15 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 15 қыркүйек тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

15 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

62 жыл бұрын (1961) «Батыс Қазақстан өңірлік электр желілері компаниясы» ЖШС бас директоры Қуат Наурызұлы МУСИН дүниеге келді.

Орал облысы, Камен ауданы, Каменка ауылында туған.

Қазақстан мемлекеттік аграрлық университетін бітірген (1998). Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті (2014). Экономика ғылымдарының магистрі

Еңбек жолы: Шиповский элеваторының жұмысшысы (1978-1979), ПМК-5 электромонтері (1981-1984), Орал ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумының студенті (1984-1987), Зеленов аудандық ішкі істер бөлімінің электр монтері (1988-1990), Тасқаладағы «Батыс Қазақстан электр желілері компаниясы» АҚ электр монтері, бригадир, бас инженер, басшы (1990-2008), Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы әкімінің орынбасары, әкімі (2008-2013), «Батыс Қазақстан электр желілері компаниясы» АҚ басқарма-директоры, басқарма төрағасының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары (2013-2019), «Жайықтеплоэнерго» АҚ бас директоры (2019-2022).

2022 жылдан бастап «Батыс Қазақстан өңірлік электр желілері компаниясы» ЖШС бас директоры.

51 жыл бұрын (1972) «Қазақстан медициналық кеңесі» қауымдастығының атқарушы директоры Уәлихан Исаұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

С.Д.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген, емдеу ісі (1995 ж); Кемерово мемлекеттік университетін «әлеуметтік сала экономикасы, денсаулық сақтау және сақтандыру, экономист» мамандығы бойынша бітірген (1998).

Еңбек жолы: Алматы қаласы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының санитары, орта медициналық қызметкер, дәрігер; Медициналық сақтандыру қорының жетекші маманы (1998); Алматы қаласы бойынша медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығының ұйымдастыру жұмысы және статистика бөлімінің бастығы (1998-2000); Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет көрсету сапасын талдау және бағалау ұлттық орталығының директоры (2000-2003); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Экономикалық саясат бөлімінің Жүйелік зерттеулер орталығының сектор меңгерушісі (2003-2004); Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саланың шығыстарын жоспарлау департаменті директорының орынбасары (2004-2005); Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрағасы (2005-2006); Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту институтының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық инновациялық қор президентінің кеңесшісі, «Әлеуметтік инновациялық технологиялар» АҚ вице-президенті (2006-2008); С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ғылыми-клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, жоспарлау және дамыту жөніндегі проректоры (2008-2011); Алматы мемлекеттік медицина білімін жетілдіру институтының ректоры, «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры; «Көз аурулары ғылыми-зерттеу институты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Еуразиялық денсаулық сақтау қауымдастығының бақылау кеңесінің төрағасы (06.2011-2015); «Оқу-клиникалық орталығы» Алматы филиалының меңгерушісі (2015); Алматы денсаулық сақтау басқармасының басшысы (01.2016-10.2017), Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы (2018 ж.)

Ұйымдастыру және экономика, денсаулық сақтау, сақтандыру тақырыптарында 60-тан астам жарияланымдары бар.

49 жыл бұрын (1974) Жетісу облысы прокурорының орынбасары Ержан Мұхаметқалиұлы СЫБАНҚҰЛОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетін бітірген, құқықтану (1996).

Еңбек жолы: Алматы қаласы Жетісу аудандық прокуратурасында стажер (07.1996-09.1996); Алматы қаласы Жетісу ауданы прокурорының көмекшісі (1996-1998); Қостанай облысы прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің, тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры (1998-1999); Қостанай облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің аға прокуроры (1999-2000); Қостанай облысы Әулиекөл ауданы прокурорының орынбасары (2000-2001); Павлодар қаласы прокуратурасының прокуроры (06.2002-09.2002); Павлодар облысы прокуратурасының алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры (2002-2003); Павлодар облысы прокуратурасының алдын ала тергеу және анықтаудың заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры (11.2003-12.2003); Павлодар облысы Ақтоғай ауданының прокуроры (2003-2007); Павлодар облысы Баянауыл ауданының прокуроры (2007-2012); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті департаментінің басшысы (2012-2013); Алматы облысы Текелі қаласының прокуроры (2013-2015); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Біліктілікті арттыру институтының кәсіби даярлау және дамыту басқармасының бастығы (2015-2016); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ректорының көмекшісі (01.2016-10.2016); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қарамағында (10.2016-11.2016); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кадр бөлімінің аға прокуроры (2016-2017); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қарамағында (01.07.2017-20.07.2017); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кадр бөлімінің аға прокуроры (2017-2018); Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қарамағында (16.08.2018-27.08.2018); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының Құқық қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері (2018-2019); Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі (06.2019-09.2019), Алматы облысы прокурорының орынбасары (2019-2022).

47 жыл бұрын (1976) ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің талдау бөлімінің меңгерушісі Александр Владимирович СУХАНОВ дүниеге келді.

Кәсіпкерлік және менеджмент мәдениеті институтын экономист менеджер мамандығымен (1997), «Әділет» құқық жоғары мектебін (2001) бітірген.

1997-2004 жылдар аралығында медиа және талдау құрылымдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған, 2004-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес ұйымдарында және орталық аппаратында жұмыс істеген.

2012 жылдың қарашасынан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінде: ҚР Президенті Әкімшілігі баспасөз қызметінің инспекторы, сектор меңгерушісі, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.

Қазіргі лауазымына Мемлекет басшысының өкімімен 2018 жылдың қаңтар айында тағайындалған.

40 жыл бұрын (1983) актер, продюсер Дәуіт ШАЙХИСЛАМОВ дүниеге келді.

Қазақ КСР Маңғыстау облысы, Новый-Өзен (қазіргі Жаңаөзен) қаласында туған.

КВН жұлдызы, «Astana.KZ» Республика құрамасы сапында Жоғарғы лигада ойнаған.

Отандық «Құдалар», «Құдалар-2», «Қала аңыздары - 1, 2, 3» және «Ерлі-зайыптылар» ситкомдарының авторы.

Ол режиссер Әнуар Матжанов пен бас продюсер Бағдат Қожахметовтің «Гудбай, мой бай» комедиясында басты рөлді сомдаған. Фильм Шайхисламов екі маусымда ойнаған «Ерлі-зайыптылар» телехикаясының толық метражды жалғасы болды.

2019 жылы Дәуіт Шайхисламов пен Сәбит Рахымбаевтың продюсерлігімен «Хайптағы аташка» толықметражды комедиясының премьерасы өтті.

2020 жылы «Гудбай, мой бай - 2» комедиясында Шайхисламов Рахымбаевпен бірге басты рөлдердің бірін сомдап, продюсер қызметін атқарды.

132 жыл бұрын (1891-1948) алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Иса Таумышұлы ҚАШҚЫНБАЕВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған. Орал реалдық әскери училищесін, Қазан университетінің медицина факультетін бітірген. 1917 жылғы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Уақытша ұлт кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды.

1920 жылғы 21 маусымдағы Қазақ РК (б)П облыстық комитеті мәжілісінде «қоғам үшін қауіпті» адам ретінде оны айрықша мінездемемен Заволжье әскери округіне жіберу жөнінде шешім қабылдады. Алайда Халық атқару комитетінің ара түсуімен Ташкент қаласына жіберілді. 1920 жылы осында мұсылмандардың өлкелік фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысты. Ол 30-жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды. 1938 жылғы 23 сәуірде «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қылмысы дәлелденбегендіктен 1939 жылғы 1 желтоқсанда түрмеден босатылды.

Соғыс жылдарында көшіріліп әкелінген госпитальдарға жетекшілік етті. Соғыстан кейін Ташкентте Семашко атындағы Курортология ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

7 6 жыл бұрын (1947-2021) шығыстанушы, дінтанушы, жазушы және сыншы Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетін үздік бітірген (1969). 1970-1975 жылдары КСРО Ғылым академиясы Мәскеу Шығыстану институтында аспирант.

1975-1976 жылдары Марокко Корольдігі, 1985-1986 жылдары Тунис Араб Республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті. 1976-1977 жылдары ҚР ҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.

1977 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі. 1986-1988 жылдары КСРО ҒА Москва Шығыстану институтының докторанты. 1989 жылы Шығыстану факультетінің деканы, 1991-1997 жылдары тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор.

1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі. 2000 және 2005 жылдары Қазақстан мұсылмандарының ІІІ және ІV Құрылтайларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, 2007 жылдары Орталық Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы, 2000 жылы тамызда Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV-V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.

Ә. Дербісәлі – республикамыздағы жас арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді.