15 қыркүйек. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР
442 жыл бұрын (1576-1656) мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, би, Әйтеке бидің үлкен атасы ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР Сейітқұлұлы дүниеге келді.
Әкесі Сейітқұл өзіне қарасты алшындармен Нұрата өңіріндегі өзбек, қарақалпақтардың басын біріктіріп хан сайланғаннан кейін, алғыр да зерек Жалаңтөс баһадүрді Нұратадағы мешітке оқуға береді. Мешітте батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шыңдап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды. Баласының зеректігін байқаған әкесі оны Бұқар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі әскери мектебіне жібереді. Осы жерде үш жыл оқып, түменбасылық лауазым алады. 1626 жылы Имамқұл хан Бұқар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған бас қолбасшысы Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп тағайындайды. Ол дарынды қолбасшы ғана емес, ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы болған. Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан «Ширдор» (Арыстан қақпа), «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медреселерін салдырады.
127 жыл бұрын (1891-1948) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі ҚАШҚЫНБАЕВ Иса Таумышұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Орал реалдық әскери училищесін, Қазан университетінің медицина факультетін бітірген. 1917 жылғы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Уақытша ұлт кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды. 1920 жылғы 21 маусымдағы Қазақ РК (б)П облыстық комитеті мәжілісінде «қоғам үшін қауіпті» адам ретінде оны айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Халық атқару комитетінің ара түсуімен Ташкент қаласына жіберілді. 1920 жылы осында мұсылмандардың өлкелік фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. Ол 30-жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылғы 23 сәуірде «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қылмысы дәлелденбегендіктен 1939 жылғы 1 желтоқсанда түрмеден босатылды. Соғыс жылдарында көшіріліп әкелінген госпитальдарға жетекшілік етті. Соғыстан кейін Ташкентте Семашко атындағы Курортология ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті.
Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
85 жыл бұрын (1933) композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор БАЯХУНОВ Бәкір Яхияұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы консерваториясын (профессор Қ.Қожамияровтың класы бойынша) бітірген. 1960-1963 жылдары Мәскеу консерваториясында музыкалық білімін шыңдаған. 1963 жылдан Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) дәріс берген. Қазақстан Композиторлар одағы төрағасының орынбасары. Баяхунов қазақ халық музыкасын өңдеуде («Күй» симфониясы, «Қамбар батыр», «Ысқырма») елеулі еңбек еткен. Сонымен қатар бірнеше кинофильмдерге музыка жазған. Композитордың қазақ домбыра музыкасының полифониясы туралы мақалалары, дүнген халық әндері туралы зерттеулері бар.
85 жыл бұрын (1933-1997) жазушы ЖӘРКЕНОВ Қабыш дүниеге келді.
Шығыс Түркістанда туған. 1955 жылы тарихи атамекені Қазақстанға оралған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Көп жылдар бойы ауылда ұстаздық қызмет атқарған. Балаларға арналған «Мінезді аға», «Айналайын», «Көңілді жаз», тағы басқа да кітаптары, «Мұғалімдер» атты романы жарық көрген.
83 жыл бұрын (1935) металлург, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі ҚОЖАХМЕТОВ Сұлтанбек Мырзахметұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Мәскеудің алтын және түсті металдар институтын бітірген.
1958-1993 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының аға зертханашысы, инженері кіші және аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1982-1987 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының вице-президенті. 1988-1995 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының директоры. 1993-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы минералдық шикізатты кешенді өңдеу Ұлттық ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі. 1994-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі Ұлттық ғылым академиясының Жер туралы ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы - президиум мүшесі, Жаралатыстану ғылымы жөніндегі вице-президенті. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының Құрметті директоры қызметтерін атқарған. 2001 жылдан Еуразия ғылыми-техникалық орталығының президенті болды.
Негізгі ғылыми еңбектері металлургия мәселелеріне арналған. Ол ауыр түсті металдар мен оларға ілеспе элементтер теориясы бойынша ғылыми-зерттеу жүргізді; оның тікелей қатысуымен және ғылыми жетекшілігімен мыс металлургиясында тиімділігі жоғары және жаңа автогенді процестердің физикалық-химиялық негіздері зерттелді. Жоғары температуралы зерттеу саласында тұңғыш рет термиялық орнықсыз металл сульфидтерінің төте булануы, тотығу процестерінің кинетикасы мен механизмі жасалды. Қожахметовтың жетекшілігімен Қазақстан және Ресей ғалымдары бірігіп ашқан автогенді процестің жаңа әдісі - кивцэттік балқыту әдісі мыс қорыту зауыттарында кең қолданысқа ие болды. Осы еңбегі үшін авторлар ұжымымен бірге Қожахметовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
250 ғылыми жұмыстың, Қазақстан Республикасы мен КСРО-ның 50 авторлық куәлігінің және 10 шетел патентінің авторы.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
«Халықтар достығы» орденімен және медальдармен марапатталған.
71 жыл бұрын (1947) Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, шығыстанушы, дінтанушы, жазушы және сыншы ДЕРБІСӘЛІ Әбсаттар қажы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетін үздік бітірген (1969). 1970-1975 жылдары КСРО Ғылым академиясы Мәскеу Шығыстану институтында аспирант. 1975-1976 жылдары Марокко Корольдігі, 1985-1986 жылдары Тунис Араб Республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті. 1976-1977 жылдары ҚР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1977 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі. 1986-1988 жылдары КСРО ҒА Москва Шығыстану институтының докторанты. 1989 жылы Шығыстану факультетінің деканы, 1991-1997 жылдары тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор. 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі. 2000 және 2005 жылдары Қазақстан мұсылмандарының ІІІ және ІҮ Құрылтайларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, 2007 жылдары Орталық Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы, 2000 жылы тамызында Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV - V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды. Қазіргі қызметінде - 2013 жылдан бері.
Ә.Дербісәлі республикамыздағы жас арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді.
2003 және 2006 жылдары қыркүйекте Астанада әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізуге үлес қосты.
Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстанда араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырғаны және Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбектері үшін 2002 жылы Египет Араб республикасының 1-дәрежелі «Ғылым және өнер» орденімен, Қазақстан ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі үшін 2004 жылы «Парасат» орденімен және 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалдерімен және 2007 жылы ҚР Білім және Ғылым министрінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталды, 2005 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы маслихының шешімімен «Түлкібас ауданының құрметті азаматы» және сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы маслихатының шешімімен «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атақтары берілді.
69 жыл бұрын (1949) Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры ӘБДІМАНАПОВ Сәрсенғали Әбдіғалиұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, математик.
Еңбек жолын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастады, осы оқу орнында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректор, білім және даму проблемалары ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі болды. 2000-2004 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бірінші проректоры. 2004-2008 жылдары - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры. Оның тікелей қатысуымен ЕҰУ базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалы ашылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. 2008-2009 жылдары - «Ақмола қаржы-экономикалық колледжі» акционерлік қоғамының президенті. 2009-2012 жылдары - «Қаржы академиясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері.
«Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған. «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР еңбек сіңірген білім қызметкері», «Таңдаулы ректор», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері.
48 жыл бұрын (1970) Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары НҮКЕНОВ Қайрат Теміршотұлы дүниеге келген.
1970 жылдың 15 қыркүйегінде Палодар облысы Железин ауданының Захаровка ауылында туған. Жоғары білімді. Сібір мемлекеттік автомобиль-жол академиясын, П.А.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетін бітірген, мамандығы - экономист және ғалым-агроном. Қ.Нүкенов еңбек жолын Железинский ауданы «Железинский» кеңшарының №2 бөлімінде жұмысшы болып бастаған. 1992 жылдан шағын және орта бизнес кәсіпорындарына жетекшілік еткен. 2012 жылы Павлодар облысы Железин ауданының әкімі болды. Ал осы тағайындауға дейін Павлодар облысының кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасын басқарып келді. Ақсу қаласының әкімі (2014-2016); Павлодар облысы Екібастұз қаласының әкімі (2016-2018).
Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылғы тамыз айында кірісті.