14 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 14 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
72 жыл бұрын (1953) тарих ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Жәкен Қожахметұлы ТАЙМАҒАНБЕТОВ дүниеге келді.
Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих, филология және философия институтының (Новосібір) аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1979-1999 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші және аға ғылыми қызметкері, директордың орынбасары. 1999-2008 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан мен оған іргелес аймақтардағы палеолит мәселелеріне арналған. 250-ге жуық ғылыми еңбектің, соның ішінде 22 монографияның, жоғары оқу мен мектеп оқулықтарының авторы. Ғылыми ізденістеріне Еуразияның ежелгі мәдениет тарихы, Қазақстан аумағында адамның алғашқы қоныстануы, оның материалдық мәдениеті, ежелгі этникалық байланыстар мен миграция мәселелері кіреді.
Ғалым әлемге әйгілі болған Қазақстан аумағындағы ежелгі ескерткіштерді (Қызылтау, Саяқ, Шоқтас, Қошқорған, Ембі, Өзен, т. б.) алғашқы ашушылардың бірі. 1992 жылдан бастап біріккен Казақстан-Ресей кешенді археологиялық экспедициясын басқаруға тікелей ат салысты. Нақты археологиялық мәліметтер негізінде Қазақстан аумағын адам баласы бұдан 1 миллион жыл бұрын мекендегенін дәлелдеді.
55 жыл бұрын (1970) балуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның он бір дүркін чемпионы, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Сатымбайұлы МАМЫРОВ дүниеге келді.
Алматы облысы Қаратал ауданында туған. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген.
1989 жылдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі болды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің (Аустрия, 1988) қола, КСРО жастар ойындарының (Запорожье, 1989) күміс жүлдегері, КСРО Кубогының (Тбилиси, 1990) жеңімпазы, КСРО чемпионы (Гомель, 1990), ТМД елдері чемпионатының (Мәскеу, 1992) қола жүлдегері, Азия ойындарының (Хиросима, Жапония, 1994) чемпионы, Азия Кубогы жарысының (Индонезия, 1995), Орта Азия ойындарының (Ташкент, 1995) жеңімпазы, 26-Олимпиада ойындарының (АҚШ, Атланта, 1996) қола, Әлем чемпионатының (Красноярск, РФ, 1997) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының (Алматы, 1997), Шығыс Азия ойындарының (Пусан, Корея, 1997 және Осака, Жапония, 2001), Азия (Ташкент, 1999) чемпионы болып, бірнеше дүркін Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған. 1991-2003 жылдары — Талдықорған қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы-жаттықтырушысы. 1997-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Штаттық Ұлттық командалар дирекциясының спортшы-нұсқаушысы. 1996-2004 жылдары — еркін күрестен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының капитаны. 2005-2007 жылдары Алматы облысы еркін және грек-рим күресі федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған.
І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
54 жыл бұрын (1971) Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы ЕСТЕНОВ дүниеге келді.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзын-Ағаш ауылында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын экономика және агроөнеркәсіп кешенін басқару мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1999-2001 жылдары Алматы қаласы Медеу және Алмалы аудандары бойынша Салық кодексінің салық инспекторы, 2001-2006 жылдары Алматы қаласы Алмалы аудандық қаржы басқармасының бастығы, 2006-2010 жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары, 2010-2012 жылдары Ақмола облысы Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары, 2012-2016 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2016-2019 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі, 2019-2021 жылдары «Er-I Invest» ЖШС директорының кеңесшісі, 2021-2022 жылдары Алматы облысы қаржы басқармасының басшысы болды.
2022 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Жеке қауіпсіздік департаментірнің басшысы Саят Махметұлы САУКОМБЕКОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысы, Абай қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген (1998).
Еңбек жолы: 1992 жылы «Қарағандыуголь» көмір өндіру бірлестігінің «Топарская» шахтасында кенші, 1992-1993 жылдары «Қарағандыуголь» көмір өндіру бірлестігінің «Шерубай-Нуринская» шахтасында кенші, 1993-1994 жылдары Қарағанды облысы Абай қаласындағы Credo корпорациясының коммерциялық агенті, 1998-2000 жылдары Қарағанды облысы Абай аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі, 2000-2012 жылдары Қарағанды облысы Абай ауданы прокурорының көмекшісі, прокурор, Қарағанды облысы прокуратурасының аға прокуроры, Жезқазған қаласы, Теміртау қаласы, Қарағанды қаласы прокурорының орынбасары, Қарағанды қаласы прокуратурасының бөлім бастығы, 2012-2014 жылдары Қарағанды облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары, 2014-2019 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, 2019 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы, 2021-2025 жылдары ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Тергеу басқармасының бастығы лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметіне 2025 жылдың мамыр айында кірісті.
53 жыл бұрын (1972) «AMANAT» партиясының Абай облысындағы филиалының төрағасы Қанат Серікқанұлы ӘДІЛБАЕВ дүниеге келді.
Аягөз қаласында туған. Семей мемлекеттік университетін агроөнеркәсіптік кешендегі экономика және менеджмент мамандығы бойынша және экономика инженері мамандығы бойынша бітірген (1996). Экономика ғылымдарының докторы дәрежесіне ие.
Еңбек жолы: 1996 жылы Семей қаласы салық инспекциясының маманы, 2019 жылы Семей салық комитетінің төрағасы, Семей қаласы әкімінің орынбасары, 2023-2024 жылдары «AKM Стройсервис» ЖШС директоры, Абай облыстық мәслихатының экономикалық, қаржылық және кәсіпкерлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы; Абай ауданының Аягөз ауданының әкімі, 2024-2025 жылдары Абай ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.
50 жыл бұрын (1975) Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Айжан Әділқызы КӨЛБАЕВА дүниеге келді.
1996 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1996-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы «Даул» фирмасының заңгері, 1997-1998 жылдары Оңтүстік Қазақстан Облысы бас ІІБ қызмет көрсетуші персоналының және ХОЗО күзетінің полицейі, 1998 жылы ОҚО Әділет басқармасы № 3 мемлекеттік нотариат кеңсесінің мемлекеттік нотариусының көмекшісі, 1998-2001 жылдары ОҚО Әділет басқармасы соттардың жұмысын ұйымдастыру бөлімінің жетекші маман-консультанты, жетекші маманы, 2001-2003 жылдары ОҚО сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің ОҚО Соттар әкімшісінің бас маманы, 2003-2004 жылдары ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің Астана қаласы Соттар әкімшісінің бас маманы, соттар қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы, 2004-2010 жылдары Қостанай облысы Лисаков қалалық сотының судьясы, 2010-2014 жылдары Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы, 2014-2018 жылдары Астана қаласы № 2 Алматы ауданы аудандық соты судьясы болды. 2020-2022 жылдары — Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап атқарып келеді.