15 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 15 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

15 қараша. Тұлғалар туған күн
Коллаж: Kazinform

75 жыл бұрын (1950) ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Шаймардан Ұсайынұлы НҰРЫМОВ дүниеге келді.

Шаймардан Ұсайынұлы НҰРЫМОВ
Фото: assembly.kz

Алматы облысында туған. 1973 жылы В. И. Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетін шығыстанушы, қытай тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірген, профессор, философия ғылымдарының докторы.

Еңбек жолы: 1974-1975 жылдары Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, СПТУ-22 комсомол ұйымының хатшысы, 1975-1979 жылдары Алматы облысы, Ұйғыр ауданы Октябрь орта мектебінде оқытушы, әскери нұсқаушы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2010-2012 жылдары «ГРАДО» жобалау компаниясының Мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің басшысы, 2012-2016 жылдары «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың депутаты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, VI сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1971) ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Тілекұлы МЫҢЖАСАРОВ дүниеге келді.

Ержан Тілекұлы МЫҢЖАСАРОВ
Фото: Gov.kz

Шымкент (қазіргі Түркістан) облысында туған. Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша (1993), Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген (2001).

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің жетекші маман — жетекші бақылаушы-ревизор, бөлім бастығы, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау бөлімінің бастығы (2000-2010), ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитеті төрағасының орынбасары (2010-2012), ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының басшысы (2012-2016), ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Алматы қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы (2016-2020), ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары (2020-2021).

2021 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.

54 жыл (1971) Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Мұратұлы РАМАЗАНОВ дүниеге келді.

Елдос Мұратұлы РАМАЗАНОВ
Фото: primeminister.kz

Қарағанды қаласында туған. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1997 жылдары «Подгорное» АҚ-ның бас экономисі, 1993-1994 жылдары «Ақмола-Алтын-Алма» ЖШС коммерциялық директоры, 1997-1998 жылдары — «ТұранӘлемБанкі» ЖАҚ Ақмола филиалының саудадан тыс операциялар бөлімінің бастығы, экономикалық талдау секторының меңгерушісі, 1998 жылы — «Қазақстан темір жолы» РМК «Астана темір жолы» еншілес мемлекеттік кәсіпорны бастығының орынбасары. 1998-2000 жылдары «Астана» қаржы-экономикалық орталығының бастығы, «Қазақстан темір жолы» РМК қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2000-2002 жылдары «Intertrade GmbH» бас директорының орынбасары (ГФР, Майндағы Франкфурт), 2003-2004 жылдары «Агрохтитя» ЖШС қаржы директоры, 2004-2006 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Экономика және қаржы департаменті директоры орынбасары, аппарат басшысы, 2006-2007 жылдары «KazEnergy» қоғамдық қорының атқарушы директоры, 2007 жылы «РауанМедиа Групп» АҚҚ ақпараттық-талдама орталығының бас директорының орынбасары — директоры, 2007 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры аппаратының басшысы, 2007-2009 жылдары «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2009-2011 жылдары «Бүркіт» қаржы-өнеркәсіптік корпорациясы бас директорының орынбасары, 2011-2012 жылдары ҚР сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті, 2011-2013 жылдары «Атамекен» одағы» Қазақстанның Ұлттық экономика палатасы басқарма төрағасының орынбасары, 2013-2016 жылдары «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аппарат басшысы, 2016-2018 жылдары «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары — басқарма мүшесі болды. 2018 жылы «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ФА ЗТБ төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды. 2018-2019 жылдары «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ФА бас директоры, 2019-2020 жылдары ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарды. 2021-2023 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1977) ҚР Үкіметі Мемлекеттік құпияларды және арнайы байланыс түрлерін қорғау бөлімінің меңгерушісі Бейбітқали ӘЙТКЕШҰЛЫ дүниеге келді.

Бейбітқали ӘЙТКЕШҰЛЫ
Фото: primeminister.kz

Қарағанды ​​облысында туған. С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін және «Тұран-Астана» университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1999 жылы ҚР Мемлекеттік құпияларды қорғау агенттігінде жұмыс істеген, 2002-2013 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, бас инспекторы, меңгерушінің орынбасары, 2013-2017 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің сектор меңгерушісі, 2017-2018 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1979) Париждегі (Франция Республикасы) БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Асқар Сауытбекұлы ӘБДІРАХМАНОВ дүниеге келді.

 Асқар Сауытбекұлы ӘБДІРАХМАНОВ
Фото: inbusiness.kz

Алматы қаласында туған. Қазақ Ұлттық университетінің Дүниежүзі тарихы факультетін бітірген.

Еңбек жолы: Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының, Қазақстан-Америка университетінің Шығыстану институтының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызметкері; Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары (2010-2018), ҚР Париждегі ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары (2018-2020), ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы (2020-2022).

2023 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1983) Алатау қаласының әкімі Әркен Хамитұлы ӨТЕНОВ дүниеге келді.

Әркен Хамитұлы ӨТЕНОВ
Фото: Gov.kz

Алматы қаласында туған. 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2010 жылы Карнеги Меллон Университетін («Болашақ» бағдарламасының түлегі) бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2011 жылдары елдегі банк секторының қызметкері, 2011-2014 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді, 2014-2015 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бейрезиденттерге салық салу басқармасының бастығы, 2015-2016 ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі, 2016-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы.

2024 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1983) Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Сергеевич ТЕРЕНЧЕНКО дүниеге келді.

Илья Сергеевич ТЕРЕНЧЕНКО
Фото: Gov.kz

Павлодар қаласында туған. 2004 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2006 жылы Томск мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. 2016 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы Павлодар қаласының техникалық қызмет көрсету станциясының шебері болып бастаған. 2004-2007 жылдары «Рубеж-ПВ» ЖШС директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2007-2012 жылдары «Гермес-Трейд-ПВ» фирмасы ЖШС директоры болды. 2014 жылы Павлодар облысы Павлодар ауданы Кәсіпкерлер Палатасы филиалының директоры қызметін атқарды. 2014-2016 жылдары Павлодар облысы «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2016-2018 жылдары Павлодар облысы «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2018-2019 жылдары «Nur Otan» партиясының хатшысы, 2019-2022 жылдары Павлодар облысы «Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылы– Павлодар облысы «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы, 2022-2023 жылдары «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Атамекен», «Павлодар облысына 75 жыл», «Халықаралық Невада-Семей Антиядролық Қозғалысына 25 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медальдарімен марапатталған.

131 жыл бұрын (1894-1938) ақын, жазушы, драматург Бейімбет (Бимұхамед) Жармағамбетұлы МАЙЛИН дүниеге келген.

Бейімбет (Бимұхамед) Жармағамбетұлы МАЙЛИН
Фото: adebiportal.kz

Қостанай облысында туған. Арғынбай қажының медресесінде, Қостанайдағы орыс-қазақ мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде, Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде оқыған.

1923-1925 жылдары Қостанай губерниялық «Ауыл» газетінде, 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде, 1928-1932 жылдары республикалық «Ауыл тілі» газетінде әдеби қызметкер, редактор болды. 1932-1937 жылдары — «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған жылдары татардың Ғ. Ибрагимов, М. Ғафури сынды ақын-жазушыларымен шығармашылық байланыста болды. Осы оқу орнындағы «Садақ» қолжазба журналында «Мұсылмандық белгісі» атты тұңғыш өлеңі жарық көрді. Оның алғашқы шығармалары — «Қостанай уезі, Дамбар болысы» очеркі, «Мұқтаждық», «Көңіліме» атты өлеңі, «Мал», «Шұғаның белгісі» повесі, «Болған іс» әңгімесі «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланды. «Кедейге», «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз», «Жазғы жайлауда», «Наурыз түлегі», «Көк сиыр», «Біздің жастар», «Мырқымбай», «Әйт, шу… ала атым», «Қарасор», «Бер, Мырқымбай, қолыңды!», «Әй, Мырқымбай», «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Қанды кек», «Сексен сом», «Күлпаш», «Талақ», «Қара шелек», «Ақталған еңбек», «Сары ала тон», «Шапайдың хаты», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры», «Биғайшаның хаты», «Аштық құрбаны», «Сойқанды содырлар», «Кесінділер», «Алыптарды аралағанда», «Шұғаның белгісі», «Раушан — коммунист», «Азамат Азаматыч», «Қызыл жалау», «Қоңсылар», «Тартыс» атты поэмалар, фельетондар, очерктер, повестер мен романдардың, 25 пьесаның, либретто мен сценарийлердің авторы.

110 жыл бұрын (1915-1973) педагог-ғалым, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Мәлік ҒАБДУЛЛИН дүниеге келген.

Мәлік ҒАБДУЛЛИН
Фото: novoetv.kz

Қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданында туған. 14 жасынан бастап жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Институттан кейін 1935-1937 жылдары әскери борышын өтеген. 1937-1938 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық филиалындағы Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 1938-1946 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты болған. 1941-1945 жылдары Генерал И. В. Панфилов бастаған даңқты гвардиялық дивизиясы құрамында Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттарға басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. алайда оған қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен (№ 1035) Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылдың 30 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары ғылыми-педагогикалық салада қызмет атқарған. 1946-1951 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, директоры. 1951-1963 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суырып салма өнері туралы ғылыми зерттеулер мен қорытындылар жасады. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды.

Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері — қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары, ертегілері мен халық әндері. Қазақ әдебиетінің көптомдық тарихын шығаруға ат салысады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-4-шақырылымдарының депутаты. «Менің майдандас достарым», «Алтын Жұлдыз», «Майдандық очерктер (Фронтовые очерки)», «Будни войны», «Достар, жолдастар жайлы», «Ызғарлы жылдар (Грозные годы)» атты көркем әдеби шығармалардың авторы. Әдеби туындылары И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылған. Мәлік Ғабдуллиннің Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған Институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Астана және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген. Ленин орденімен, «Қызыл Ту» орденімен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен және екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. 

Соңғы жаңалықтар