлаудағы В.В.Путиннің жеңісінен кейін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тұрды. 2000-2001 жылдары - «Газпром» ААҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, 2002 маусымнан 2008 жылғы мамыр айына дейін - «Газпром» ААҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2003 жылғы қазаннан 2005 жылғы қарашаға дейін - Ресей Президенті Әкімшілігінің басшысы. 2003 жылғы 12 қарашада - РФ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, ал 2004 жылғы сәуірде Ресей Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі мәртебесіне ие болды. 2005-2008 жылдары Ресей Президенті жанындағы ұлттық басымдықты жобалар мен демографиялық саясатты жүзеге асыру жөніндегі кеңестің бірінші орынбасары. 2005 жылдан РФ Үкіметі төрағасының орынбасары. 2006-2008 жылдары Ұлттық басымдықты жобалар жөніндегі кеңес төралқасының төрағасы. 2008 жылғы 2 наурызда Ресей Президенті болып сайланып, бұл қызметті 2012 жылғы 7 мамырға дейін атқарды. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы 8 мамырдан бері.

Соңғы жаңалықтар