14 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
14 НАУРЫЗ, ЖҰМА Халықаралық өзен, су және өмір үшін бөгеттерге қарсы күрес күні. 1997 жылы наурызда Бразилияның Куритиба қаласында ірі бөгет құрылыстарын салуға қарсы бағытталған бірінші Халықаралық конференция өтті. Конференцияның шешімімен наурыздың 14-і Өзен, Су және Өмірді қорғау үшін бөгеттермен күрес күні деп бекітіліп, жыл сайын атап өтілетін болды. Андорра Княздігінің Конституция күні. Андорра - оңтүстік-батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Астанасы - Андорра-ла Велья қаласы. 1278 жылдан бері Урхель епископы мен Француз президентінің тарихи қалыптасқан қос басшылығы сақталған. Халықаралық Пи санының мейрамы (бұл халықаралық мейрам 22 шілдеде де аталып өтіледі). Пи саны - шеңбер ұзындығының байланысын диаметр ұзындығына білдіретін математикалық константа. Пи-дің сандық мағынасы 3,141592 деп басталады және шексіз математикалық жалғасы бар. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 93 жыл бұрын (1921) Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті Верный қаласының атауын Алматы деп өзгерту туралы декрет қабылдады. 34 жыл бұрын (1980) «Қазақстан пионері» газеті және «Партийная жизнь Казахстана» атты журналы «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды. 20 жыл бұрын (1994) Қазақ мемлекеттік заң институты құрылды. 1996 жылы қарашада Қазақ мемлекеттік заң университетіне, ал 2000 жылы ақпанда Мемлекет және құқық институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік заң академиясына айналды. 2001 жылы қазанда Қазақ гуманитарлық заң университеті болып қайта құрылды. 8 жыл бұрын (2006) Лондонда Қазақстанның алғашқы инаугурациялық инвестициялық саммиті өтті. Саммитті Американың Қазақстандағы сауда палатасының қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі Британияның Adam Smith Cоnferences компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған. Саммиттің мақсаты - халықаралық ресми және іскер топтарға дамудың басым кластерлерін қоса алғандағы ҚР экономикасының барлық шешуші секторларындағы Қазақстанның жоспарларымен, міндеттерімен, даму стратегиясы және серпінімен танысуға мүмкіндік туғызу. 9 жыл бұрын (2005) Ресейдің Түмен қаласында наурыздың 14-сі мен 22-сі аралығында Қазақ өнерінің күндері өтті. Облыстық ұлттар үйінде бір апта ішінде түмендіктер қазақ мәдениетімен және тұрмыс тіршілігімен танысты, қазақстандық кинематографистерінің фильмдерiн көрді және ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Сонымен бiрге, бұл күндері әр түрлi жарыстар, қолданбалы өнердiң көрмесi, тұрмысқа қажет заттармен, фотокөрмелер ұйымдастырылды. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың елшісі Джон Ордвэй Атырауда американ мәдениетінің орталығын ашты. Бұл американдық түрдегі кiшкентай кiтапхана пайдаланушыларға АҚШ-тың тарихы, географиясы, саясаты, табиғаты, мәдениеті мен білімі туралы видеомәлімет, американдық энциклопедиялар, сөздіктер, деректі және көркем фильмдер, көптеген басқа да анықтама материалдарын, кітаптар ұсынады. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда зерттеушi, мәдениеттанушы Серiкбол Қондыбайдың рухына арналған алғашқы рет «Қондыбай оқулары» болып өтті. Серікбол Қондыбай (1968-2004) - мәдениеттану, тарих, лингвистика және мифология саласында өзінің жаңа тұжырымдамаларын енгізген ғалым. Оның өзіндік көзқарастары «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», 4 томдық «Арғы қазақ мифологиясы», «Қазақ даласы және герман тәңірлері» және «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» сынды онға жуық кітаптарында орын алған. Сондай-ақ 90-нан астам ғылыми мақаланың авторы. «Қондыбай оқуларында» Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры Мұрат Әуезов, тарихшылар, философтар, мәдениеттанушылар Едіге Тұрсынов, Таласбек Әсемқұлов, Қанат Қабдырахманов, Зира Наурызбаева және басқа да қазақ халқының мәдени мұрасын зерттеушілер сөз сөйледі. 6 жыл бұрын (2008) Алматыда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық инновациялық қордың және Қазақстан Республикасы Ақпарат және байланыс агенттігінің қолдауымен жасалған Futurtech ХАТИ Ақпараттық технологияларды жалпыхалықтық оқыту әлеуметтік жоспарлы бағдарламасының (IT ағарту) тұсаукесері өтті. Бағдарлама халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына қолдау көрсетуге бағытталған. Ол мұқтаж азаматтардың компьютерлік сауатын жетілдіруіне мүмкіндік туғызып, олардың жұмыспен қамтылуына, лайықты өмір сүруіне жәрдемдесе алады. Барлық ағарту бағдарламаларының басты мақсаты - Қазақстанда IT ағарту деңгейін көтеру, әлеуметтік қорғалмаған азаматтардың ақпараттық технологияларға қолын жеткізу, IT мамандардың білімін халықаралық стандарттармен сәйкестендіру болып табылады. 6 жыл бұрын (2008) Қазақстанда қор нарығын дамыту бағытында тұңғыш рет ұлттық «Биржа» ойыны өткізілді. Жобаны Алматы қаржы орталығы қызметін реттеу мен қадағалау агенттігі (АҚОҚРА) ұйымдастырды. ойынның мақсаты - қазақстандықтардың назарын қор нарығына аудару, тұрғындардың қаржылық білімін жетілдіру. Ойын ережесі бойынша кез-келген қазақстандық интернет арқылы арнайы сайтқа тіркеліп, содан соң оның есепшотына 50 000 АҚШ доллары көлемінде виртуалды ақша аударады. Бұл ақшаны «алушы» ТМД елдерінің және ресми листингі алынбаған қазақстандық 9 компанияның Лондон қор биржасында сақтауда тұрған акцияларын сатып алуы керек. Кездейсоқ таңдау арқылы, қор нарығы ережелері бойынша ойыншылар анықталады. 8 апта бойы өтетін ойынның жеңімпаздары 25 мың, 10 мың, 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйлық алады. ЕСІМДЕР 98 жыл бұрын (1916-1996) әнші (тенор), Қазақстанның халық әртісі АБДУЛЛИН Мүсілім Мүкімұлы дүниеге келді. Өскемен қаласында туған. Алматы музыка техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясын бітірген. 1939-1965 жылдары - Абай атындағы опера және балет театрының әнші-солисі. 1965 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінің көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған. Ол «Қыз Жібек» операсында Төлеген, «Ер Тарғында» Балпан, «Жалбырда» Қайрақбай, «Евгений Онегинде» Ленский, «Абайда» Әзім, «Біржан мен Сара» Серік, «Демон» Синодала, «Даиси» Малхаза, «Амангелді» Зілқара, «Қамар сұлу» Тұяқбай, «Золотые горы» Сапар т.б. опералық партияларды орындады. М.Абдуллиннің репертуарында қазақтың халық әндері, орыс классикалық шығармалары, қазақ композиторларының әндері, романстар, дуэттер т.б бар. 97 жыл бұрын (1916-1988) әнші (баритон), Қазақстанның халық әртісі АБДУЛЛИН Ришат Мүкімұлы дүниеге келді. Өскемен қаласында туған. Алматы музыка техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясын бітірген. 1939-1965 жылдары - Абай атындағы опера және балет театрының әнші-солисі. Ол Абай «Абай», «Ер Тарғын» Тарғын, «Дударай» Думан, «Евгений Онегин» Онегин, «Травиата» Жермон, «Даиси» Киазо, «Назугум» Гульмат, т.б. операларда басты партияларды орындап, кейіпкерлердің образын жасады. Оның репертуарында қазақтың жүздеген әндерінен басқа орыс, татар, т.б. туысқан халықтардың әндері бар. Еңбек Қызыл Ту, Қазан революциясы ордендерімен марапатталған. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 89 жыл бұрын (1925-1992) журналист, аудармашы ЖАНТИКИН Мифтах Қуанышқалиұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында туған. Уфа жаяу әскер училищесін, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдары 4-оқу бригадасының 138-мергендер полкінің құрамында Украина, Молдова, Польша жерлерін азат етуге қатысқан. «Жаңа жол» аудандық газетінің жауапты хатшысы, редакторы, Батыс Қазақстан облыстық «Екпінді құрылыс» («Орал өңірі») газетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінде, Алматы облыстық «Үгітші блокноты» журналының редакциясында, Қазақ мемлекеттік баспасында, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, Қазақ радиосында, Қазақ КСР үкіметі қаулылары жинағының бас редакторы қызметтерін атқарған. «Жауынгерлік даңқ» кітабының авторы. П.Мальковтің «Москва Кремлі комендантының жазбалары», Ф.Селивановтың «Панфиловшыларын» қазақ тіліне аударған. 3-дәрежелі Даңқ, Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928-2004) балалар жазушысы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ТОЛЫБАЙ Құрманбай Игілікұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Халық хабаршысы», «Жаңа жол» газеттерінің редакторы, «Балдырған» журналы, «Ұлан», «Шалқар» газеттері редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Оның «Ай күледі», «Дән», «Шынар», «Балбөбек» атты жыр кітаптары, өлеңдер мен дастандары, сондай-ақ «Қайдасың, досым», «Шырын», «Өжеттер», «Күн бөбегі», «Шапақ», «Алматым менің», «Тамшылар», т.б. әңгіме, повестері, «Нар идірген», «Әсет» роман-новелласы, «Бабадан қалған бар байлық» атты этнографиялық-танымдық әңгімелер кітабы жарық көрген. Жазушының бірқатар өлеңдері мен әңгімелері орыс, қырғыз, өзбек, түрікмен, татар тілдеріне аударылған. 86 жыл бұрын (1928-1982) ақын ӘЛІМҚҰЛОВ Нұрсұлтан дүниеге келді. Алматы облысының Қаскелең қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы республикалық, облыстық газет редакцияларында, Қазақ радиосында, баспаларда қызмет істеген. 1957 жылдан бірыңғай шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол халыққа кең тараған тамаша ән мәтіндерінің авторы, осы тақырыпта жарияланған түрлі бәйгелердің бірнеше дүркін жүлдегері болған. Ақынға «Оңтүстікте ақ мақта» әнінің сөзі үшін республикалық Жамбыл атындағы сыйлық берілген. «Барабаншы қоян», «Баспалдақтар», «Таң самалы» атты жыр жинақтары жарық көрген. 79 жыл бұрын (1935) прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты ЫСҚАҚ Қалихан дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино жанындағы режиссерлер мен сценаристердің жоғары курсын бітірген. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Халық конгрессі» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарында бөлім меңгерушісі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесші, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Күреңсе», «Қоңыр күз еді» повестер жинағы, «Березовая роща», «Кедры высокие» жинақтары, «Тұйық», «Қара орма», «Ақсу - Жер жаннаты» романдары, «Жарық дүние» пьесалар жинағы жарық көрген. Оның «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней - Ұлпан», «Жан қимақ», «Сабатажж!», «Қылкөпір», «Мазар», «Революция сарбазы», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Апатай», «Жәке-жәкетай», «Сайқының тұқымдары» атты жиырмаға жуық пьесасы республикалық, облыстық драма театрларының репертуарларына енді. Бүкілодақтық экранға шыққан «Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты толықметражды фильмдердің сценарийларын жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы Қатон Қарағай ауданының Құрметті азаматы. 70 жыл бұрын (1944) диктор, тележурналист, КСРО телерадиосының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты ӨТЕБАЕВ Тыныс Шындәулетұлы дүниеге келді. Ташкент облысының Жоғарғы Шыршық ауданында туған. Ташкент электромеханика техникумын, Ташкенттегі Орыс тілі және әдебиеті институтын бітірген. Еңбек жолын Ташкент трактор жасау зауытында техник-электрик болып бастаған. 1967 жылы Өзбек радиосында диктор болып, тұңғыш қазақ бағдарламасы «Замандасты» ашуға ат салысты. 1971 жылдан «Қазақстан» телерадио комитетінің дикторы, бас редакторы, директоры, комитет төрағасының 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. 31 жыл бұрын (1983) боксшы, еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы, 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері АРТАЕВ Бақтияр дүниеге келді. Тараз қаласында туған. Бокспен 10 жасынан айналысқан. Жаттықтырушысы - Н.Ақүрпеков. 1998 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алған. 2004 жылы Грекияда өткен Олимпиада ойындарында ширек финалда Олимпиялық ойындардың екі дүркін чемпионы ресейлік Олег Саитовтан үстем шыққан Бақтияр Артаев финалда Кубаның екі дүркін әлем чемпионы Лоренцо Арагонды жеңіп, алтыннан алқа таққан. 2005 жылы Қытайда өткен ересектер арасында бокстан Дүние жүзі чемпионатының қола жүлдегері, 2006 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған. 1-ші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. 135 жыл бұрын (1879-1955) физик-теоретик, қазіргі физиканың негізін салушылардың бірі, Нобель сыйлығының иегері, КСРО Ғылым академиясының құрметті мүшесі ЭЙНШТЕЙН Алберт дүниеге келді. Германияның Ульм қаласында туған. Цюрихтегі политехникумды бітірген. 1902-1909 жылдары орта мектепте мұғалім, патент бюросында эксперт болып қызмет атқарды. 1909-1913 жылдары Цюрих университетінде, Прагадағы Неміс университетінде, Цюрихтегі политехникумда профессор болды. 1913-1933 жылдары Пруссия Ғылым академиясына сайланғаннан кейін Берлинде тұрды. 1933 жылдан өмірінің соңына дейін Америка Құрама Штаттарының Пристондағы Іргелі зерттеулер институтының профессоры болып жұмыс атқарды. Эйнштейннің ғылымдағы басты еңбегі - салыстырмалық теориясы. Бұл теорияның жасалу нәтижесінде кеңістіктің, уақыттың және тартылыстың жаңа қасиеттері ашылды. Олардың бір-бірімен байланыста болатындығы дәлелденді. Салыстырмалық теориясы жарық жылдамдығына жуық жылдамдылықпен қозғалатын нысандар мен күшті тартылыс өрісінде өтетін процестерді зерттеу үшін қолданылатын теориялық негіз болды. Эйнштейн жарықтың кванттық теориясы, кездейсоқ процестер теориясы, магнетизм тағы басқа салалар бойынша да маңызды жаңалықтар ашып, зерттеулер жүргізді. Эйнштейннің салыстырмалылық теориясының тұжырымдарын сол кезде кейбір ғалымдар мойындамағанымен, қазіргі кезде ол жалпы жұртшылық мойындаған ілімге айналды.