15 жастағы келін: Қарағандыда елді дүр сілкіндірген іс бойынша сот басталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда 38 жастағы ер адамның 15 жастағы мектеп оқушысымен «неке қиюына» байланысты резонансты қылмыстық іс бойынша жабық сот процесі басталды. Айыпталушыға кәмелетке толмағанды зорлау бабы бойынша іс қозғалып, оған 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.

Оқиға биыл наурыз айында Абай қаласында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, жасөспірімнің анасы мен өгей әкесі оны діни рәсім арқылы отбасы болып араласып жүрген досына ұзатқан. Қыз бірнеше күн «күйеуінің» қолында болып, зорлық көргенін айтқан. Кейін ол қашып, туған әкесіне барып, ол бірден құқық қорғау органдарына жүгінген.
Бүгінде айыпталушылар орындығында тек 38 жастағы күдікті отыр. Дегенмен, қыздың әкесі қылмыстық жауапкершілікке тек оны ғана емес, «некеге» келісім берген анасы мен өгей әкесін де тартуды талап етіп отыр.
— Бұрынғы әйелім мен оның күйеуі іс бойынша тек куәгер ретінде қатысып отыр. Бірақ олар қызымды өз қолдарымен 40-қа таяған досына ұзатты. Бұл жай қателік емес, бұл — қылмыстық сыбайластық. Олар қызымның өмірін талқандады, ал қазір сот залында жай ғана куәгер болып отыр, — дейді ол.
Әкесі жазда жергілікті прокуратураға ресми сауал жолдағанымен, шілдеден бері жауап алмағанын айтады. Осыған байланысты қыркүйек айында ол Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына шағым түсіріп, күдіктімен бірге анасы мен өгей әкесінің де жауапқа тартылуын талап етті.
Өтінішпен бірге ол бірнеше дәлел тапсырды: қазақ тілінде баланың әжесі қызды ұзатуға үгіттеген аудиожазбасын, сондай-ақ анасы мен өгей әкесінің қызын «бұзылған» деп айыптап, балағаттаған сәті жазылған бейнематериалды жолдады.
Бұған дейін қамқоршылық органдары анасы мен оның жұбайын ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа талап қойған. Алайда сот отбасында екі бала барын және әйелдің үшінші балаға аяғы ауыр екенін ескеріп, талап-арызды қанағаттандырмаған.
Әкесінің пікірінше, бұл шешім әділетсіз, сондықтан ол істі қайта қарауды талап етіп отыр.
Шулы оқиға өңірде үлкен қоғамдық пікірталас тудырды. Құқық қорғаушылар балалардың құқығын қорғау мен ата-аналардың жауапкершілігін күшейту мәселесін көтерсе, заңгерлер мұндай жағдайлардың алдын алу үшін істерді жан-жақты қарау қажеттігін алға тартып отыр.