15 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 15 қыркүйекке. арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

15 қыркүйек, ДҮЙСЕНБІ

Гватемала Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Гватемала - Орталық Америкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Гватемала қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Елді президент басқарады. Заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық конгресс. Ақша бірлігі - кетсаль.

Гондурас Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Гондурас - Орталық Америкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Тегуси-гальпа қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Елді президент басқарады. Заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық ассамблея. Ақша бірлігі - лемпира.

Қазақстан Республикасы мен Гондурас Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1995 жылғы қарашаның 28-інде орнатылды.

Коста-Рика Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821). Коста-Рика - Орталық Америкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Сан-Хосе қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ел аумағы 7 провинцияға бөлінген. 1949 жылғы конституциясы бойынша мемлекет басшысы Президент Үкіметті де тікелей өзі басқарады. Заң шығарушы органы - Заң шығарушы ассамблея. Ақша бірлігі - Коста-Рика колоны. Қазақстан Республикасы мен Коста-Рика арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1986 жылғы қазанның 1-інде орнатылды.

Никарагуа Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1821).

Қазақстан Республикасы мен Никарагуа арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылғы шілденің 6-ында орнатылды.

Халықаралық демократия күні.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы 13 желтоқсандағы үкіметтердің демократияны дамыту мен нығайтудағы күш-жігерлерін қолдауға арналған қарарында (№A/RES/62/7) жарияланған. 2008 жылғы 15 қыркүйегінен атап өтіледі. Халықаралық демократия күні Жаңа және қайта жаңғырған демократия елдерінің халықаралық конференциясының ұсынысы бойынша 1997 жылғы Демократия туралы ортақ декларация қабылдануына байланысты бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1 9 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы астанасы туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды.

1 8 жыл бұрын (1996) Алматыдан 300 шақырым қашықтықта Алматы-Райымбек тас жолы бойындағы Мұратәлі деп аталатын үлкен төбеге Райымбек батырға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш сәулетші Қ.Егізбаевтың жобасы негізінде тұрғызылды.

1 3 жыл бұрын (2001) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында орын алған лаңкестік оқиғаларға байланысты Алматыдағы АҚШ елшілігінде болып американ халқына көңіл айтты және ресми мәлімдеме жасап, лаңкестердің айуандық істерін батыл айыптады.

1 1 жыл бұрын (2003) Атырау қаласы арқылы өтетін Жайық өзеніне көлік жүретін көпір салу құрылысы салтанатты түрде басталды. Қаланың оң және сол бөліктерін қосатын осы көпірдің ұзындығы 800 метр, ені 24 метр, оның 18 метрі төрт көлік қатар жүретін негізгі қозғалыс бөлігі болады. Жобаның жалпы құны 7 млрд. теңге, оның 300 миллионы сол жылы-ақ қаржыландырылды.

9 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ядролық лаңкестік актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияға» Қазақстан Республикасы атынан қол қойылды.

Бұл құжат мемлекеттер арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық лаңкестіктің алдын алу, жолын кесу және оны жою жөніндегі шараларды іске асыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейді.

ЕСІМДЕР

43 8 жыл бұрын (1576-1656) мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, би, Әйтеке бидің үлкен атасы ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР Сейітқұлұлы дүниеге келді.

Әкесі Сейітқұл өзіне қарасты алшындармен Нұрата өңіріндегі өзбек, қарақалпақтардың басын біріктіріп хан сайланғаннан кейін, алғыр да зерек Жалаңтөс баһадүрді Нұратадағы мешітке оқуға береді. Мешітте батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шыңдап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды. Баласының зеректігін байқаған әкесі оны Бұқар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі әскери мектебіне жібереді. Осы жерде үш жыл оқып, түменбасылық лауазым алады. 1626 жылы Имамқұл хан Бұқар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған бас қолбасшысы Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп тағайындайды. Ол дарынды қолбасшы ғана емес, ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы болған. Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан «Ширдор» (Арыстан қақпа) медресесін салдырып, 1646 жылы осы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медресесінің құрылысын бастайды, бірақ бұл медресенің құрылысы 1660 жылы ол қайтыс болғаннан кейін ғана аяқталған.

12 3 жыл бұрын (1891-1948) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі ҚАШҚЫНБАЕВ Иса Таумышұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Орал реалдық әскери училищесін, Қазан университетінің медицина факультетін бітірген. 1917 жылғы желтоқсанда өткен 2-ші жалпықазақ съезінде Уақытша ұлт кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды. 1920 жылғы маусымның 21-індегі Қазақ РК (б)П облыстық комитеті мәжілісінде «қоғам үшін қауіпті» адам ретінде оны айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Халық атқару комитетінің ара түсуімен Ташкент қаласына жіберілді. 1920 жылы осында мұсылмандардың өлкелік фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. Ол 30-шы жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылғы сәуірдің 23-інде «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қылмысы дәлелденбегендіктен 1939 жылғы желтоқсанның 1-інде түрмеден босатылды. Соғыс жылдарында көшіріліп әкелінген госпитальдарға жетекшілік етті. Соғыстан кейін Ташкентте Семашко атындағы Курортология ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті.

Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

10 9 жыл бұрын (1905-1986) Қазақ КСР-інің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері АРТЫҚБАЕВ Шақпақ дүниеге келді.

Қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Қамышлы-баш бастауыш мектебін, Қазалы педагогикалық курстарын, Қазақ АКСР Ағарту Халық комиссариатының дайындық курстарын бітірген.

1923-1925 жылдары кенттің комсомол ұйымының хатшысы, Ташкенттегі Орта Азия коммунистер университетінің студенті, БЛКЖО Алматы уезі комсомол комитетінің хатшысы, БЛКЖО Жетісу губерниялық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі. 1925-1928 жылдары - БЛКЖО Талдықорған уездік комсомол комитетінің хатшысы, БЛКЖО Жетісу губерниялық комсомол комитетінің хатшысы. 1928-1933 жылдары - Қазақ өлкелік жас пионерлер комитеті бюросының төрағасы, Мәскеу тұтыну коорепациясы институтының тыңдаушысы, Арал балықтұтынуодағы басқарма төрағасының орынбасары. 1933-1937 жылдары - Ақтөбе ЛКЖО облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Ақтөбе облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан КП Орталық комитетінің, Қазақ өлкелік комитетінің кеңестік-сауда бөлімінің меңгерушісі. 1937-1938 жылдары - Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп халық комиссары, Алматы облыстық, қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1938-1947 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, еңбекпен түзету лагерінде болады. 1954 жылы толық ақталған. 1947-1958 жылдары Алматы облыстық атқару комитетінің агрономы, құрылыс комитетінің төрағасы, басқарма бастығы қызметтерін атқарады. 1958 жылдан зейнеткерлікке шыққан.

1-шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.

«Біздің Ғани тірі: естеліктер» кітабының авторы.

8 1 жыл бұрын (1933) композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор БАЯХУНОВ Бәкір Яхияұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы консерваториясын (профессор Қ.Қожамияровтың класы бойынша) бітірген. 1960-1963 жылдары Мәскеу консерваториясында музыкалық білімін шыңдаған. 1963 жылдан Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) дәріс берген. Қазақстан Композиторлар одағы төрағасының орынбасары. Баяхунов қазақ халық музыкасын өңдеуде («Күй» симфониясы, «Қамбар батыр», «Ысқырма») елеулі еңбек еткен. Сонымен қатар бірнеше кинофильмдерге музыка жазған. Композитордың қазақ домбыра музыкасының полифониясы туралы мақалалары, дүнген халық әндері туралы зерттеулері бар.

8 1 жыл бұрын (1933-1997) жазушы ЖӘРКЕНОВ Қабыш дүниеге келді.

Шығыс Түркістанда туған. 1955 жылы тарихи атамекені Қазақстанға оралған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Көп жылдар бойы ауылда ұстаздық қызмет атқарған. Балаларға арналған «Мінезді аға», «Айналайын», «Көңілді жаз», тағы басқа да кітаптары, «Мұғалімдер» атты романы жарық көрген.

7 9 жыл бұрын (1935) металлург, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі ҚОЖАХМЕТОВ Сұлтанбек Мырзахметұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Мәскеудің алтын және түсті металлдар институтын бітірген.

1958-1993 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының аға зертханашысы, инженері кіші және аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1982-1987 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының вице-президенті. 1988-1995 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының директоры. 1993-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы минералдық шикізатты кешенді өңдеу Ұлттық ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі. 1994-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі Ұлттық ғылым академиясының Жер туралы ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы - президиум мүшесі, Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігінің Жаралатыстану ғылымы жөніндегі вице-президенті. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының Құрметті директоры қызметтерін атқарған. 2001 жылдан - Еуразия ғылыми-техникалық орталығының президенті.

Негізгі ғылыми еңбектері металлургия мәселелеріне арналған. Ол ауыр түсті металдар мен оларға ілеспе элементтер теориясы бойынша ғылыми-зерттеу жүргізді; оның тікелей қатысуымен және ғылыми жетекшілігімен мыс металлургиясында тиімділігі жоғары және жаңа автогенді процестердің физикалық-химиялық негіздері зерттелді. Жоғары температуралы зерттеу саласында тұңғыш рет термиялық орнықсыз металл сульфидтерінің төте булануы, тотығу процестерінің кинетикасы мен механизмі жасалды. Қожахметовтың жетекшілігімен Қазақстан және Ресей ғалымдары бірігіп ашқан автогенді процестің жаңа әдісі - кивцэттік балқыту әдісі мыс қорыту зауыттарында кең қолданысқа ие болды. Осы еңбегі үшін авторлар ұжымымен бірге Қожахметовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

250 ғылыми жұмыстың, Қазақстан Республикасы мен КСРО-ның 50 авторлық куәлігінің және 10 шетел патентінің авторы.

11-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.

«Халықтар достығы» орденімен және медальдармен марапатталған.

7 1 жыл бұрын (1943) сәулетші, профессор, Халықаралық сәулет академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі БАЙМАҒАМБЕТОВ Сұлтан Қабиұлы дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. «Алматыгипрогор» жобалау институтының сәулетшісі, аға сәулетшісі, топ жетекшісі, жобалардың бас сәулетшісі, шеберхана жетекшісі, директоры қызметтерін атқарған. 1993 жылдан Алматы қалалық сәулет және құрылыс комитетінің төрағасы, Сәулет және қала құрылысы департаментінің директоры - бас сәулетші қызметтерін атқарған. 2007 жылдан Алматы қаласы қала құрылысы кеңесінің хатшысы қызметін атқарған.

70 жыл бұрын (1944) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі ӘМІРОВ Иран Әмірұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Қызылорда облысынта туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Заңгер. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері. Қазақстан Республикасының құрметті судьясы. Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып қызмет істеген. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің парламентаралық Ассамблеясының мүшесі. Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесімен, Бельгия Корольдігі Парламентімен, Румыния Сенатымен, Сауд Арабиясы Корольдігінің Консультативтік Кеңесімен (Шура Мәжіліс) ынтымақтастық тобының мүшесі. «Құрмет» орденімен, бес медальмен марапатталған.

6 7 жыл бұрын (1947) Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ректоры, шығыстанушы, дінтанушы, жазушы және сыншы ДЕРБІСӘЛІ Әбсаттар қажы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетін үздік бітірген (1969). 1970-1975 ж. КСРО Ғылым академиясы Москва Шығыстану институтында біліккер, аспирант. 1975-1976 ж. Марокко Корольдігі, 1985-1986 ж. Тунис Араб республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті. 1976-1977 ж. ҚР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1977 ж. әл-Фараби атын. Қазақ. мемл. ұлттық ун-тінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі. 1986-1988 ж. КСРО ҒА Москва Шығыстану ин-тының докторанты. 1989 ж. Шығыстану факультетінің деканы, 1991-1997 ж. тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор. 1997-2000 ж. Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі. 2000 және 2005ж. Қазақстан мұсылмандарының ІІІ және ІҮ Құрылтайларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, 2007ж. Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы, 2000 ж. тамызында Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV - V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды. Қазіргі қызметінде - 2013 жылдан бері. 1977 ж. «Араб тілді Марокко әдебиетінің даму дәуірлері» деген тақырыпта (ғыл. жетекшісі - проф. Ю.Н.Завадовский) кандидаттық, 1998 ж. «ҮІІІ-ХХ ғ-дағы араб тілді Марокко сөз өнерінің эволюциясы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. 1989 ж. профессор. 1995 ж. ҚР Жоғары Мектеп ҒА-ның академигі. Қазақстан ғылымының өкілі ретінде Бағдад (Ирақ), Сана (Солтүстік Йемен), Аден (Оңтүстік Йемен), Мекнес (Марокко), Токио (Жапония), Кашмир (Индия), Пешавар (Пәкстан), Мадрид (Испания), Колумбия (Нью-Йорк) уни-ттерінде лекция оқыды. Бірқатар халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдарға (Душанбе - 1985, Москва - 1989, 2000, 2004, Александрия - 1992, Сеул - 1995, Мадрид - 1996, Дели, Кашмир - 1999, Берлин - 2002, Каир - 2003, Афины - 2004), ЮНЕСКО-ның діни-мәдени конгрестеріне (Ташкент - 2000, Доха - 2001) қатысып баяндамалар жасады. ҚР халыққа білім беру министрлігі жанындағы шығыстанушылардың Оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, КСРО Шығыстанушылар Ассоциациясы Қазақ бөлімінің бюро мүшесі, КСРО ҒА Шығыс әдебиетін үйлестіру кеңесінің, ҚР Ұлттық ҒА-ның қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің, ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының, Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі. Қазақтың шет елдермен достық қоғамы Қазақ-Араб бөлімі төрағасы болды. КСРО Халыққа білім беру мемл. комитетінің Құрмет Грамотасымен (1984 ж.) марапатталған. ҚазМУ-дің әл-Фараби атын алуына үлкен еңбек сіңірді, Республикамыздың мемлекеттік 10 университеттерінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Араб тілі» ғылым Академиясының (Каир) академигі. Ә.Дербісәлі республикамыздағы жас арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі. Ол алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де араб бөлімі мен шығыс тілдер кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және тұңғыш деканы болды. Оның басшылығымен республикамызда тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, кәріс тілдері мен әдебиеті мамандықтары ашылып, кафедралары ұйымдастырылды. Сөйтіп республика өте зәру шығыстану ғылымы саласының ұлттық мамандарын даярлауға белсене атсалысты. Ә.Дербісәлінің қаламынан араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, сыртқы Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, ол жұрттың ой дүниесі мен Ислам тарихы, қасиетті Құран, пайғамбарымыздың хадис шәріптері туралы 600-ден астам теориялық және практикалық мәні бар ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер туған. Араб тілді Марокко әдебиетінің тұтас тарихын жазып шықты. Ол тек КСРО ғана емес, сол елдің өзінде де жазылған жоқ еді. Қожа Ахмет Йасауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді. Шығармаларын араб, парсы, шағатай тілдерінде туындатқан, еңбектері әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткен даламыздың Х-ХҮІІІ ғ. өмір сүрген Әбу-л Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Бурһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Таразилер, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи және т.б. барлығы 100-ге жуық ғалымдары мен ойшылдарын тауып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізді. Олар жайлы шығыстану және филология факультеттерінде дәрістер оқыды. Студенттер мен магистрлердің диплом жұмыстарына басшылық етті. Ә.Дербісәлінің жетекшілігімен докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуде де соны қадамдар жасады. Қашғария (1994), Пәкстан (1995), Индияға (1998) арнайы барып, Кашмир өлкесінен ғалымның зиратын тапты. Құлпытасының эпитапиясын шешті. Берлин және Қашғар қолжазбасы бойынша ғұламаның «Жаһан наме» атты поэмасын шағатай тілінен тәржімалап жариалады («Білім» Алматы, 2006). Ол жайлы бірқатар зерттеулерін жариялады. Сондай-ақ ол Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетін, Имамдардың білімін жетілдіретін республикалық Ислам институтын, қасиетті Құранды мәнерлеп оқу бойынша республикалық тұңғыш конкурсты, рамазан айларында Алматының орталық мешітінен қазақ теледидары арқылы қадір түнін насихаттау секілді тағы да басқа көптеген діни-руханият, діни-ағартушылық шараларын ұйымдастырды. 2003 және 2006 жылдары қыркүйекте Астанада әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізуге үлес қосты.

Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстанда араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырғаны және Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбектері үшін 2002 жылы Египет Араб республикасының 1-дәрежелі «Ғылым және өнер» орденімен, Қазақстан ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі үшін 2004 жылы «Парасат» орденімен және 2001 жылы «Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының конституциясына 10 жыл», 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалдерімен және 2007 жылы ҚР Білім және Ғылым министрінің «Қазақстан республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталды, 2005 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы маслихының шешімімен «Түлкібас ауданының құрметті азаматы» және сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы маслихатының шешімімен «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атақтары берілді. Ол Қазақстан халықтарының достығы мен ынтымағы, діндер аралық түсіністік пен сыйластықты арттыруда да игілікті істер атқарып келеді.

6 5 жыл бұрын (1949) Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры ӘБДІМАНАПОВ Сәрсенғали Әбдіғалиұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, математик. Еңбек жолын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастады, осы оқу орнында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректор, білім және даму проблемалары ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі болды. 2000-2004 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бірінші проректоры. 2004-2008 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проекторы. Оның тікелей қатысуымен ЕҰУ базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалы ашылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. 2008-2009 жылдары - «Ақмола қаржы-экономикалық колледжі» акционерлік қоғамының президенті. 2009-2012 жылдары - «Қаржы академиясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері.

«Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған. «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР еңбек сіңірген білім қызметкері», «Таңдаулы ректор», «ыбырай алтынсарин» төсбелгілерінің иегері.

5 3 жыл бұрын (1961) «Қазақтелеком» АҚ вице-президенті - бас техникалық директоры ЛЕЗГОВКО Александр Владимирович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы энергетика институтын бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы ҚазКСР Байланыс министрлігінде мамандандырылған монтаждау іске қосу-реттеу басқармасының инженері болып бастады. «Қазбайланысқұрылыс» тресі Алматы ЖМК монтаждаушысы болып бастады. 1987-1988 жылдары - Алматы электр вагон жөндеу зауыты комсомол комтетінің хатшысы. ҚЛКСМ Әуезов аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі. 1989-1990 жылдары - Алматы облыстық Жастар шығармашылығы ғылыми-техникалық орталығы директорының орынбасары. 1991-1997 жылдары - Алматы ОТД директорының орынбасары. 1997-1998 жылдары «Қазақтелеком» ААҚ инвестициялық жоспарлау департаментінің директоры. 1998-1999 жылдары - «Алматытелеком» ҚТО бас директорының бірінші орынбасары. 1999-2005 жылдары - «Алматытелеком» ҚТО бас директоры. 2005-2007 жылдары - «Қазақтелеком» АҚ бас техникалық директорының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2007 жылғы наурыздан бері.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған, «Құрметті байланысшы» (2005) атағына ие болған..

3 9 жыл бұрын (1975) «Астана-Қаржы» Банкі» АҚ басқарма төрағасы ШӘКІБАЕВ Ерлан Дәулетұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 1997 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ға келгенге дейін «БТА» Банкі, «Каспий» банкі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде, ҚР Президентінің Іс басқармасында, ҚР Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетінде әртүрлі басшылық қызметтерде болды. 2009 жылғы тамыздан - «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарушы директоры - басқарма мүшесі. Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы маусымнан бері.

18 4 жыл бұрын (1830-1915) Мексиканың мемлекет және саяси қайраткері, 1877-1880 және 1884-1911 жылдардағы Мексика президенті Хосе де ла Крус Порфирио ДИАС МОРИ дүниеге келді.

15 7 жыл бұрын (1857-1930) АҚШ-тың 27-ші президенті (1909-2913) Уильям Говард ТАФТ дүниеге келді.

89 жыл бұрын (1925-2007) кеңестік және ресейлік театр мен кино актері, Социалистік Еңбек Ері ЛАВРОВ Кирилл Юрьевич дүниеге келді.

77 жыл бұрын (1937) Аргентинаның 1999-2001 жылдардағы президенті Фернандо де ла Руа дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар