15 наурызда Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына сайлау өтеді

Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте комиссияның бас сарапшысы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Венера Жексембекова мәлім етті.
«Ағымдағы жылғы 15 наурызда Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына сайлау өтеді. Сайлау науқаны барысында барлығы 5 үміткер ұсынылған болатын. Олардың үшеуін облыстық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркеді. Олар өзін-өзі ұсыну тәртібімен кандидатураларын ұсынған Е.Қарбаев пен Қ.Сәдуақасов және Тайынша мен М.Жұмабаев аудандарының мәслихаты ұсынған - С.Біләлов», - деді ол.
В.Жексембекованың атап өтуінше, 23 ақпаннан бастап тіркелген кандидаттардың барлығы сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен. Үгіт күнтізбелік жоспарға сай бүгін түнгі сағат 24:00-де аяқталады.
«Дауыс беруді, дауыстарды санауды және дауыс беру нәтижелерін жария етуді Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комииссиясы 1 күннің ішінде, яғни 15 наурызда жүргізетін болады», - деді комиссия бас сарапшысы.
Оның айтуынша, егер дауыс берудің бірінші кезеңінде сайлау бюллетеніне енгізілген кандидаттардың бірде-біреуі сайланбаса, онда облыстық сайлау комиссиясы ең көп дауыс жинаған екі кандидат бойынша қайта дауыс беру өткізеді. 21 наурыздан кешіктірілмей ОСК түпкілікті сайлау қорытындыларын анықтап, оны 24 наурыздан кешіктірмей БАҚ-та жария етуі тиіс.