140 адам, 33 техника, 3 дрон: Абайдағы өртке жетісулық құтқарушылар тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысы Мақаншы ауданында, Қабанбай ауылдық округінің Ұзынбұлақ учаскесінде елді мекеннен 22 шақырым қашықтықта батпақты жердегі ашық аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртенді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

140 адам, 33 техника, 3 дрон: Абай облысындағы өртке жетісулық құтқарушылар тартылды
Фото: Видеодан скрин

Оқиға орнында Абай және Жетісу облыстары ТЖД, «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттері және жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмыс істеп жатыр. Барлығы 140 адам, 33 техника және 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. 

— Қазір өңірдегі құрғақ шөп пен қамыстың жануы оқшауланды. Елді мекендерге қауіп жоқ. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай ТЖМ бақылауында, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Жетісудағы өртті сөндіруге тікұшақпен 11,4 тонна су төгілгенін жаздық.