14 тамыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 14 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

14 тамыз. Жылнама
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы Ташкентте Орталық Азия республикаларының — Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша өңірдегі жағдайдың нашарлауы, халық шаруашылығының барлық саласындағы дағдарыс, әлеуметтік жағдай мен ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі бойынша коммюнике қабылданды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Гана Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Гана — Қазақстанның Батыс Африкадағы маңызды серіктесі, ҚР үкіметі екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға күш салып келеді.

2004 жылы қазақстандық жас режиссер Гүлшад Омарованың «Шиза» фильмі Ресей прокатына шықты. Ресейлік режиссер Сергей Бодров осы картинаның сценарийін жазысты. Фильмде жасырын төбелес додасын ұйымдастыратын қылмыстық топқа мүше бозбала туралы сөз болады. Фильмді Еуропа жұрты да жылы қарсы алды. «Шиза» 57-ші Канн фестивалінде көрермендердің алғысын алды.

2005 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз астанасындағы Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашты. Елбасы Қырғызстанда Қазақстан Республикасының елшілігін ашу туралы Жарлыққа 1993 жылғы 9 қаңтарда қол қойған болатын.

2007 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің «Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлығы шықты.

2009 жылы Үндістанның Дж. Неру атындағы университетінде қоғамдық, аналитикалық және студенттік ортаның және жергілікті БАҚ-тың қатысуымен «Заманауи Қазақстан: алға бағытталған жол» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті. Кітапта Қазақстанның жетекші сарапшыларының еліміздегі әлеуметтік-саяси және экономикалық процестер туралы мақалалары және Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарының дамуы жөнінде жазылған.

2012 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық білім кафедрасының 2-курс студенті Роза Мұқатаева Италияның Римини қаласында өткен жас эстрада әншілері фестивалінде «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша 1-орынды жеңіп алды. Ол фестивальда «Карузоға арнау» әнін итальян тілінде орындап, көптің көңілінен шықты.

2013 жылы Қазақстанда Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығы ашылды. Оқу орталығын құру ИКАО-ның қауіпсіздік жөніндегі «ISD-Security» бағдарламасын жүзеге асыруға, сондай-ақ ҚР аумағында және Орталық аАзия аумағының өзге де мемлекеттерінде әуе тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметі мен авиакомпанияларға мамандар даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асырумен айналысатын бұрынғы кеңестік одақ кеңістігіндегі үшінші орталық (Киев пен Мәскеуден кейін).

2016 жылы Сарыарқа археология институты археологиялық экспедициясының қызметкерлері Қарағанды маңынан Беғазы-Дәндібай мәдениетіне (б.з.б. 15-10 ғғ.) тән ғажайып баспалдақты кесенені тапты. Алып қорымның сыртқы пішіні Джосер перғауынның пирамидасын еске салады. Ескерткіштің құрылысына қарағанда, ол үш мың жыл бұрын салынған. Одан алынған материалдар мен құнды бұйымдардың барлығы Қарағанды университетінің Археология музейіне берілді.

2016 жылы Павлодар облыстық көркемөнер музейінде белгілі қылқалам шебері Ғалым Қаржасовты (1954-2016) еске алу көрмесі ашылды. Оған қойылған 60 полотно ерекше дарын иесінің шығармашылық тұлғасын тануға мүмкіндік береді. Ғалым Қаржасов 1998 жылы Президенттік сыйлықтың лауреаты, «Мастер-класс Қазақстан-2000» халықаралық өнер фестивалінің лауреаты болды. Оның еңбектері Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде, Павлодар, Семей, Атырау, Қарағанды, көркемөнер музейлерінде, Қазақстан, Франция, Германия, Канада азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы.

2017 жылы муайтайдан Таиланд корольдігінде өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қазақ спортшылары 12 медаль еншіледі. Сайысқа әлемнің 79 елінен 1 000 спортшы қатысты.

2020 жылы «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған жерінде, Түркістан облысы Отырар ауданында мұражай ашылды.

2021 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін қазақстандық дипломат Бақытбек Шабарбаев Пәкістан Президентінің «Ситара және Пәкістан» сыйлығымен марапатталды.

«Ситара және Пәкістан» — Пәкістанның ең жоғары азаматтық наградасы мен айырым белгісі, ел Президенті шетел азаматтарына, сондай-ақ елге сіңірген еңбегі үшін табыс етеді.

2023 жылы ҚР Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау Комитеті 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 млн-нан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтану ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, Алматыда ең жоғары баға 800 теңгені құрайды.

2024 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен Парижде өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында жоғары спорттық жетістіктері үшін ұлттық құраманың бір топ спортшылары мен бапкерлері «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды.

2024 жылы Астана еуропалық жарыстардағы тарихтағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді. «Астана» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта ойынында румыниялық Корвинулды 6:1 есебімен жеңді. Бұған дейін елордалықтар еуропалық аренада бірде-бір рет бес доп айырмашылығымен жеңіске жеткен емес. 

Соңғы жаңалықтар