15 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

15 шілде, СЕЙСЕНБІ Металлургтер күні. Бүгін Қазақстан металлургтері кәсіби мерекелерін атап өтеді. 1957 жылдың 28 қыркүйегінде КСРО экономикасының қалпына келуіне ықпал еткен кеңестік металлургиялық өнеркәсіпке құрмет ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Металлург күнін бекітті. Ол шілде айының үшінші жексенбісінде атап өтілді. КСРО тарағаннан кейін мереке металлургия ел экономикасында сүбелі рөл ойнайтын ТМД-ның барлық елдерінде сақталып қалды. Қазақстанда Металлург күні Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі. 2011 жылғы қазан айының соңында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандағы кәсіби және өзге де мерекелердің жаңа тізімін бекітті. Металлургтер күнін шілденің үшінші жексенбісінде атап өту өзгеріссіз қалдырылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 73 жыл бұрын (1941) Петропавл қаласында 314-ші атқыштар дивизиясы жасақталып солтүстік-батыс майданына жіберілді. Аталмыш дивизия сонымен қатар Ленинград түбіндегі шайқастарға да қатысты. 1941 жылы қыркүйектің 7-де дивизия жауынгерлері Свирь өзенінің бойында жаудың бетін тойтарды. Дивизия Балтық жағалауын, Польшаны және Чехославакияны азат ету ұрыстарына қатысып, асқан ерлік көрсетті. Соғыс жылдары дивизияның 12000-нан астам жауынгерлері мен офицерлері орден, медальдармен марапатталса, үшеуі Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың біреуі - солтүстікқазақстандық П.Гончар. Петропавл қаласының орталығына 314-ші атқыштар диавизиясына ескерткіш орнатылған. 60 жыл бұрын (1954) Қытайдың Циң хай өлкесінде Алтыншоқы қазақ автономиялық ауданы құрылды. 22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Румыния арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 15 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Алматы облысының Талғар қаласын аудандық маңыздағы қалалар санатына енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. 15 жыл бұрын (1999) Третьяков галереясында (Мәскеу) қазақстандық суретші, Сальвадор Дали атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбаевтың жеке көрмесі болып өтті. 9 жыл бұрын (2005) Семейдегі Қазақ қаржы-экономикалық институтының ғимаратында Қабанбай батырдың мұражайы ашылды. 8 жыл бұрын (2006) Болгарияның Варна қаласында шілденің 15-29 аралығында өткен [алықаралық балет әртістерінің байқауында ересектер тобында өнер көрсеткен 21 жасар алматылық Ясауи Мерғалиев бас жүлдені жеңіп алды. 1964 жылдан бері 2 жылда бір рет өткізіліп келе жатқан Варна балет әртістерінің байқауы - өнердің осы саласындағы ең беделді байқаулардың бірі. Оған кезінде Рамазан Бапов, Бақытжан Смағұлов сынды бишілер қатысып екінші, үшінші орындарды алған болатын. Ал Ясауи Мерғалиев бұл байқаудың бас жүлдегері атанған тұңғыш қазақ әртісі. 10 жасынан бастап бимен айналысқан Ясауи 2001 жылдан бері халықаралық дәрежедегі сахналарда өнер көрсетіп, үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Селезнев атындағы Алматы хореография училищесін тәмәмдаған ол қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының солисті. 5 жыл бұрын (2009) Астанадағы «Дипломат» қонақ үйінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 5 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстан Халық банкінде ірі автоматтандырылған сейфтік депозитарий ашылды. Салтанатты рәсімге Нидерланды корольдігі елшілігінің, голландиялық Gunnebo компаниясының өкілдері және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның басшылығы қатысты. Автоматтандырылған қоймаға ұқсас бұл сейфтің 417 ұяшығы мен жоғары деңгейдегі 7 сыныпқа сәйкес келетін қорғаныс жүйесі бар. 75 жыл бұрын (1939) Нью-Йорк тұрғыны Клара Адамс жершарын айнала ұшып шыққан тұңғыш әйел атанды.
ЕСІМДЕР 125 жыл бұрын (1889-1984) халық ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ӨТЕҒАЛИЕВА Халима Нұрғалиқызы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Композитор Қ.Мусиннің анасы. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жарияланып тұрды. 30-шы жылдары ауданаралық әр түрлі айтыстарға қатысты. 1944 жылы Алматы қаласына қоныс аударды. Ақынның «Мақтанышым - өз елім», «Ана жыры», «Әже әлдиі», «Бесік жыры», «Мейірім» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. 108 жыл бұрын (1906-1973) Кеңес Одағының Батыры ЫСҚАҚОВ Қапай дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында туған. 1941 жылы маусымда Қызыл әскер қатарына шақырылып, Богдан Хмельницкий орденді 294-ші Черкасск атқыштар дивизиясының полкы құрамында болған. Батыс, Сталинград, екінші Украин майдандарында ұрысқа қатысып, ерен ерлік көрсеткен. Соғыстағы ерлігі үшін 1944 жылғы қыркүйектің 13-інде батыр атағын алған. Соғыстан кейінгі жылдары туған ауылында еңбек еткен. Ленин орденімен, медальдармен марапатталған. Туған ауылы Георгиевкада батырға ескерткіш орнатылып, бір көшеге есімі берілген. 99 жыл бұрын (1915-1975) актер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі СЫЗДЫҚОВ Мәнтай дүниеге келді. Ақмола облысының Аршалы ауданында туған. Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтының актерлер даярлайтын қазақ студиясын бітірген. 1938 жылдан өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының құрамында қызмет етті. 1942 жылдан Алматы театр училищесінде педагогикалық қызметпен шұғылданған. Алғашқы ойнаған рөлі - Н.Погодиннің «Мылтықты адам» драмасындағы Захар Захарыч. Бұдан кейін әр алуан рөлдерде ойнап, өзінің өткір мінезді актер екенін байқатты. Басты рөлдері: Бөжей, Жантық, Есен, Алдаберген, Панфилов, Сәрсен. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 99 жыл бұрын (1915-1978) ақын, аудармашы БОРАНБАЕВ Қабыл дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Петропавл педагогикалық техникумын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қарағанды облысының, Балқаш қаласының мектеп мұғалімі, директоры, Түркістан педагогикалық училещесі директорының орынбасары, ҚазТАГ редакторы, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. «Дәурен», «Балалар шаттығы», «Ант», «Дос отряд», «Тапқыр бала», «Дән дария» өлеңдер жинағының авторы. Орыс ақындары Б.Некрасовтың, В.Маяковскийдің, К.Симоновтың, шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 70 жыл бұрын (1944) Қазақстан Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Саяси ғылымдар академиясының, Журналистика академиясының академигі, 5 мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты ҚОЗЫБАЕВ Сағымбай Қабашұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Мемлекеттік телерадиосының редакторы, аға редакторы, бас редакторының орынбасары, Бүкілодақтық радионың Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1974 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, журналистика факультеті деканының орынбасары, деканы, халықаралық журналистика кафедрасының меңгерушісі, журналистика тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессоры қызметтерін атқарды. Қазіргі қызметінде 2001 жылдан бастап істейді. Бірнеше кітаптың авторы. Медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. 67 жыл бұрын (1947) ҚР Парламенті Мәжілісінің 5-інші сайланымдағы депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы ӘЙІМБЕТОВ Сейітсұлтан Сүлейменұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Сырдария ауданы Жетікөл кеңшарында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген соң жолдамамен ҚазКСР Қаржы министрлігіне жіберілді. 1969-1981 жылдары - ҚазКСР Қаржы министрлігінің бақылау-тексеру басқармасы жергілікті бюджеттерді және бюджеттік ұйымдарды тексеру бөлімінің бақылаушы-тексерушісі, аға бақылаушы-тексеруші, бас бақылаушы-тексеруші, бөлім бастығы. 1981-1990 жылдары - ҚазКСР Қаржы министрлігінің бақылау-тексеру басқармасы бастығының орынбасары. 1990-1991 жылдары - ҚазКСР Қаржы министрлігінің агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру басқармасының бастығы. 1991-1992 жылдары - ҚазКСР Қаржы министрлігінің Бас бюджет басқармасының бастығы. 1992-1995 жылдары - ҚР Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің төрағасы. 1995-1996 жылдары - ҚР Халықты әлеуметтік қорғау министрі. 1996-1997 жылдары - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары. 1997-1998 жылдары - «Қазақстанаудит» акционерлік компаниясы президентінің кеңесшісі. 1998-2001 жылдары - ҚР Президентінің Әкімшілігі Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2001-2002 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары. 2002-2002 жылдары - ҚР Әділет вице-министрі. 2002-2007 жылдары - ҚР Президентінің Әкімшілігі Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2007-2011 жылдары - IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылдан бастап - V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, мерекелік медальдармен марапатталған.
65 жыл бұрын (1949-2007) мемлекет қайраткері КОЛОДА Владимир Алексеевич дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысында туған. Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын кеңшардың агрономы болып бастаған. 1996-2006 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Шал ақын аудандарының әкімі қызметін атқарған. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 56 жыл бұрын (1958) ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры ӘБДІРАСЫЛОВ Болатбек Серікбайұлы дүниеге келді. Биология ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының құрметті академигі, Қазақстан Республикасы жаратылыстану ғылымдары академиясының, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі. Білімі жоғары. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын және Мәскеу Экономика және статистика университетінің Қашықтан оқыту институтын (МЭСИ) үздік дипломмен бітірген. 1980-1986 жылдары - КСРО ҒА Биофизика институтының стажер-зерттеушісі, аспиранты (Пущино селосы, Мәскеу облысы). 1986-1994 жылдары - Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының оқытушысы, доценті, деканы, проректоры. 1994-1996 жылдары - Ресей ғылымдар академиясы Жасуша биофизикасы институтының аға ғылыми қызметкері (Пущино селосы, Мәскеу облысы). 1996-2000 жылдары - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бірінші проректоры, ректоры. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпарат және тестілеу орталығының директоры. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестациялау комитетінің төрағасы. 2007-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2010 жылдың 23 қыркүйегінен бастап 2012 жылдың 25 ақпанына дейін - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы. 2012 жылдың 25 ақпанынан бастап Мемлекет Басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып тағайындалды. Қазақстан Республикасының білім жүйесін дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының негізгі әзірлеушілерінің бірі. 2011 жылы қабылданған 2011-2020 жылдарға арналған Білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Ғылым туралы» Заңдарын әзірлеуге белсене қатысты. Ресей, Австралия, Голландия, Оңтүстік Корея, АҚШ-тың жетекші журналдарында 60-тан астам ғылыми жұмыстары жарық көрген. «Құрмет» орденімен наградталған. Биофизика саласында қол жеткізген үлкен ғылыми жетістіктері үшін Ресей Жаратылыс ғылымдары академиясының Нобель сыйлығының лауреаты П.Л.Капица атындағы естелік медалімен марапатталған. 408 жыл бұрын (1606-1669) голланд кескіндемешісі, кескіндеме мен гравюра шебері Харменс ван Рейн РЕМБРАНДТ дүниеге келді. 90 жыл бұрын (1924-2000) кеңестік эстрада және балет әртісі Махмуд Әлисултанұлы ЭСАМБАЕВ дүниеге келді. 75 жыл бұрын (1939) португал саяси қайраткері, 2006 жылдан Португалия республикасының президенті, 1985-1995 жылдардағы португалия премьер-министрі Анибал Антониу Каваку СИЛВА дүниеге келді.