15 мыңнан астам астаналық коронавирустан жазылды – Алтай Көлгінов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов COVID-19 бойынша қаладағы жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Биылғы жыл дәрігерлер үшін қиын болды. Дәрігерлердің көмегімен және олардың тікелей жұмысымен қаламыздың 15 мыңнан астам тұрғыны COVID-19 ауруынан жазылып шықты. Елбасының «Біргеміз» атты үндеуі мен Мемлекет басшысының қадағалауының нәтижесінде COVID-19 вирусымен күрестің алғашқы толқынын еңсеріп, дайындықты күшейттік. Қазіргі таңда елордада 176 адам ем алуда. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жаз айларында бір күнде 3911 адам ем алып жатқан болатын», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің айтуынша, қазір қаладағы жағдай тұрақтанды. Бірақ әрі қарай да бұл жұмысты күшейтілген түрде қадағалап отыру қажет.

«Жыл басында ПТР тестілеу бойынша бір ғана зертханамыз болса, қазір оның саны 17-ге дейін артты. Тестілеу уақыты бойынша, жаз айларында жүктеме күшейгенде 5 күнге дейін күтуге тура келетін. Қазір зертханалардың қуаты артып, тест нәтижесі 4 сағатта беріліп жатыр. Стационарларда изотермиялық мини-зертханалар орнаттық, олар стационарда емделіп жатқан науқастардың тестілеу нәтижесін екі сағатта көрсете алады», - деп түсіндірді А. Көлгінов.

Сонымен бірге, ведомствоаралық комиссия шешімімен елге келетін барлық рейс жолаушыларынан ПТР анықтамалары талап етіледі.

«Тиісті анықтамасы жоқ жолаушыларды карантин стационарына жеткіземіз және тексеруден кейін ғана қалаға кіргіземіз. 6 қазаннан бері 4800 жолаушы карантин стационарына барды, оның 28-інен COVID-19 вирусы анықталды және емдеуге жіберілді», - дейді әкім.


Соңғы жаңалықтар