15 НАУРЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
15 НАУРЫЗ, СЕНБІ Венгрия Республикасының Ұлттық мейрамы - 1848-1849 жылдардағы Буржуазиялық-демократиялық революцияның басталуы. Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Астанасы - Будапешт. Мемлекеттік тілі - венгр (мадьяр) тілі. Ақша бірлігі - форинт. Венгрия парламенттік республика. Елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Атқарушы билікті Мемлекеттік жиналыс құрамындағы әр түрлі партия өкілдерінен құралған үкімет жүргізеді. Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-де орнатылды. Бүкіләлемдік тұтынушы құқы күні. 1961 жылғы наурыздың 15-де болған АҚШ Конгресінде Джон Ф.Кеннеди сөз сөйлеп, тұтынушының негізгі төрт құқын атап өтті: 1. Қауіпсіздігін сақтау құқығы, 2. Таңдау құқығы, 3. Тауар сапасы, 4. Сөзін тыңдату құқығы. Әлемдегі барлық тұтынушы құқын қорғау қоғамдары бұл сөздерді манифест ретінде қабылдады. Беларусь Республикасының Конституция күні. 1994 жылы Беларусь Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің жаңа негізгі заңын қабылдады. 1996 жылғы қарашаның 24-дегі халықтық референдум нәтижесінде БР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Беларус Республикасы Шығыс Еуропа жазығындағы Днепр, Батыс Двина мен Неман өзендерінің аңғарларын алып жатқан мемлекет. Астанасы - Минск. Мемлекетті тілі - беларус тілі. Ақша бірлігі - рубль. Діні - православие. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - екі палаталы Парламент. Ол төменгі (өкілдер кеңесі) және жоғарғы (Республика Кеңесі) палатадан тұрады. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-сында орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 15 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі агенттігі туралы» Жарлығы жарық көрді. 12 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен активтері 3,3 млрд долларға бағаланған ірі акционерлік қоғамдардың бірі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды. 9 жыл бұрын (2005) Ақмола облысы Астрахан ауданында Жауынгерлер даңқы мұражайы ашылды. Мұражай экспонаттарының арасында аудандық соғыс ардагерлерiнің жеке заттары, каска, сапер күректері, ордендері және медалдары, үшбұрыш хаттары бар. Сонымен бiрге, сол жылдары жарық көрген кеңес жауынгерлерінің батырлығы туралы баяндайтын шығармалар, фотоальбомдар да бар. 9 жыл бұрын (2005) Оралда Почиталин көшесіндегі Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция генерал-майоры Наурыз Өтегенов тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Наурыз Өтегенов (1925-2005) Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін көп жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет еткен, 1979 жылы генерал-майор шенін алған. 1974-1986 жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған. І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Жанақала ауданының Құрметті азаматы. 8 жыл бұрын (2006) Қазақстанда «Лаңкестік әліпбиі» оқу құралы басып шығарылды. Кітап авторы - біздің еліміздегі жалғыз терролог-ғалым, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтының психологияны басқару кафедрасы бастығының орынбасары Рысқұл Завотпаев. Оқу құралы - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарылды. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі бұл басылымды заңгер мамандығын игеруші студенттер мен орта мектеп оқушыларына арналған оқу құралы ретінде пайдалануға кеңес беріп отыр. Кітапта ресейлік танымал терролог-мамандардың еңбектеріне жүргізілген талдаулар негізінде азаматтарға лаңкестік әрекет болған жағдайда қандай әрекет жасауы керектігі жайлы кеңестер берілген. 7 жыл бұрын (2007) Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мектепте балалар хорына арналған Әліби Әбдінұровтың «Ұрпақ әуені» шығармалар жинағының концерті өтті. Жинақтың шығу мақсаты қазақ композиторы, ғалым және қоғам қайраткері, академик Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына арналған. Жинаққа 12 хордың миниатюралары және кантаталары кiрдi. Музыканың авторы Нартай Бекежанов, Мағжан Жұмабаев, Сейфолла Оспанов және т.б. сияқты белгiлi қазақ ақындарының өлеңдерiн таңдаған. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстанда алғашқы исламдық «Al Hilal» банкі ашылды. «Al Hilal» банкі Қазақстан үкіметі мен Біріккен Араб Әмірлігінің үкіметі арасындағы келісім нәтижесінде құрылған. Исламдық қаржы жүйесін жүзеге асыру үшін еліміздегі Азаматтық және Салық кодекстеріне, банк қызметтерін қадағалайтын нормативтік құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізілді. «Al Hilal» банкінің мақсаты - исламдық банк ісінің профилін арттыру және Қазақстан экономикасының дамуына әсер ететін жобаларға қатысу. «Al Hilal» банкінің мамандары сақтандыру қызметтерімен ғана шектелмей, жергілікті тұрғындардың исламдық қаржы-қаражат бойынша сауаттылығын арттыруды көздеген семинар дәрістерін жүргізді. 4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы желтоқсанның 25-індегі шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. 4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң табиғи монополиялар субъектілеріне және реттелетін рыноктарға қатысты тариф (баға) саясатын жетілдіруге, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға, ұсынатын қызметтер сапасын ынтыландыруға, реттелетін салалардың инвестициялық тартымдылығын ұлғайтуға жағдай жасауға бағытталған. ЕСІМДЕР 109 жыл бұрын (1905-1979) әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақстанның халық әртісі БӘЙСЕЙІТОВ Қанабек дүниеге келді. Алматы облысында туған. Жастайынан ән салып, «әнші бала» атанады. 1920 жылдан қызметке араласа бастайды. Ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болады. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген. Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатады. 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар, пьесалар («Озбыр болыс», «Зәуре», «Тартыс», «Келіншек», т.б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында М.Әуезов пен И.Коцыктың «Айман - Шолпанында» Арыстанның тұлғасын сахналады. Төлеген, Тарғын, Абай, Арыстан хан сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) алғашқы режисерлерінің бірі ретінде «Абай», «Қамар сұлу», «Қыз Жібек», «Дударай», «Даиси», «Евгений Онегин», «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларының, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты опералардың либреттоларын (Қ.Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның «Құштар көңіл» кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендермен, медальдармен марапатталған. 106 жыл бұрын (1908-1979) әнші, режиссер, Қазақстанның халық әртісі КОЛТОН Соломон Исаакович дүниеге келді. Украинада туған. Днепропетровск музыкалық училищесін бітірген. 1938-1949 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының әртісі болған. Осы театр сахнасында Игорьдің (А.Бородин «Князь Игорь»), Онегин мен Мазепаның (П.Чайковский «Евгений Онегин», «Мазепа»), Риголеттоның (Дж.Верди «Риголетто»), т.б. партияларды орындаған және Дж.Пуччинидің «Тоска», Вердидің «Аида» опералық спектакльдерін қойған. 1950 жылдан Одессадағы офицерлер үйінің опера студиясына жетекшілік еткен. 101 жыл бұрын (1913-2002) ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері КӨПІШЕВ Құланбай дүниеге келді. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1948-1970 жылдары Қазақ радиосының бас редакторы, «Үгітші блокноты» журналының жауапты хатшысы, «Жазушы» баспасының редакция меңгерушісі, аға редакторы қызметтерін атқарған. Ақынның балаларға арналған тұңғыш кітабы «Кішкентай Дәурен» деген атпен 1955 жылы жарық көрген. «Сыр толқыды», «Өркен», «Мәуе», «Жастар жырлайды», «Ағатай», «Ақмаралды асулар», «Жұлдыздар сөйлейді», «Қиядан қияға», «Жастар жырлайды», т.б. өлеңдер, поэмалар, балладалар жинақтары басылып шыққан. Көркем аударма саласында орыс ақындары А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, украин ақыны Т.Шевченконың, грузин ақыны Н.Бараташвилидің, т.б. жекелеген туындыларын, Д.Мамин-Сибиряктің «Приваловтардың миллиондары» романын, қырғыз халқының «Манас» эпосының «Семетей» бөлігін қазақ тіліне аударған. «Қызыл Жұлдыз», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Кенингсбергті алғаны үшін» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 100 жыл бұрын (1914-1995) мемлекет және қоғам қайраткері ДАЙЫРОВ Мұзаппар дүниеге келді. Саратов қаржы-жоспарлау техникумын, Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Батыс Қазақстан облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, Жаңақала аудандық партия комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы, Ақмола облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР-нің Дайындау министрі қызметтерін атқарған. Бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. «Ленин», «Қазан төңкерісі», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», төрт мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 94 жыл бұрын (1920-1978) ғалым, ботаник-миколог, фитопатолог, биология ғылымдарының докторы, профессор ҚАЛЫМБЕТОВ Бердіқұл Қалымбетұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Ортаазиялық мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Ғылым Академиясы Алматы ботаника бағының аға ғылыми қызметкері, директоры, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Ботаника институты споралы өсімдіктер биологиясы зертханасының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, Қазақ ауыл шаруашылығы институты (Қазақ ұлттық аграрлық университет) фитопатология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан мен Түрікменстан микофлорасындағы микология мәселелеріне арналған. Саңырауқұлақтың ғылымға беймәлім 100 түрін ашқан. 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған. 91 жыл бұрын (1923) ақын, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері ҚАРАЖІГІТҰЛЫ Апбаз дүниеге келді. Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1970-1998 жылдары Қарағанды облыстық газетінің тілшісі, Жезқазған облыстық газетінің бөлім меңгерушісі, Жезқазған балалар театрының әдеби меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері 1956 жылы қазіргі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған. Оның «Жетім», «Тас жарған емен» поэма, балладалары жарық көрген. «Ақмоншақ», «Шақпақ», «Әке дауысы», «Майқоңыр», «Қайран шеше», «Абыздар биігі» атты прозалық кітаптардың авторы. Драматургия саласындағы «Баубек», «Сәкеннің атылуы», «Махаббат азабы», «Қияндағы жалғыз үй» пьесалары Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрында қойылып жүр. 78 жыл бұрын (1936-2006) қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым агроном, Алматы облысының Құрметті азаматы ЖАНАТОВ Көшкімбай дүниеге келді. Алматы облысы қазіргі Ескелді ауданында туған. Қазақ ауылшаруашылығы институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1961-1967 жылдары - Талдықорған облыстық тәжірибелі-өндірістік шаруашылығының аға инженері, Алдабергенов атындағы кешенді бригаданың бригадирі. 1967-1978 жылдары - Сарканд ауданы Қарабөгет кеңшарының директоры. 1978-2000 жылдары - Алдабергенов атындағы агрофирманың бас директоры. 1991-1995 жылдары -Қазақстан Республикасы Шаруалар одағының төрағасы. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Аграрлық одағының төрағасы. 1999-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Агроөндірістікодағының төрағасы қызметтерін атқарған. 1991 жылы Президентті сайлау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтің Талдықорған облысы бойынша сенімді өкілі болған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылымының депутаты. «Парасат», «Құрмет», «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938) Еуразия нарық институтының ректоры, Еуропа ректорлары клубының мүшесі, экономика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты НҰРСЕЙІТ Айтқали Шоқалиұлы дүниеге келді. Ресейдің Челябі облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтының аспирантурасын бітірген. 1963-1992 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының ассистенті, доценті, зертхана жетекшісі, профессоры, кафедра меңгерушісі, проректоры. 1992-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық кадрларын қайта дайындау және біліктілігін жоғарлату институтының директоры, Нарық институтының директоры. 1996 жылдан бастап қазіргі қызметінде істейді. Ғалымның бірнеше кітабы жарық көрген. Нарық экономикасы, жоспарлау, мемлекеттік реттеу, қаржы және білім мәселелеріне арналған 225 ғылыми еңбегі бар. Медальдармен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938) медицина ғылымының докторы, профессор, Халықаралық гинекологтар қауымдастығының мүшесі БӘЙІШЕВА Сәуле Әбдіхамитқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1981 жылдан Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болған. Қазір аталмыш институттың жетекші ғылыми қызметкері болып істейді. Ғалымның 250-ден астам ғылыми еңбегі, 18 авторлық куәлігі мен патенті бар. Бірнеше кітаптың авторы. Медальмен марапатталған. 73 жыл бұрын (1941) Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағатының археографы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жезқазған қаласының, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитеті сыйлығының иегері ҚОЖАМСЕЙІТОВ Сағындық Үсенұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Сарлық ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1961 жылдары - Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің жауапты хатшысы. 1961-1974 жылдары - Ұлытау аудандық комсомол комитетінің екіншісі хатшысы, Ұлытау ауданы Амангелді атындағы кеңшардың партия бюросының хатшысы, Жезді аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, Жезқазған қаласы бойынша облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі. 1974-1980 жылдары - Никольский қалалық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, Жезқазған облыстық партия комитетінің лекторлар тобының жетекшісі, Жезқазған облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1980-1989 жылдары - Жезқазған облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі. 1989-1992 жылдары - Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының әлеуметтік-мәдени салалар жөніндегі орынбасары. 1992-1995 жылдары - Жезқазған облыстық кәсіптік техникалық білім беру басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1995 жылдан Жезқазған облысы тарағанға дейін облыстық Тілдер жөніндегі және Мұрағат пен құжаттар басқармаларын басқарған. Жезқазған облысы тарағаннан кейін Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры қызметін атқарған. Отырар-Ұлытау Кіші Жібек жолы бойынша тарихи-этнографиялық экспедициясы өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетін басқарып, әйгілі жырау-ақындар Шортанбай Қанайұлы, Қожабай Тоқсанбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, қобызшы Ықылас Дүкенұлы, күйші Сайдалы Сары тоқаларды өмірлік есте сақтап қастерлеу үшін көптеген материалдар жинауға белсене атсалысқан. Сағындық Қожамсейітовтің басқаруымен Ұлытау ауданындағы Білеуті және Бұланты өзені бойындағы Қазақтардың жоңғарларға соққы берген шайқасы болған жерлерді зерттеу мақсатында ғылыми-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылып, «Ұлытау тарихы қазақ шежіресінде» атты арнайы қор ашылған. «Жезказган-медная Магнитка», «Тастар тілмашы», «Жезқазған: желтоқсан-86», «Мұратымыз: жер, ниет, ар тазалығы» (бірлесіп шығарған) аты кітаптары, «Жетімдер даусы», «Жаным арымның садағасы», «Театр рухани мүсәпірліктің даусы», «Асқа сауын айтылды» мақалалары жарық көрген. «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Жезқазған облыстық атқару комитетінің, облыстық маслихаттың грамоталарымен марапатталған. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. 71 жыл бұрын (1943) әнші, Қазақстанның халық әртісі, профессор ЖҰБАТЫРОВА Рахима Төлегенқызы дүниеге келді. Өзбекстанның Әндіжан қаласында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1975 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрының әншісі болған. 1995 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы қызметін атқарады. Ол театр сахнасында Сара (М.Төлебаев «Біржан - Сара»), Дана (Е.Брусиловский «Ер Тарғын»), Гүлбаршын, Қамар (Е.Рахмадиев «Алпамыс», «Қамар сұлу»), Ана (Ғ.Жұбанова «Жиырма сегіз»), Татьяна, Иоланта (П.Чайковский «Евгений Онегин», «Иоланта»), Аида, Амелия (Дж.Верди «Аида», «Балмаскарад»), Чио-Чио-Сан (Дж.Пуччини «Чио-Чио-Сан»), т.б. партияларды шебер орындады. «Астана» медалімен марапатталған. 61 жыл бұрын (1953-2007) ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты МҰҚАНОВ Ғалымжан дүниеге келді. Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Алматы шет ел тілдері педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастап, Қазақ білім академиясында, Қазақстан Баспа, полиграфия істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Халықаралық Абай қорында, республикалық тәуелсіз «Сол-Дат» газетінде жұмыс істеген. Ол еңбектерін қазақ, орыс, француз тілдерінде жазып, негізінен көркем аударма саласында еңбектенген. Француз ақыны Клер Клермонттың Парижде жарық көрген «Владимир мен Зара немесе қазақтар туралы» дастанын 1988 жылы француз тілінен қазақшаға тәржімалаған. 1994 жылы қазақшадан француз тіліне Абайдың «Қара сөздері» мен «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын, 1995 жылы француз ақыны К.Висантимен бірлесіп ұлы ақынның таңдамалы жырларын, 1997 жылы М.Әуезовтің «Қилы заман» романын аударған. М.Әуезовтің шығармашылығы жөнінде 1997 жылы Парижде ЮНЕСКО аясында өткен халықаралық коллоквиум материалдарын қазақ тілінде сөйлеткен. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының таңдамалы өлеңдерін компакт-диск түрінде француз тілінде жарыққа шығарған. Қазақ тілінен орысшаға Ә.Спанның «Нұрлыхан Бекбосынов» атты деректі-публицистикалық эссесін, Ә.Дербісәлінің «Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы» деген танымдық сипаттағы еңбегін аударған. Француз драматургы П.Корнельдің «Сид» трагедиясын, П.Верленнің, швед ақыны Ш.Бодлердің өлеңдерін, француз жазушысы Ги де Мопассанның әңгімелерін, қазіргі заман ақыны Ж.Жостың туындыларын қазақшалаған. Өзінің өлеңдері «Тоғыз перне» атты ұжымдық жинақта, республикалық басылымдарда жарияланған. Қазақ фольклоры жөніндегі жұмысы 1999 жылы Францияда жарық көрген «L, homme et la steppe» жинағына енгізілген. Оның Махамбетке арналған «Ақтық сәт» атты өлеңі 2003 жылы М.Өтемісұлына арналған термешілер конкурсында республика бойынша бірінші орынға ие болған. 65 жыл бұрын (1949) ақын, «Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайы» ММ директоры МҰҚАТОВ Нағашыбай дүниеге келді. Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, Жангелдин аудандық газетінде әдеби қызметкер, Торғай, Қостанай облыстық радиоларында редактор, Қазақ радиосының Торғай облысындағы меншікті тілшісі, Қостанай теледидарының бас редакторы қызметтерін атқарған. Аудандық, облыстық ақындар айтыстарына қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз болған. 1972 жылы Шымкент қаласында тұңғыш жас ақындар фестиваліне қатысқан. Әр жылдары жарық көрген «Сөйле, жүрек», «Айналайын адамдар», «Ақбұлақ» өлеңдер, «Жанымның жасыл жапырақтары» атты лирикалық, «Күлкім келеді» сатиралық кітаптардың авторы. «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталған. КСРО телевидение және радиосы үздігі. Мәдениет қайраткері. 56 жыл бұрын (1958) скрипкашы Қазақстанның халық әртісі, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Әлем әртісі», Қазақстан және Бүкілодақтық Жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Чайковский атындағы халықаралық байқау лауреаттары қауымдастығының мүшесі МҰСАҚОЖАЕВА Айман Қожабекқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке дауыстағы орындаушысы болған. 1984-1997 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданған. 1998 жылдан Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры. Ол «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрін ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болған. Мұсақожаевның репертуарында жеке скрипкаға арналған И.Бах пен Э.Изаидың сонаталары, В.Моцарт, И.Брамс, Г.Венявский, П.Чайковский, т.б. композиторлардың концерттік шығармалары, сондай-ақ Қазақстан композиторлары Е.Брусиловский, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, М.Төлебаев, т.б. туындылары бар. Оның өнері үздік орындаушылық шеберлігімен әрі жоғары музыкалық талғамымен ерекшеленеді. 1976 жылдан концерттер берумен белсене айналысып, бірқатар шет елдерде өнер көрсеткен. Венгрияда, Югославияда, Болгарияда, Германияда және Норвегияда өткен Қаззақстан мәдениеті күндеріне қатысқан. Ол скрипкашылардың халықаралық жастар байқауының, П.Паганини атындағы халықаралық байқауының дипломанты және скрипкашылардың халықаралық байқауының лауреаты, Жастар мен студентгердің дүниежүзілік фестивальдарының дипломанты болған. 56 жыл бұрын (1958) кинорежиссер, «Тарлан» сыйлығының иегері, бірқатар халықаралық кинофестивальдардың жүлдегер і ӨМІРБАЕВ Дәрежан Қаражанұлы дүниеге келді. Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің ассистенті болып бастап, сценарийлік-редакторлық алқаның редакторы, «Жаңа фильм» журналының редакторы, Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған. 1989 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының режиссері. Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясында студенттерге дәріс береді. Оның «Қайрат», «Кардиограмма», «Жол», т.б. фильмдері бар. 52 жыл бұрын (1962) белгілі қазақстандық скрипкашы және дирижер БИСЕНҒАЛИЕВ Марат Сәметұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған.Мараттың әкесі Сәмет Бисенғалиевтің ата тегі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданын мекендеген. Сәмет Бисенғалиев домбыра аспабында тамаша ойнайтын. Жерлестері ортасында үлкен құрметке ие-тұғын. Оның орындаушылығында Дәулеткерей мен Сейтек күйлері әуен фирмасында кезінде таспа-ланғанды. Мараттың музыкалық қабілеті кешірек оянды. Мектепте жүрген шағында оны алда музыка өнерпазы болады деп ешбір жан ойламаған. 1969 жылы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық үчилищенің скрипка класында оқуды бастайды. Ол 8 сыныпта Нина Михайловна Патрушевнаның тәрбиесінде нағыз ұстазын табады. Сонда ғана скрипкада беріле ойнайды. Училищені бітірген соң ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ардақты Н.М.Патрушеваның класына қабылданды. Үшінші курста П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Борис Владимирович Беленькийдің класына ауысты. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты.1988 жылы Қазақстанға келіп «Алтын алма» атты жеке батыс-тық музыка ұжымдарымен тайталаса алатын камералық концерт құрды. Дирижер Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Я.Фудиман, Р.Хисматуллин, Я.Мавриди, С.Бисенғалиева, М.Бекмағанбетов сынды өнерпаздарды шақырды. Бұл Мараттың өзі үлкен қанағаттанушылықпен есіне алатын оркестрді басқару тәжірбиесі еді. Бастама Мараттың Англияға кетуіне орай тоқтап қалды. 1990 жылдан Англияда тұрады. Осы уақыттан бастап, белсенді концерт берумен айналысады.1990 жылы Англия корольдігінің оркестрімен үлкен концерт атқарды. Оның скрипкашылық өнері таныла түсті. Осы жылы «Наксос» фирмасының менеджері оны байқап, осы фирмамен бірге жұмыс істеуге шартқа отыруды ұсынады. Мұның өзі скрипкашы алдында батыстың көптеген концерттік залдарының есіктері айқара ашыларына және әлемдік жетекші маңыздағы оркестрлерде орындауына жол ашылды. Ол әлемнің ең үздік, әркімнің қолына түсе бермейтін «Карнеги Холл» және «Барбикен Холл», «Альберт Холл», «Гивен Хауз» залдарында өнерімен тамсандырды. Осылардың арқасында Марат Сәметұлының орындауындағы шығармалар жазылған үнтаспалар сатылымы молая түсті. Оның көптеген дискілері ағылшын журналы «Граммофонның» үздігі аталды. 1989 жылы Мәскеудегі «Мелодия» фирмасы да оның орындауындағы шығармаларды үнтаспалады. Оның репертуарына 80 скрипкалық концерттері мен 1,5 сағаттық камералық музыкаға арналған бағдарламалары енді. 1996 жылы Нью-Йорктің Барбикан Холында Англияның камералық оркестрімен берген концерті оның халықаралық скрипка жұлдызы ретінде қалыптасуындағы шешуші кезең болды. Ол ірі әлемдік музыка жазбаларымен айналысатын компаниялармен тұраҚты келісім шарт жасасады. Қазіргі кезде Марат Бисенғалиевті әлемнің танымал сыншылары мойындап отыр. Оны "Қазақстанның бейбітшілік елшісі" деп атайды.Марат Бисенғалиевтің тікелей ұйымдастыруымен құрылған Батыс Қазақстандық симфониялық оркестр Астана, Алматы және Орал қалаларында көмеймен ән салатын өнерпаз Еділ Құсайыновтың Финляндия хоры мен Ұлыбританиялық орындаушыларының қатысуымен өткен екі сағаттық концерті тамаша өтті. Karl jenkins Music ltd дискіде музыкалық поэманы жарыққа шығарды. Оны таспалауды Sony classic фирмасының студиясы мойнына алды. Бұл оркестрде кеңесші дирижер болуға кезінде Фуат Мансұров пен ағылшындық дирижер Джон Андерсон қатысқан-ды.Марат Бисенғалиевке ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағы 2008 жылы берілді. Бұл хабарды Қазақстанның Англиядағы төтенше және өкілетті елшілігінен естиді. Аса шебер өнерлі скрипкашыны 2005 жылы Англияда өткен концерттің аяқталғанында үндістандық менеджер сахна сыртына көтеріліп, оған үлкен ұсыныс жасайды. Мақсаты - Марат Бисенғалиевтің тікелей көмегімен Үндістанда симфониялық оркестр құру. Бұл күндері Үндістанда сондай оркестр қанатын жая түсуде.Көптеген халықаралық беделді сыйлықтарға ие болған. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері,и «Құрсмет» орденінің иегері, Қазақстан меценаттарының «Тарлан» сыйлығының лауреаты. 50 жыл бұрын (1964-1991) әйгілі көкпаршы, аударыспақшы БЕКБАСОВ Серікхан дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. 1987-1991 жылдары Тбилисиде, Киевте, Краснодарда, Пятигорскіде өткен ойындардың бәрінде де аударыспақтан КСРО-ның абсолюттік чемпионы болды. Қазақстан құрама сапында көкпардан Бүкілодақтық ойындардың бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Серікхан Бекбасовтың шеберлігіне таң қалған халық оны «көкпардың Пелесі» деп атады. 37 жыл бұрын (1977) М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының актрисасы ИМАНБАЕВА Айгүл Серікқұлқызы дүниеге келді. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен ауылында туылған, эстрада әншісі, актриса. Балалық шағын Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен Әзірбай ауылында өткізген. Орта мектеп кезінен бастап музыкаға жақын болған Айгүл «Баян» класын аяқтап шығады. 1994 - 1998 жылдар арасында Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын сәтті аяқтап шығады. 1998 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде ұстаздық қызметіне қабылданады. Және де сол уақыт арасында Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрғаактрисалық қызметіне жұмысқа тұрады. 2001 жылы Хабар арнасындағы «Ұят болмасын» бағдарламасының жүргізушісі әрі келіннің образын алып шығады. 2001 жылы алғаш рет ұйымдастырған Республикалық көлемде өткен әзіл ысқақ жарысында әншілерге пародия жасағаны үшін бірінші орынды жеңіп алады. Театр қабырғасында әр түрлі сарындағы образдарды ойнап үлгерген. «Қыз Жібек» спектакілінде «Жібек» рөлін, «Пай, пай, жас жұбайлар ай» да «Ғазиз» рөлін, Таланған тағдыр» да «Гүлжан» рөлін, «Алма бағы», да «Алма» рөлін «Көгілдір такси», де «Клара» рөлін, «Желтоқсан желі» де «Ақмарал» т.б. рөлдері. Кино саласында да біраз жетістіктерге жетіп үлгерді. 2004 жылы Мосфильм түсірген «Человек ветер» фильмінде Шолпан атты қыздың рөлін сомдап шықты. Отандық кинорежиссерлердің де біраз туындыларының басты рөлдерін сомдап шықты. Олар: 2005 жылы «Сүйінші» фильмінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің анасының рөлін сомдап шықса 2010 жылы Баян Есентаеваның продюсерлігімен әрі барлық өнер адамдарының қатысуымен түсірілген «Ғашық жүрек» атты кинода басты рөлдердің бірі Майра Итаяқованың образын сомдап шығады. 2011 жылы аталмыш фильмнің екінші бөліміне де түседі. 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің магистратурасына журналистика факультетіне тапсырады. Эстрада саласына 1999 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді. Қазіргі таңда 10 бейнеклипі отыздан астам әндері бар. 2007 жылы ең алғашқы «Таңғы елес» атты жеке шығармашылық кешін өткізді. 2006 жылы Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері атанады. 2011 жылы тәуекелге бел буып жеке «А.И» драма театрын ашады. Азғантай ғана уақыт өтсе де көрермендерге екі спектаклін көрсетіп үлгерді. Оның бірі Ж.Ануйдің «Медея» трагедиясы болса екіншісі Ш.Бошпековтың «Темір қатын» комедиясы болып табылады. 2004 жылы халықаралық «Азия Дауысы» конкурсының «Қазақ әндері» конкурсындағы Бас жүлдесін иемденген. 2006 ж. Ә. Мәмбетов атындағы «Дарын» сыйлықтарының лауреаты. 2010 ж. «Жылдың үздік әншісі».