15 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 15 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

78 жыл бұрын (1947) ғалым, абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері Ғарифолла ЕСІМ дүниеге келді.

Павлодар облысы Аққулы ауданындағы Жалтыр көлінің шығыс жағалауындағы шағын ауылда туған.
1970 жылы Семейдің педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, сонда философия және саясаттану кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеген. 1973 жылы В. Ленин атындағы Мәскеудің Мемлекеттік университетінде зерттеуші-стажер болып білімін жетілдірген. 1974-1977 жылдар аралығында С. Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінің аспирантурасын бітірді.
1978-1983 жылдары Семей педагогика институтында көркемсурет факультетінде декан, 1983-1989 жылдары осы институтта философия кафедрасының меңгерушісі, 1989-1991 жылдары Ұлттық ғылым академиясының философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, 1991-2001 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетіндегі философия және ғылым методологиясы кафедрасының доценті, профессор, 1992-1998 жылдары көркемсурет факультетінің деканы, 1998-2001 жылдары философия және ғылымдар методологиясы кафедрасының меңгерушісі, 2001 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазМУдің философия және саясаттану факультетінің деканы қызметін атқарды. 2007-2013 жылдары Парламент Сенатының депутаты болды. Қазіргі таңда Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі. 1995 жылы ҚР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланған.
«Хакім Абай» (1994), «Санадағы таңбалар» (1994), «Абайдың дүниетанымы мен философиясы» (1996), «Прошлое в настоящем» (2003), «Адам-зат», (2003) сияқты кітаптардың авторы.
60 жыл бұрын (1965) «А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» КЕАҚ ректоры Сейітбек Бекенұлы ҚУАНЫШБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1989 жылы С. М. Киров атындагы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1989-1991 жылдары С. М. Киров атындагы Қазақ мемлекеттік университетінде тәлімгер-зерттеуші, 1991-1996 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде геоморфология кафедрасының аға оқытушысы, 1996-1997 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Туризм кафедрасының аға оқытушысы, 1997-1999 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде геоморфология кафедрасының аға оқытушысы, 1999-2001 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде геоморфология кафедрасының доценті, 2001-2004 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде геоморфология және картография кафедрасының меңгерушісі, 2004-2012 жылдары Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор, 2012-2016 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 2018 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты ректорының кеңесшісі, 2018-2022 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Басқарма төрағасы — ректоры болып қызмет етті.
Қазіргі лауазымын 2022 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.
44 жыл бұрын (1981) ҚР СІМ Орталық Азия департаментінің директоры Темірбек Мейрханұлы ҚАППАСОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қарағанды мемлекеттік университетін, Ресей Федерациясының жоғары экономика мектебін бітірген.
Еңбек жолы: ҚР Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қызметкері, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісінің кеңесшісі, ТМД елдері департаменті директорының орынбасары; Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары болды.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.
129 жыл бұрын (1896-1938) қоғам және мемлекет қайраткері, күйші Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы БӨКЕЙХАНОВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасында туған. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан мектепті, Орал әскери училищесін, Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген.
1921-1922 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің және Семей, Ақмола губернияларының Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы болған. 1925-1932 жылдары Жер халкомының алқа мүшесі, Қарақалпақ атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ мақта комитеті төрағасының орынбасары, 1933-1937 жылдары КСРО мақта-трактор орталығы тресінің өкілі, Оңтүстік Қазақстан облысы Жер басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанның 25-інде атылды. Ол 1957 жылы толығымен ақталды.
Дәстүрлі халық мәдениетінің қамқоршысы болған. А. Затаевичке қазақтың «Шалқыма», «Қос алқа», «Мерген», «Соқыр Есжан» күйлерін, «Екі жирен», «Атырау», «Қарашаш», т. б. жалпы саны 27 әнін жаздырып, Дәулеткерей, Салауаткерей және өзі тәрбиесін көрген Әлікей, Макар сынды халық композиторлары туралы құнды деректер берген.
103 жыл бұрын (1922-2007) жазушы, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ дүниеге келген.

Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында туған.
Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орта мектебінде мұғалім болды. 1942-1943 жылдары Преснов аудандық комсомол хатшысы, 1942-1945 жылдары «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер болды. 1950 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, 1952 жылы «Әдебиет және өнер» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958-1960 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық алқасының басшысы болған.
«Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанаға бағындырылған алты повесть — «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» — кірген. «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді. Үнді жазушысы Р. Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л. Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А. Макаеноктың «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург А. Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударған.
Р. Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы құрметті атағына ие болды. «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Петропавл қаласының Құрметті азаматы.
96 жыл бұрын (1929-1995) жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Балғабек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ дүниеге келген.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1960-1987 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды.
Алғашқы фельетондар жинағы «Ешкімге айтпа» деген атпен 1962 жылы жарық көрді. «Шайтанның шатағы», «Қара сандық», «Маздаған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Алатау», «Ақымақтың миы», «Түгел сөздің түбі бар», «Қым-қиғаш жылдар», «Қайран Ораз», тағы басқа кітаптардың авторы.
Балғабек Қыдырбекұлы өз шығармаларында халық тарихын, ірі тұлғалар бейнесін сомдады. Қазыбек бек Тауасарұлының жазбалары деп саналатын қолжазбаны тауып, кітап етіп шығарды.
Білікті басшы, білгір ұйымдастырушы ретінде басылым беделінің артуына лайықты үлес қосты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Республика Жоғарғы Кеңесінің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды.
Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының «Алтын Самұрық-2002» арнайы сыйлығының иегері. Қаламгердің атында туған ауылы, Алматы қаласында көше және журналистикалық сыйлық бар.
«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.
86 жыл бұрын (139-2024) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Өмірбек БӘЙГЕЛДІ дүниеге келді.

Жамбыл ауданының Қызыл Октябрь (қазіргі Ерназар) ауылында дүниеге келді.
1955-1957 жылдары Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы «Қызыл Октябрь» ұжымшарында жұмысшы болды. 1957 жылдың шілде айынан бастап комсомол ұйымының хатшысы, 1962-1966 жылдары Жамбыл облысы Свердловск ауданы ауыл шаруашылығының өндірістік басқармасы ауылшаруашылық өнімдерінің дайындалуын бақылау бойынша аға зоотехнигі, бас зоотехнигі, жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы, бастығының орынбасары болды.
1966-1970 жылдары Жамбыл облысы Жамбыл ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өндірістік басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, 1975-1984 жылдарыҚазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. 1984-1990 жылдары Қазақстан Компартиясының Жамбыл облысы Қордай аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1990–1993 жылдары Жамбыл облысының № 83 Қордай сайлау округінен сайланған ҚазКСР халық депутаты, заңнамалар, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері комитетінің мүшесі, 1990 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, және 1990 жылдың маусым айынан Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы болды. Сонымен қатар, 1990 жылдың шілде айынан Жамбыл облыстық Халық депутаттары кеңесінің төрағасы лауазымын атқарған.
1992 жылдың ақпан айынан бастап Жамбыл облысы әкімшілігінің басшысы қызметін бастаған. 1995 жылдың желтоқсан айынан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, 1999 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
79 жыл бұрын (1946-2021) ақын, аудармашы, Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы — Алтын Адам» сыйлығының иегері Шөмішбай Нағашыбайұлы САРИЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститетін) бітірген.
Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы», Арал аудандық «Толқын» газеттерінен бастаған. Кейіннен «Қазақстан» баспасының редакторы, «Жұлдыз» журналы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми, аға ғылыми қызметкері болған.
Алғашқы өлеңі 1974 жылы сол кездегі жас ақындардың «Балауса» өлеңдер жинағына енген. Ақынның «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» авторлық бейнетаспалары және «20-ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы поэзиясы» атты монографиясы және қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы жарық көрген. 300-ден астам өлеңнің авторы. Ол Г. Гулиа, О. Берггольц, И. Абашидзе, С. Викулов, Ф. Алиева, тағы басқа ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. «Теңізден соққан жел» атты өлеңдер жинағын хинди тіліне Варьям Синх аударды.