15-ші қаңтарда өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға 10 адам өтініш берді

Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.
Оның айтуынша, 10 адамның 9-ы Маңғыстау облысынан, ал 1 адам Қызылорда облысынан тіркелген. Маңғыстаудан тіркелген 9 үміткер аудандық мәслихат депутаттығынан дәмелі, ал Қызылорда облысынан ұсынылған 1 азамат облыстық мәслихат депутаттығынан үмітті.
«Ал келесі жылы мәслихат депутаттарының сайлауымен қатар өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына қатысуға ниет білдіргендер әзірге тіркелген жоқ. Мәжіліс депутаттары елімізде тіркелген қандай да бір партия атынан ұсынылатындықтан, осы партиялардың жиындары өтіп, онда партия атынан ұсынылатын азамат бекітілуі тиіс. Партияларда осы сияқты өзге де белгілі бір уақытты қажет ететін процедуралар бар. Сондықтан олар өз үміткерлерін әзірге ұсынған жоқ»,-деді ОСК мүшесі.