14 мыңнан 24 мың теңгеге дейін: Қазақстанда бір асым ет дайындауға қанша қажет
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда мерекелік дастарханның бәрінде міндетті түрде ет болады. Kazinform агенттігінің тілшісі әр қала тұрғындары ет асуға қанша ақша жұмсайтынын білді.
Ет - ұлттық тағам және қазақ дастарханының сәні. Ет асу кезінде адамдар түрлі әдіс-тәсілді қолданғанымен, оның негізгі құрамы ешқашан өзгерген емес. Ол: ет, қамыр, пияз және дәмді сорпа.
Мәселен, еліміздің солтүстігінде жылқы еті мен қазысын салып, оған картоп қосқанды ұнатады. Ал еліміздің батысында ет орнына балық қолданып, фишбармақ деп атайды. Оңтүстік өңірлерде ет асқан кезде тұздыққа пияз қосып қана қоймай, сәбіз бен картопты қоса пісіреді. Шығыс Қазақстанда қаздың немесе басқа үй құстарының етін де қосады. Яғни адамдар етке өз қалауынша көкөніс қосады.
Бірі тек жылқы етін жесе, тағы бірі еттің бірнеше түрін қатар асады. Қамырын жұқа етіп жайса, кейбірі қалың болғанын қалайды. Көбі жылқы еті мен қазы асқанды жөн көреді.
Ет асу аса қиын емес. Ең қымбаты - ет. Шығын да тек ет бағасына қарай өзгереді. Оған қазы мен сүр ет қосса шығын да өседі. Сонымен бірге шығын қанша адамды қонаққа шақырғаныңызға қарай өзгере береді.
Ұлттық тағамды 6-8 адамға арнап дайындау үшін жылқы етін, сүр ет, қазы қосамыз.
Ұлттық тағамның құрамы:
- Қазы - 1 дана (шамамен 1–1,2 кг)
- жылқы еті — 1,5 кг
- жылқының сүр еті — 1 кг
- ұн — 1 кг
- жұмыртқа — 3-4 дана.
- пияз — 4–5 дана
- су - 5–6 литр
- тұз — 1 ас қасық және қара бұрыш.
Сонымен бірге қазір етке картоп қосады. Шамамен 1 келі картоп жеткілікті.
Егер қажетті азық-түлік өнімдерінің әр өңірдегі бағасын есептеп қоссақ, ет асуға кететін шығынның орта есебі шығады. Ең төмен шығын Алматы қаласында анықталды. Мұнда ет асуға кем дегенде 14 011 теңге жұмсайды. Қызылордада — 14 155 теңге және Семейде
— 14 566 теңге. Себебі бұл қалаларда жылқы еті, сүт ет және қазы бағасы өзгеге қарағанда төмен. Мәселен Алматыда балғын жылқы етінің бағасы - 3 399 тг/кг, сүт ет — 5 000 тг/кг, қазы — 4 500 тг/кг және одан жоғары. Қызылордада жылқы етінің бағасы — 3 400 тг/кг, сүр ет — 4 200 тг/кг және қазы — 4 100 тг/кг. Семейде балғын жылқы етінің бағасы 2 600 тг/кг, сүр ет мен қазы — 5 000 тг/кг.
Өскеменде ет асуға кем дегенде 15 330 тг, Астанада 15 369 тг, Ақтауда 15 418 тг, Атырауда 15 679 тг және Талдықорғанда 15 814 тг керек. Бұл қалаларда жылқы етінің келісі 3 500 теңгеден басталып, 4 000 теңгеге жетеді. Ал сүр ет пен қазының келісі шамамен 5 000 тенге болады. Талдықорғанда баға сәл өзгеше. Жылқы етінің бағасы 3 500 — 4 500 тг, қазы — 3 500 тг және сүр ет — 6 500 тг.
Еліміз бойынша 6-8 адамға арнап ет асу бағасы Қарағанды (16 302 тг), Жезқазған (16 550 тг), Түркістан (16 555 тг), Петропавл (16 700 тг), Павлодар (17 252 тг) мен Оралда (17 920 тг) шамамен 16 000 — 17 000 теңге аралығында болады. Ал Ақтөбе (19 024 тг) мен Көкшетауда (19 122 тг) шамамен 20 000 тг жұмсалады. Көкшетауда жылқы етінің бағасы 3800 теңге болғанымен сүр етті 7500 теңгеге сатып алады.
Таразда ет асуға шамамен 21 052 теңге қажет. Мұнда жылқы етінің келісі 4 800-5 500 тг, қазы 5 500-6 000 тг, ал сүр ет 7500 тг. Қостанайлықтар 6-8 адамға арнап ет асса 22 672 теңге қажет. Мұнда қазының келісі 9 000 теңгеге дейін барады. Ал ет асу шымкенттіктерге қымбатқа түседі. Шамамен 24 135 теңге қажет. Мұнда жылқы етінің ең төмен бағасы 5 500 теңге болып тұр.
Бұған дейін қазақстандықтардың қияр мен қызанақ тұздауға қанша жұмсайтыны туралы жазылды.