15,6 мың ауыл тұрғындары әлеуметтік төлемдер тағайындау жөнінде кеңес алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы 16 наурыз бен 29 желтоқсан аралығында еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын 15676 азамат арнайы жұмылдыру топтарының құрамында ауылдарға барған Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының, «Қазпошта» АҚ және халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарынан зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөнінде кеңестер алды.
None
None

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін аталған ұйымдардың 830 қызметкері жұмылдырылды. Атқарылған жұмыс қорытындысында жүгінген 15676 азаматтың 9807-сі түрлі әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу бойынша кеңес алды, 3156 адамнан деректемелерді өзгерту жөнінде өтініштер қабылданды, 2713 ауыл тұрғыны зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға құжаттарын тапсырды.

Ағымдағы жылғы 16 наурыз бен 29 желтоқсан аралығында жұмылдыру топтары еліміздің барлық өңірлерінде 4836 шалғай ауылдық округті қамтып, оларға 8517 рет барды.

Зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөніндегі барлық өтініштер бойынша электрондық іс макеттері жасақталып, өкілетті органның қарауына жіберілді. Ағымдағы жылғы 29 желтоқсандағы жағдай бойынша 2500 өтініш берушіге зейнетақы және жәрдемақы тағайындалды. Зейнеткерлік куәліктер және хабарламалар азаматтарға жұмылдыру топтарының келесі сапарларында жеткізілетін болады.

Жұмылдыру топтарының жұмысы ілкі режимде жылдың соңына дейін созылады. Тұрғылықты жері бойынша қызмет алушыларға қызмет көрсету (құжаттарды қабылдау және шот ашу) мемлекеттік қызметті алу уақытын және шығындарды төмендетуді, қолайлылықты, оңайлатылған тәртіпті қамтамасыз етеді.

Бұған дейін хабарланғандай, өткен жылғы 12 наурызда «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК, «Қазпошта» АҚ және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат «Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыруға бағытталған. 

Соңғы жаңалықтар