15 ақпан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 15 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

67 жыл бұрын (1957) көрнекті мемлекет қайраткері, философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2013), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Серік Тұрарұлы СЕЙДУМАНОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу химия машина жасау институтын, БЛКЖО ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебін, СОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.
1979-1981 жылдары Жаңа Жамбыл фосфор зауытында азот-оттегі цехының мастері, комсомол комитетінің хатшысы, 1981-1982 жылдары Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитетінің сектор меңгерушісі, Жамбыл қалалық комитетінің екінші хатшысы, 1984-1986 жылдары Қазақстан ЛКЖО ОК жауапты ұйымдастырушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары Қазақстан ЛКЖО Талдықорған облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. 1991 жылы Қазақстан КП ОК консультанты, 1991-1992 жылдары Қазақстан Социалистік партиясы Алматы облыстық комитетінің хатшысы, 1992-1995 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің ақпараттық-талдау орталығында аға референт, сектор меңгерушісі, жетекшінің орынбасары, 1995-1996 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарушы хатшылығының меңгерушісі қызметінде болды. 1997 жылы Жастар ісі, туризм және спорт министрінің орынбасары, 1997 жылғы сәуір-желтоқсан айларында Білім және мәдениет министрлігі үйлестіру және бақылау департаментінің директоры, 1997-1998 жылдары «Крау» бірлескен кәсіпорнының бас директоры, 1998-2002 жылдары Парламенттегі ақпараттық-талдау орталығының директоры, 2002-2004 жылдары Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2004-2005 жылдары Президент Әкімшілігі Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, жұртшылықпен және баспасөзбен байланыс бөлімінің меңгерушісі, 2005-2006 жылдары Президент Әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, 2006-2013 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары, 2013-2016 жылдары Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылым депутаты, 2016-2021 Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болды.
2021 жылдың ақпанынан бастап қазіргі қызметінде.

63 жыл бұрын (1961) «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Эрлан Ғаділетұлы БАТЫРБЕКОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. МИФИ бітірген соң Ядролық физика институтына жұмысқа қабылданды. Онда еңбек жолын инженерден бастап жетекші ғылыми қызметкер (1984-1994 жылдар) лауазымына дейін жұмыс істеді.
Э.Батырбеков – Қазақстанда да, шетелде де танымал физик. Ол ішкі реакторлық эксперимент және оптикалық сәуле шығаруда ядролық энергияны түрлендіру саласында мойындалған маман. Семей полигоны конверсиясы бойынша сарапшы. Ядролық энергетика бойынша 100-ден аса мақаласы ғылыми басылымдарда жарияланған, өзінің 7 өнертабысы бар.
2016 жылдың қыркүйек айында физика мамандығы бойынша профессор ғылыми атағын алған. 2010 жылы Қазақстан Ұлттық табиғи ғылым академиясының академигі болып сайланды. 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасының ұлттық инженерлік академиясының тілші-мүшесі, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ және «Үлбі металургиялық зауыты» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі, ҚР ҰЯО Ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасы, «Вестник НЯЦ РК», «Человек. Энергия. Атом» журналдарының бас редакторы, Азиядағы ядролық бірлестік форумының Қазақстан Республикасы атынан үйлестіруші.
2013 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
2017 жылы «Курчатов қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

60 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Қайрат Төлегенұлы ЖАҚЫПБАЕВ дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. 1985 жылы С. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген, заңгер. ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі.
Еңбек жолы: 1985-1988 жылдары Шымкент қаласы Абай ауданы прокуратурасының тергеушісі, 1988-1991 жылдары ОҚО прокуратурасы бөлім бастығының орынбасары, тергеу басқармасының прокуроры, 1991-1993 жылдары Арыс ауданаралық прокуратурасының прокуроры, 1993-1995 жылдары Бас прокуратурада аса қауіпті қылмыстарды тергеу жөніндегі басқарма бастығы, 1995-1997 жылдары ІІМ Мемлекеттік тергеу басқармасы бастығының орынбасары, жалпы қылмыстық тергеулер бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Мемлекеттік тергеу департаментінің бастығы болып қызмет атқарған. 1997-2000 жылдары ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы, 2000-2002 жылдары Парламенттегі Заң шығармашылығы және мониторинг орталығының директоры, 2002-2004 жылдары Парламент Мәжілісі аппараты заңнама бөлімінің меңгерушісі, 2004-2006 жылдары Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болды. 2006-2008 жылдары Парламент Мәжілісі төрағасының кеңесшісі, 2008-2017 жылдары «KEGOC» АҚ-ның Құқықтық қамтамасыз ету және қауіпсіздік жөніндегі басқарушы директоры, 2017-2018 жылдары «KEGOC» АҚ-ның Құқықтық қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры, 2018-2020 жылдары Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы, 2020-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған.
2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

55 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жандос Әнуарұлы АСАНОВ дүниеге келді.
Алматы педагогикалық шет тілдері институтын бітірген.
Еңбек жолы: 2004-2006 жылдары ҚР СІМ референті, ҚР Пәкістандағы елшілігінің атташесі, үшінші, екінші хатшысы, ҚР СІМ бірінші хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі, ҚР Президентінің хаттама консультанты, ҚР Премьер-Министрінің хаттама қызметінің жетекшісі – хатшылық меңгерушісінің орынбасары, ҚР-ның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірінші хатшысы, ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің директоры болып қызмет атқарған. 2006-2008 жылдары АӨІСШК хатшылығының атқарушы директоры, 2008-2009 жылдары ҚР-ның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесші-елшісі, 2009-2012 жылдары ЕҚЫҰ Минск қаласындағы кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР-ның Бельгиядағы елшілігінің кеңесші-елшісі; 2012-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенаты аппараты жетекшісінің орынбасары, 2013-2018 жылдары ТүркПА бас хатшысы, 2018-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды.
2019 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.

53 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Расул Берекетұлы ЖҰМАЛЫ дүниеге келді.
Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің араб тілі бөлімін бітірген (1992).
Еңбек жолы: 1992-1994 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка елдері бөлімінде атташе, ассистент, 1995 жылы ҚР Сыртқы істер министрінің көмекшісі, 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің 2, 3-ші дәрежелі хатшысы, 1999 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Елшісі – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпарат хатшысы қызметін атқарған. 2000-2002 жылдары ҚР Үкіметінің баспасөз хатшысы, 2002 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі жанындағы саяси топ жетекшісі, 2003 жылы Қазақстанның Израильдегі Елшісінің кеңесшісі, 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Бас консулы, 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Ливиядағы Елшісі, 2007-2008 жылдары Еуразиялық банкирлер клубының атқарушы директоры 2008 жылдан бері – «Эксклюзив» аналитикалық журналының және қазақ тіліндегі «Япырай» танымдық журналының редакторы қызметінде.
2022 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

51 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрайымы Эльвира Әбілқасымқызы АЗИМОВА дүниеге келді.
Жамбыл қаласында дүниеге келген, заңгер. 1996 жылы Қ. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген, халықаралық заңгер біліктілігі берілді.
Еңбек жолын 1996 жылы ҚР Әділет министрлігінде бастады. 1996-1999 жылдары Халықаралық құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі, бас кеңесшісі болып істеді. 1999-2005 жылдары Заңнама, халықаралық құқық және хаттама департаменттері басқарма бастығының орынбасары, бастығы қызметтерін атқарды. 2005-2010 жылдары Заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, келісімшарттар және талап-арыз жұмыстары департаменттерінің директоры лауазымдарында жұмыс істеді. 2010-2013 жылдары ҚР Әділет министрлігі Халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры лауазымында болды. 2013-2019 жылдары ҚР Әділет министрінің орынбасары, 2019-2023 жылдары Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2007), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2012) мерейтойлық медальдармен марапатталған.

110 жыл бұрын (1914-1970) актер, кинорежиссер, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәкен Кенжетайұлы АЙМАНОВ дүниеге келген.
Павлодар облысында туған. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылды. Ш. Айманов 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында Грамофонов (К. Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш. Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I. Жансүгіров «Исатай-Махамбет»), Кассио (У. Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А. Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К. Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б. Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж. Гоу, А. Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н. Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М. Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық рөлдерді сомдады. Бұл тұлғалар ұлттық сахнамыздың сүбелі табыстарына жатады.
Шәкен Аймановтың актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі. «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық жасады.
1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды. «Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады.
1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты. 1953-1966 жылдары аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында» фильмдерінің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр.
Көп ізденістің нәтижесінде Ш. Айманов қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі «Атаманның ақыры» фильмі талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, техникалық орындалу деңгейі жағынан да әлемдік талапқа сай шыққан туынды еді.
Ш. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері халықаралық және Мәскеу қаласында өткен үшінші халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасы мүшесі болды. Оның есімі Алматының бір көшесіне, «Қазақфильм» студиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды.
«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», т.б. ордендермен марапатталған.

109 жыл бұрын (1915-1966) қазақ тарихшысы, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ермұхан Бекмаханұлы БЕКМАХАНОВ дүниеге келген.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Воронеж педагогикалық институтын бітірген. Ол XVIII-ХІХ ғасырларда Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық және саяси даму проблемаларына, сондай-ақ Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесіне, қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихына назар аударған.
Е.Бекмаханов 1946 жылы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген докторлық диссертациясын қорғайды. Кенесары Қасымұлының көтерілісіне «ұлт-азаттық қозғалыс» деген сипат бергені үшін «ұлтшыл» деп айып тағылып, 1952 жылы 25 жылға бас бостандығынан айрылған. Сталиннің өлімінен кейін 1954 жылы ақталды.
