15 тамыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 15 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
58 жыл бұрын (1967) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (VII шақырылым) Ерлан Хайланұлы БАРЛЫБАЕВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1990 жылы Алматы халық шаруашылығы институты, мамандығы – «Тексеру және бақылау». 2011-2014 жылдары Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясы, біліктілігі – іскерлік әкімшілік докторы (Doctor of Business Administration (DBA)
Еңбек жолы: 1990-1992 жылдары Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі сумен жабдықтау жұмыс басқармасы бас бухгалтердің орынбасары, 1992-2002 жылдары «БАЕР» компаниясының президенті, 2002-2008 жылдары «СҮТ» АҚ (Павлодар қаласы) басқарма төрағасы, 2008-2016 жылдары «Мал өнімдері» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2009-2010 жылдары «ГорЭлектроСеть» АҚ (Екібастұз қаласы) басқарма төрағасының экономика және қаржы бойынша орынбасары, 2010-2016 жылдары «ГорЭлектроСеть» АҚ (Екібастұз қаласы) Директорлар кеңесінің төрағасы, 2010-2011 жылдары «Атамекен» ҚҰЭП басқарма төрағасының халықаралық мәселелер бойынша орынбасары, 2011 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары (экономикалық саясат және кәсіпкерлікті қолдау), 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (VI шақырылым), Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болды.
2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
2013 жылы «Құрмет» орденімен наградталған.
44 жыл бұрын (1981) Ұлттық экономика вице-министрі Арман Бақытжанұлы ҚАСЕНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Лондон бизнес мектебінде қаржы мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды (Ұлыбритания).
Еңбек жолы: қаржы секторы (2002); қаржы, инвестициялық жобалар және бизнес саласындағы басшылық лауазымдарда 20 жылдық тәжірибесі бар; Қазақстанның ірі жеке және мемлекеттік қаржы институттарының директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма мүшесі (2009); «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ басқарма төрағасының орынбасары (2023-2024 жж.).
2024 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.
41 жыл бұрын (1984) Шымкент қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сатынбекұлы САХОВ дүниеге келді.

Шымкентте туған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер Бас басқармасы Шымкент қаласы ОКП 2-ОП аймақтық-аумақтық тобының жедел уәкілі; Оңтүстік Қазақстан облысы Абай аудандық ІІБ ОКП мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің жедел уәкілі; Оңтүстік Қазақстан облысы Абай аудандық ІІБ ОКП аға жедел уәкілі; Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД ҰКП аға жедел уәкілі; Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қалалық Ішкі істер департаменті Әл-Фараби аудандық ОКП бөлімінің бастығы; Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары; Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы Абай аудандық ОКП бастығының орынбасары (2001-2015); Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті Ордабасы аудандық ІІД бастығы (2015-2018); Түркістан облысы ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы (2018-2020); Түркістан облысының полиция департаменті бастығының орынбасары (2020-2025); Түркістан облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары (2025).
2025 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.
2-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
38 жыл бұрын (1987) Цифрлық үкіметті қолдау орталығының атқарушы директоры Әлия Қалқаманқызы ОСПАНОВА дүниеге келді.

Талдықорған қаласында туған. Қазақстан-Британ техникалық университетін, Imperial College (Ұлыбритания) Quantic Business School (АҚШ) бітірген.
Еңбек жолы: халықаралық ұйымдарда (Microsoft, Ericsson, RELX Group (Elsevier), сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда) басшы лауазымдарда жұмыс істеді.
2023 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.
37 жыл бұрын (1988) «СПК Shymkent» АҚ маркетинг және жылжыту департаментінің директоры, басқарма мүшесі Жанна Арыстанқызы БАЙСЕЙІТОВА дүниеге келді.
Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген (2009); Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Табиғи шаруашылық экономикасы» мамандығы бойынша магистратура (2011); Қазақ гуманитарлық-заң университеті, Бизнес мектебі, MBA (2016); Бизнес және халықаралық зерттеулер университеті (Женева, Швейцария), МВА (2016).
Еңбек жолы: Бизнес мектебінің МВА маманы, КАЗГЮУ Университеті (2009 - 2012); КАЗГЮУ университеті жоғары мектеп директорының орынбасары (2012 - 2014); бизнес мектебі директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары (2014 - 2015); kaztube.kz жобасының жетекшісі, «Қазконтент» АҚ медиа жобалар бойынша басқарушы директоры (2015-2016); Эндаумент Корпоративтік қорының директоры, КАЗГЮУ PR қызметінің басшысы (2016-2018); «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас PR маманы, директордың орынбасары, құзыретті дамыту департаментінің директоры (2018-2023); «Самұрық» бизнес академиясы бас директорының орынбасары (2023-2024).
97 жыл бұрын (1928-1994) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ дүниеге келген.

Қостанай облысының Торғай қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.
Қазақ мемлекеттік баспасы поэзия редакциясының басшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасы поэзия редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1968-1973 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының жетекшісі. 1973-1989 жылдары – «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары. Қазақстан Жазушылар одағы Ақындар қауымдастығының президенті болған.
Ақынның «Құрдастар», «Дала қоңырауы», «Жер астындағы жұлдыздар», «Қанатты жылдар», «Беласар», «Жұлдызды тағдырлар», «Елтінжал», «Ақ желкен», «Үш қиян», «Балықшы Иван», «Қосбасар», «Таулар сөйлейді», «Арал әуендері», «Балқурай», «Күн баласы», «Большевик ауылы», «Алтын бесік», «Көсемнің нұрлы атымен», «Дала саздары», «Торғай толқыны», «Асу алда», «Желқайық», «Бір кеменің үстінде», «Маңғыстау маңғаздары», «Күнтеңескен» поэмалар, повестер, өлеңдер, очерктер, көптеген әндердің өлеңдері. Ол 40-тан аса кітаптың авторы. Көркем аударма саласында Рудакидің, Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Шевченконың, Мақтымқұлының, Толстойдың, Куприннің, Короленконың, Буниннің, Есениннің, Ғамзатовтың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.
«Халықтар достығы» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
95 жыл бұрын (1930-1992) әйгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Гимнінің авторы Шәмші ҚАЛДАЯҚОВ дүниеге келген.

Қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында туған. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады. 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған. 1991 жылы ол жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.