14 жастан бастап жұмыс істеуге болады: жасөспірім нені білу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Жаз мезгілі көптеген оқушы үшін демалыс қана емес, алғашқы табыс табатын кезеңге айналып отыр. Алайда еңбекпен бірге жауапкершілік, қауіп қатар жүреді. Сондықтан мамандар жасөспірімдерге жұмыс таңдауда ең алдымен заң талаптарын білу маңызды екенін ескертеді.
Заң қандай шектеу қояды?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Мұхтар Төлеудің айтуынша, Enbek.kz порталындағы «Менің жазғы каникулым» бөлімі арқылы оқушыларға арналған бос жұмыс орындарын табуға болады. Оларға театр, кино, цирк сияқты шығармашылық салаларда жұмыстар ұсынылады. Сондай-ақ сауда, тамақтану және SMM, маркетинг секілді digital бағыттар бар.
– 14 жастан бастап тек жеңіл еңбек түрлеріне, оқу уақытынан бос кезде жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Заңда көрсетілген талапқа сәйкес, 14-16 жас аралығындағы оқушылар аптасына 24 сағат жұмыс істей алады. Яғни күніне 4,5 сағаттан аспауы керек. Ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің аптасына 36 сағат жұмыс істеуіне рұқсат берілген, – дейді спикер.
Сондай-ақ 14 жаста еңбек шартына жасөспірімнің өзі ғана емес, оның заңды өкілі – ата-анасы немесе қамқоршысы да қол қоюы міндетті. 15 жаста негізгі орта білім алған жасөспірімдер ресми жұмыс істей алады. 16 жастан бастап еңбек шартын өз бетінше жасауға құқық беріледі. Дегенмен, заң бойынша жасөспірімдерді ауыр физикалық еңбекке, зиянды әрі қауіпті жұмысқа, сондай-ақ түнгі ауысымға тартуға тыйым салынған. Материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерге де қабылдауға болмайды.
Бүгінде ауызша келісімге сенетін уақыт өткен. Ресми жұмыстың басты кепілі – Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркелген келісімшарт. Оны eGov.kz порталындағы «Еңбек қызметі туралы мәліметтер» бөлімінен тексеруге болады. Егер шарт жүйеде тіркелсе, жасөспірімнің еңбек өтілі ресми есептеліп, құқығы заңмен қорғалады.
– Жалақы нақты жұмыс істеген сағатқа пропорционалды түрде төленеді. Қоғамдық жұмыстарға 24 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес, яғни ол 100 мыңның көлемінде, – деп нақтылады Мұхтар Төлеу.
Министрлік дерегінше, былтыр Қазақстанда 14-18 жас аралығындағы 15 мыңнан астам жасөспірім ресми түрде еңбек еткен. Қазір Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде 6294 электронды еңбек шарты тіркелген. Бұл әлі де бейресми еңбек нарығында жүрген жасөспірімдердің барын көрсетеді.
Күмәнді вакансиядан қалай сақтану қажет?
Сондықтан мамандар күмәнді вакансиялардан сақ болуға шақырады. Себебі кей жағдайда жұмыс берушілер жалақы төлемей немесе ресми рәсімдеуден бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда еңбек инспекциясына немесе «Е-өтініш» жүйесіне жүгіну қажет.
Осыған орай жұмыс іздеуге арналған платформалар қауіпсіздік тетіктерін күшейткен. Мәселен, hh.kz сайтында жасөспірімдерге арналған арнайы сүзгі қарастырылған.
– HeadHunter платформасында «14 жастан бастап қолжетімді» сүзгісі бар. Ол кәмелетке толмағандарға заңды вакансияларды бірден таңдауға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер ЖСН/БСН арқылы тексеріледі, ал вакансияда жұмыс кестесі мен шарттары толық көрсетіледі. Егер күмәнді хабарландыру кездессе, қолданушылар «Көмек» бөлімі арқылы шағым қалдыра алады, – дейді HeadHunter Орталық Азия компаниясының маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы.
Соңғы жылдары жасөспірімдерге арналған жұмыс түрлері өзгерген. Бұрын оқушылар көбіне хабарландыру тарату немесе кітапханаға көмектесу сияқты жұмыстарды таңдаса, қазір digital бағытқа сұраныс артқан.
– Қазір кафе мен дүкендегі көмекшілік, қаптау, мерчендайзинг, курьерлік қызмет, әлеуметтік желі модераторы, онлайн-көмекші және промоутер секілді жұмыстар трендте, – дейді маман.
«Жасыл елдің» мүмкіндігі
Жасөспірімдерді жұмыспен қамтудың тағы бір бағыты – мемлекеттік бағдарламалар. Соның бірі – «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы. Жақында жобаның XXII еңбек маусымы ашылды. Дерек бойынша, биыл 34 мыңнан астам жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматовтың айтуынша, жоба жастарды еңбекке баулып қана қоймай, экологиялық бастамалар мен азаматтық жауапкершілікке үндейді.
– Бағдарлама арқылы 14-35 жас аралығындағы жастар уақытша жұмыспен қамтылады. Олар құрылыс нысандарында, «жасыл белдеуде», әлеуметтік және білім беру мекемелері аумағында, саябақтар мен көгалдандыру жұмыстарына тартылады. Оқушылар мектеп аумағында еңбек ете алады, – дейді ол.
Еңбек кодексіне сәйкес, кәмелетке толмағандар күніне 4 сағаттан, аптасына 5 күн жұмыс істей алады. Оқушыларға шамамен 85 мың теңге көлемінде жалақы төленіп, арнайы форма беріледі. Ал 16-35 жас аралығындағы жастардың жалақысы өңірге байланысты 127 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Жасыл ел» жасағына қатысу үшін онлайн-өтініш, жеке куәлік немесе туу туралы куәлік көшірмесі, ата-ананың рұқсат хаты және медициналық анықтама қажет.
Бұған дейін белгілі психолог жастардың бір жұмыста неге ұзақ тұрақтамайтынын айтқан еді.