15 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 15 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
68 жыл бұрын (1958) скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ЮНЕСКО шешімімен «Әлем әртісі» құрметті атағына ие болған, Қазақстан және Бүкілодақтық Жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Чайковский атындағы халықаралық байқау лауреаттары қауымдастығының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы МҰСАҚОЖАЕВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1983 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке дауыстағы орындаушысы болған. 1984-1997 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1998-2024 жылдары Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры қызметін атқарған.
Ол «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрін ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болған. Мұсақожаевның репертуарында жеке скрипкаға арналған И.Бах пен Э.Изаидың сонаталары, В.Моцарт, И.Брамс, Г.Венявский, П.Чайковский, т. б. композиторлардың концерттік шығармалары, сондай-ақ Қазақстан композиторлары Е.Брусиловский, Ғ.Жұбанова, С. Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, М.Төлебаев, т. б. туындылары бар. Оның өнері үздік орындаушылық шеберлігімен әрі жоғары музыкалық талғамымен ерекшеленеді. 1976 жылдан концерттер берумен белсене айналысып, бірқатар шет елдерде өнер көрсеткен. Мажарстан, Югославия, Болгария, Германия және Норвегияда өткен Қазақстан мәдениеті күндеріне қатысқан. Ол скрипкашылардың халықаралық жастар байқауының, П.Паганини атындағы халықаралық байқауының дипломанты және скрипкашылардың халықаралық байқауының лауреаты, Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивальдарының дипломанты болған.
64 жыл бұрын (1962) белгілі қазақстандық скрипкашы және дирижер Марат Сәметұлы БИСЕНҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Алматыда туған. 1969 жылы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық училищенің скрипка сыныбында оқи бастайды. 8 сыныпта Нина Михайловна Патрушеваның тәрбиесінде нағыз ұстазын тауып, скрипкада беріле ойнайды. Училищені бітірген соң ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ардақты Н.М.Патрушеваның класына қабылданды. Үшінші курста П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Борис Владимирович Беленькийдің класына ауысты. 1988 жылы Қазақстанға келіп «Алтын алма» атты жеке батыстық музыка ұжымдарымен тайталаса алатын камералық концерт құрды.
1990 жылдан Англияда тұрады. Осы уақыттан бастап, белсенді концерт берумен айналысады. 1990 жылы Англия корольдігінің оркестрімен үлкен концерттер қояды .Осыдан кейін-ақ, оның скрипкашылық өнері таныла түсті. Осы жылы «Наксос» фирмасының менеджері оны байқап, осы фирмамен бірге жұмыс істеуге шартқа отыруды ұсынады. Мұның өзі скрипкашы алдында батыстың көптеген концерттік залдарының есіктері айқара ашыларына және әлемдік жетекші маңыздағы оркестрлерде орындауына мүмкіндік туғызды. Ол әлемнің ең үздік «Карнеги Холл» және «Барбикен Холл», «Альберт Холл», «Гивен Хауз» залдарында өнерімен жұрттарды тамсандырды.
Оның көптеген дискілері ағылшын журналы «Граммофонның» үздігі аталды. 1989 жылы Мәскеудегі «Мелодия» фирмасы да оның орындауындағы шығармаларды үнтаспаға жазды. Оның репертуарына 80 скрипкалық концерті мен 1,5 сағаттық камералық музыкаға арналған бағдарламалары енді.
1996 жылы Нью-Йорктің Барбикан Холында Англияның камералық оркестрімен берген концерті халықаралық скрипка жұлдызы ретінде қалыптасуындағы шешуші кезең болды. Ол ірі әлемдік музыка жазбаларымен айналысатын компаниялармен тұрақты келісімшарт жасасады. Қазіргі кезде Марат Бисенғалиевті дүниежүзінің танымал сыншылары мойындап отыр. Оны «Қазақстанның бейбітшілік елшісі» деп атайды.
Марат Бисенғалиевтің тікелей ұйымдастыруымен құрылған батысқазақстандық симфониялық оркестр Астана, Алматы және Орал қалаларында "көмеймен ән салатын" өнерпаз Еділ Құсайыновтың Финляндия хоры мен Ұлыбританиялық орындаушыларының қатысуымен өткен екі сағаттық концерті аса табысты өтті. Karl jenkins Music ltd дискіде музыкалық поэманы жарыққа шығарды. Оны таспаға түсіруді Sony classic фирмасының студиясы мойнына алды. Бұл оркестрде кеңесші дирижер болуға кезінде Фуат Мансұров пен ағылшындық дирижер Джон Андерсон қатысқан-ды.
2008 жылы оған ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
54 жыл бұрын (1972) «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС бас директоры Сабырғали Мұхаметқалиұлы ИДРИСОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. 1995 жылы Обнинск атом энергетикасы институтын (Ресей Федерациясы) инженер-физик-жылу энергетикасы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1995 жылы Қарағанды облысы, «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ Жезқазған ЖЭО операторы, турбомашинист, 1996-2003 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ Жезқазған ЖЭО станциясының ауысым бастығы, Қарағанды ЖЭО техникалық директорының орынбасары, кейін бас инженердің орынбасары, өндірістік директоры, «Қарағанды жылу» ЖШС коммерциялық директоры, 2003-2007 жылдары «Қарағанды Жылу» ЖШС бас директоры, 2009-2010 жылдары ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары, «Қарағанды энергия орталығы» ЖШС бас директоры, 2012-2014 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2015-2017 жылдары квазимемлекеттік секторда басшы лауазымдарда жұмыс істеді. 2017-2023 жылдары «Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС бас директоры, «Қарағанды энергия орталығы» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарды.
2023 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
49 жыл бұрын (1977) Атырау облысы прокурорының бірінші орынбасары Елдос Тоқтасынұлы ҚИЛЫМЖАНОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1998 жылдан бастап ҚР прокуратура органдарында қызмет атқарып келеді.
Еңбек жолында Алматы облысының Ұйғыр және Талғар аудандары прокуратураларында көмекші, аға көмекші қызметтерін атқарған. Алматы қаласының Медеу және Алатау аудандары прокурорының орынбасары, Алмалы ауданының прокуроры, Оңтүстік-Шығыс аумақтық көлік прокурорының көмекшісі, Астана қаласының көлік прокуроры, Есіл ауданы прокурорының орынбасары, сондай-ақ Астана қаласы прокурорының орынбасары лауазымдарында болған. 2021-2023 жылдары ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары, 2023-2025 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау қызметі бастығының орынбасары қызметінде болды.
Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.
47 жыл бұрын (1979) Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданының әкімі Қайрат Қайроллаұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Көкшетау облысы Володар ауданы Красное ауылында туған. Қарағанды «Фемида» Заң академиясының Көкшетау филиалын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын экономика бакалавры, заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1996-2004 жылдары Айыртау ауданындағы Прекрасненская орта мектебінің мұғалімі, 2004-2007 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық әділет басқармасының баяндамашысы, бас маманы, 2007-2008 жылдары Айыртау аудандық Әділет департаментінің бас маманы, 2008-2012 жылдары «ХҚКО» РМК филиалының Ғ.Мүсірепов атындағы аудан бойынша бөлім басшысы, 2012-2015 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің экономика және ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары, 2015-2018 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2018-2024 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі қызметінде болды.
Қазіргі лауазымын 2024 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді.
42 жыл бұрын (1984) Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Таласбекұлы ИБРАИМОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт», «Қаржы және қаржы құқығы» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы «КазХолодМаш» ЖШС-нің қаржы директоры болып бастаған.
Алматы қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадр және бақылау инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадр және бақылау инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының «Олимпиадалық резервті даярлау орталығы» КММ директоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ директоры, «Республикалық спорт колледжі» РМҚК директоры қызметтерін атқарған. 2022-2024 жылдары «К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ директоры лауазымында қызмет атқарды.
Қазіргі лауазымын 2024 жылдың сәуірінен бастап атқарып жатыр.
39 жыл бұрын (1987) Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әлиұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.

Түркістан облысында туған. 2007 жылы Лондон King’s колледжін (Ұлыбритания), 2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, 2010 жылы IE Business School (Мадрид, Испания) бітірген.
Еңбек жолы: 2010-2012 жылдары «КААД и К» ЖШС менеджмент және маркетинг бөлімінің бастығы, 2012-2013 жылдары «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, 2013-2014 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық жобалар басқармасының бас маманы, 2014-2015 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры, 2015-2016 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ кәсіпкерлік және инновациялар департаментінің жоба жетекшісі, 2016-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі, 2017-2018 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және бағалау департаменті директорының орынбасары, 2018-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаментінің директоры, 2019-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2020-2022 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды. 2022-2024 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі лауазымын атқарды.
2024 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.
121 жыл бұрын (1905-1979) әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақстанның халық әртісі Қанабек БӘЙСЕЙІТОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Жастайынан ән салып, «әнші бала» атанған.
1920 жылдан қызметке араласа бастайды. Ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болған. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген.
Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатады. 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар, пьесалар («Озбыр болыс», «Зәуре», «Тартыс», «Келіншек», т. б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында М.Әуезов пен И.Коцыктың «Айман — Шолпанында» Арыстанның тұлғасын сахналады. Төлеген, Тарғын, Абай, Арыстан хан сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) алғашқы режисерлерінің бірі ретінде «Абай», «Қамар сұлу», «Қыз Жібек», «Дударай», «Даиси», «Евгений Онегин», «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларының, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты опералардың либреттоларын (Қ.Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның «Құштар көңіл» кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.