15 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 15 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
50 жыл бұрын (1974) Жетісу облысы прокурорының орынбасары Ержан Мұхаметқалиұлы СЫБАНҚҰЛОВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетін бітірген.
Еңбек жолы: 1996 жылы Алматы қаласы Жетісу аудандық прокуратурасында стажер, 1996-1998 жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданы прокурорының көмекшісі, 1998-1999 жылдары Қостанай облысы прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің, тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, 1999-2000 жылдары Қостанай облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің аға прокуроры, 2000-2001 жылдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
2002 жылы Павлодар қаласы прокуратурасының прокуроры, 2002-2003 жылдары Павлодар облысы прокуратурасының алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, 2003 жылы Павлодар облысы прокуратурасының алдын ала тергеу және анықтаудың заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры, 2003-2007 жылдары Павлодар облысы Ақтоғай ауданының прокуроры, 2007-2012 жылдары Павлодар облысы Баянауыл ауданының прокуроры, 2012-2013 жылдары ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті департаментінің басшысы, 2013-2015 жылдары Алматы облысы Текелі қаласының прокуроры, 2015-2016 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Біліктілікті арттыру институтының кәсіби даярлау және дамыту басқармасының бастығы, 2016 жылы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ректорының көмекшісі, сол жылы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қарамағында қызмет атқарған.
2016-2017 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кадр бөлімінің аға прокуроры, 2017 жылы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қарамағында, 2017-2018 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кадр бөлімінің аға прокуроры, 2018 жылы Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қарамағында қызмет етті. 2018-2018 жылдары ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының Құқық қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, 2019 жылы ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі, 2019-2022 жылдары Алматы облысы прокурорының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.
48 жыл бұрын (1976) ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің талдау бөлімінің меңгерушісі Александр Владимирович СУХАНОВ дүниеге келді.
1997 жылы Кәсіпкерлік және менеджмент мәдениеті институтын экономист менеджер мамандығы бойынша, 2001 жылы «Әділет» құқық жоғары мектебін бітірген.
1997-2004 жылдары медиа және талдау құрылымдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған, 2004-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес ұйымдарында және орталық аппаратында жұмыс істеген.
2012 жылдың қарашасынан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінде: ҚР Президенті Әкімшілігі баспасөз қызметінің инспекторы, сектор меңгерушісі, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.
Қазіргі лауазымына Мемлекет басшысының өкімімен 2018 жылдың қаңтар айында тағайындалған.
133 жыл бұрын (1891-1948) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Иса Таумышұлы ҚАШҚЫНБАЕВ дүниеге келген.
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Орал реалдық әскери училищесін, Қазан университетінің медицина факультетін бітірген. 1917 жылғы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Уақытша ұлт кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды.
1920 жылғы 21 маусымдағы Қазақ РК (б)П облыстық комитеті мәжілісінде «қоғам үшін қауіпті» адам ретінде оны айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Халық атқару комитетінің ара түсуімен Ташкент қаласына жіберілді. 1920 жылы осында мұсылмандардың өлкелік фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. Ол 30-жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылғы 23 сәуірде «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қылмысы дәлелденбегендіктен 1939 жылғы 1 желтоқсанда түрмеден босатылды.
Соғыс жылдарында көшіріліп әкелінген госпитальдарға жетекшілік етті. Соғыстан кейін Ташкентте Семашко атындағы Курортология ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
77 жыл бұрын (1947-2021) шығыстанушы, дінтанушы, жазушы және сыншы Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ дүниеге келген.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетін үздік бітірген (1969). 1970-1975 жылдары КСРО Ғылым академиясы Мәскеу Шығыстану институтында аспирант болды.
1975-1976 жылдары Марокко Корольдігі, 1985-1986 жылдары Тунис Араб Республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті. 1976-1977 жылдары ҚР ҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болды.
1977 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі. 1986-1988 жылдары КСРО ҒА Москва Шығыстану институтының докторанты. 1989 жылы Шығыстану факультетінің деканы, 1991-1997 жылдары тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор.
1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі. 2000 және 2005 жылдары Қазақстан мұсылмандарының ІІІ және ІV Құрылтайларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, 2007 жылдары Орталық Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы, 2000 жылы тамызда Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV-V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.
Ә.Дербісәлі – республикамыздағы жас арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді.