14 орманшының барлығы өлі табылғаны туралы ақпарат жалған – Абай облысы әкімдігі

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының әкімдігі Семей орманындағы өртті сөндіру кезінде жоғалып кеткен 14 маманның барлығы қаза болды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өрт кезінде жоғалып кеткен орманшылықтың барлық 14 қызметкері өлі табылды деген ақпарат тарала бастады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі растаған ресми деректерге сәйкес, орман шаруашылығында қаза тапқан үш қызметкер ғана табылды. Тек ресми ақпарат көздеріне сенуіңізді сұраймыз», - делінген әкімдік мәліметінде.

Еске салайық, бүгін Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 14 маманмен байланыс үзілген болатын. Кейін 3 қызметкердің қаза тапқаны анықталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеп, көз жұмған орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

«Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын.

Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.

Осыған байланысты бүгін Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.


Соңғы жаңалықтар