15 млрд доллар криптовалюта: Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлттық банк дерегіне күмән келтірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қазақстандықтардың 15 млрд доллардың криптоактивін көлеңкелі аймақтан сатып алғаны туралы мәліметке пікір білдірді.

— Жуықта Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандықтар 15 млрд теңгеге криптоактив сатып алғанын мәлім етті. Сіз ұсынып отырған заң жобасы осындай операциялар арқылы активтерді жылыстату әрекеттерін тоқтата ала ма? Криптоактив арқылы сыртқа ақша жылыстатқан тұлғаларды анықтау бағытында жұмыс жүргізіп жатырсыздар ма, — деп сұрады депутат Марат Бәшімов.
Агенттік басшысының орынбасары Ұлттық банк дерегін ресми мәлімет ретінде қарастыруға әлі ерте деген пікір айтты.
— Шын мәнінде 15 млрд долларды криптоактив ретінде шығарды деп айтуға әлі ерте шығар. Өйткені бұл мәліметтер блокчейнге сараптама жасайтын компаниялардан алынған. Біз осы есептердің әдістемесін сұраттық. Шынын айтсам, ол есептерден көп сұрақ туындайды. Сондықтан мұндай цифрлар туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын, — деді ол.
Агенттік өкілі қазір Қазақстан аумағында цифрлық активтер айналымына тыйым салынғанын еске салды.
— Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша цифрлық активтер айналымын көлеңкеден шығаруға арналған заң жобасы әзірленіп жатқанын білесіздер. Қазір Қазақстан аумағында өтіп жатқан операциялардың бәрі көлеңкелі аймақта. Осындай көлеңкелі айырбастау бекеттерінің үстінен қозғалған бірқатар қылмыстық іс бар. Заң жобасында цифрлық активтердің айналымына 5 млн теңге шекті меже қойып отырғанымыз да содан, — деді Жеңіс Елемесов.
Еске салсақ, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандықтар көлеңкелі аймақтан 15 млрд долларға криптовалюта сатып алғанын мәлім еткен болатын.