15 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 15 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстандағы аналар күні
Ресми түрде бұл мереке 2012 жылы қазақстандық аналарды құрметтеу күні ретінде бекітіліп, әйелдің отбасы ошағын сақтаушы рөлін атап өтті.
Көп ұзамай Үкіметтің қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына тиісті өзгерістер енгізілді, оған сәйкес жаңа мереке – Аналар күні белгіленді.
Халықаралық демократия күні
Жаңа және қайта жаңғырған демократия елдерінің халықаралық конференциясының ұсынысы бойынша 1997 жылғы Демократия туралы ортақ декларация қабылдануына байланысты бекітілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы астанасы туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды.
1996 жылы Алматыдан 300 шақырым қашықтықта Алматы-Райымбек тас жолы бойындағы Мұратәлі деп аталатын үлкен төбеге Райымбек батырға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш сәулетші Қ.Егізбаевтың жобасы негізінде тұрғызылды.
2005 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Ядролық лаңкестік актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияға» Қазақстан Республикасы атынан қол қойылды. Бұл құжат мемлекеттер арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық лаңкестіктің алдын алу, жолын кесу және оны жою жөніндегі шараларды іске асыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейді.
2011 жылы Астрахан облысы Красноярск ауданы Шағын Арал ауылында Бөкейхан мавзолейінің құрылысы аяқталды. Мавзолейдің биіктігі – 18 метр, ені – 12 метр.
2011 жылы «Қазпочта» АҚ ҚазССР Ғылым академиясының академигі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Орымбек Жәутіковтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Айтулы мерейтойлық даталар» сериясымен пошта маркасын айналымға енгізді.
Номиналы 32 теңгелік пошта маркасы офсетті тәсілмен төрт бояумен, тарақты перфорациямен орындалған. Көлемі – 28х30 мм, таралымы – 30 мың дана. Суретшісі –Николай Соколов.
2013 жылы Өскемен қаласында Металлургтер мәдениет сарайының кіреберіс алаңында Қазақстанның аты аңызға айналған «Алтын металлургі» Ахат Сәлемхатұлы Куленовтың қола ескерткіші ашылды.
Ахат Сәлемхатұлы – қуғын-сүргінге ұшыраған отбасынан шыққан, балалар үйінде тәрбиеленген. Өмірін адамдардың игілігіне, еңбек пен жасампаздыққа арнаған жан. Оның жаңашыл инженер ретіндегі таланты Қазақстан металлургиясының ең табысты кәсіпорындарының бірі – Өскемен қорғасын-мырыш комбинатын (Бүгінде «Қазмырыш») құруға көмектесті. Ол – КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумындағы алғашқы қазақ сенаторы, қарапайым жұмысшылар үшін элиталық ауыл салған санаулы басшылардың бірі болды.
2016 жылы Алматыда белгілі әнші әрі композитор Батырхан Шүкеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрме ашылды. Көрмеде бұрын еш жерде жарыққа шықпаған жүзге жуық сурет көрсетілді.
2016 жылы Қазақстанда бұрын пилоттық режимде жұмыс істеген бекітілген ұлттық дәрілік формуляр (ҰДФ) ресми түрде іске қосылды.
Қазақстан ТМД-да осындай ақпараттық ресурсты құрған алғашқы ел болды. ҰДФ әзірлеу кезінде фармакотерапияны жүргізудің озық әлемдік тәжірибесі пайдаланылды.
2017 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында қазақтың ұлы ақыны Абайдың әкесі, «Абай жолы» роман-эпопеясының бас кейіпкерінің бірі Құнанбай сұлтанға арналған ескерткіш ашылды.
2019 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында әлемдік рекорд орнатылды. Ауданның 12 ауылы мен 2 кентінен жиналған тұрғындар күбіде 10 000 литр қымыз пісті. Бұл жетістікті халықаралық сарапшылар тіркеді.
«Мен бұл рекордты бекіту үшін Кубадан арнайы ұшып кеттім. Ол дайындалған сусынның көлемі, акцияға қатысушылар саны және пайдаланылған ыдыстар бойынша есептеледі. Бізде әр түрлі рекордтар бар, бірақ мұндай бірінші рет. Біз бәрін тексердік, бәрін өлшедік», – деді Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас.
Дәл осы күні Жаңаарқа ауданының басшылығына рекорд орнатылғанын куәландыратын сертификат табыс етілді.
2020 жылы Хайфада (Израиль) Ұлы дала философы Әбу Насыр Әл-Фарабиге 1150 жыл толуына орай оның атындағы көшеде ескерткіш тақтаның ашылуы өтті. Хайфа қаласы әкімінің орынбасары Лазар Каплун ескерткіш тақта қаланың араб және еврей кварталдарының түйіскен жерінде орналасқанын және мәдениеттердің бірлігін білдіретінін атап өтті.
2020 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында Сырым Датұлының сенімді өкілі Ерсары батырдың кесенесі салынды. Олар азаттық күресіне бірге қатысқан. Кесененің диаметрі - 5 метр, ұзындығы - 7 метр. Кесене алып дулыға түрінде салынған және батырдың ұмытылмас ерлігінің символы.
2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетін 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Бұл ұйым елімізде ерекше рөл атқарып, олимпиадалық құндылықтарды насихаттап, жастар арасында спортты кеңінен насихаттауға орасан зор үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы спортшылардың көптеген ірі жарыстарда үлкен жетістіктерге жетіп, Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында және Азия чемпионаттарында жүздеген марапаттарға ие болғанын, олардың чемпион ретінде есімдері алтын әріптермен жазылғанын атап өтті.