15 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 15 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

15 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

70 жыл бұрын (1955) ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық Қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры, «Атамекен» ҚР ҰКП Геологиялық сала, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Владимирович РАДОСТОВЕЦ дүниеге келді.

РАДОСТОВЕЦ Николай Владимирович
Фото: inbusiness.kz

Алматы қаласында туған. 1976 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолын экономист, кіші ғылыми қызметкер, хатшы ғалым, топ жетекшісі, докторант, Қазақстан Ғылым академиясындағы Экономика институты секторының меңгерушісі лауазымдарынан бастаған. 1999-2000 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет етті. Елдегі көптеген өнеркәсіп, тауар өндіруші, тау-кен металлургия саласындағы ұйымдар мен ассоциацияларға басшылық жасады. 2004-2005 жылдары «Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағының» президенті болды. Геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі (2015 жылдан бастап). 2019 жылғы қазаннан бастап Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі.

«Құрмет» (2005), «Парасат» (2013) ордендерімен, «Астана 20 жыл» (2018), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2018) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

67 жыл бұрын (1958) танымал сазгер, қоғам қайраткері және меценат, Еуразия мәдениет қорының президенті Ерұлан Мұсаханұлы ҚАНАПИЯНОВ дүниеге келді.

Ерұлан Мұсаханұлы ҚАНАПИЯНОВ
Фото: mitropolia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген соң оқытушылық және қоғамдық жұмыстармен айналысқан.

1990 жылдың басынан кәсіпкерлікпен шұғылданып, «Жиһаз» ААҚ президенті, «Алтын-Тас» директоры болып жұмыс істеген. Н.Құлсариевпен бірлесіп, Арал экологиясы тақырыбына арналған «Тақыр» рок-опера-балетін құрған. 2001 жылы «Река времен» деп аталатын авторлық музыкалық альбомы жарық көрді. Альбомға эстрадалық оркестрде ойналатын 9 музыкалық пьесадан басқа «Арсенал» ансамблі орындайтын шығармалары енген. «Қазақстан – Аустралия» қауымдастығының және «Алтын Адам» қорының президенті, «Приз традиций» Халықаралық фестивалінің бас директоры қызметтерін қоса атқарып жүр.

61 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі Жалғас Жұмаұлы ӘДІЛБАЕВ дүниеге келді.

 Жалғас Жұмаұлы ӘДІЛБАЕВ
Фото: Prokadry.kz

Атырау облысының Индер ауданындағы Жарсуат ауылында туған. 1990 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген, 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын тәмамдады, PhD ғылыми дәрежесі бар.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде 1998 жылдың мамырынан бастап жұмыс істейді. Дипломатиялық мансабын ҚР СІМ Мемлекеттік протокол басқармасының бөлім бастығы лауазымынан бастады, ал 2000 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметін басқарды.

Әр жылдары Қазақстанның Литвадағы және Аустриядағы елшіліктерінде кеңесші, кеңесші-уәкіл болып жұмыс істеді. 2009-2010 жылдары Қазақстанның Горган қаласындағы Бас консулы қызметін атқарды. 2010-2015 жылдары ҚР СІМ Орталық аппаратында Халықаралық экономикалық ынтымақтастық комитеті төрағасының орынбасары және Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші ретінде қызмет атқарды. 2015-2017 жылдары Қазақстанның Армениядағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі болды. 2017-2019 жылдары ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі лауазымын атқарды. 2019-2022 жылдары Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі болды. 2022-2025 жылдары ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.

Қазіргі қызметіне 2025 жылдың мамырында кірісті.

57 жыл бұрын (1968) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Қайсаұлы ТАУРБЕКОВ дүниеге келді.

 ТАУРБЕКОВ Ораз Кайсаевич
Фото: Gov.kz

Ленин комсомолы атындағы су астында жүзетін жоғары әскери-теңіз училищесін «штурмандық корабльдер» мамандығы бойынша, ҚР Еңбек министрлігінің Қарағанды оқу орталығын (біліктілікті арттыру институты) «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы, Ресей Федерациясы Үкіметінің Қаржы академиясын «қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Октябрь ауданы бойынша салық инспекциясы кәсіпкерлердің салық салу бөлімінің салық инспекторы болып бастаған. 1994-1997 жылдары Қарағанды облысына қарасты салық органдарында, 1997-1999 жылдары Қарағанды қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы қызметін атқарған. ҚР Көлік және туризм министрлігінің «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы, басқарма төрағасы болды.

1999-2001 жылдары ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің Салық комитеті Қарағанды облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2001-2002 жылдары Салық комитетінің Павлодар облысы бойынша салық комитетінің төрағасы, Астана қаласының салық комитеті төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы болды. «Қазақстан жолдары», «Отырар Коммерцстрой» ЖШС қаржы директоры, «Магистраль» АОЮЛ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Бүркіт» ФПК ЖШС атқарушы директоры, ТЭМК ЖШС бас директоры, КОСС ЖШС директорының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы, төрағасының орынбасары, Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі, Қарағанды облысы экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басшысы қызметтерін атқарды. 2019-2022 жылдары Балқаш қаласының әкімі, 2022-2024 жылдары Теміртау қаласының әкімі болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қыркүйек айынан атқарып келеді.

43 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы ЫСҚАҚОВ дүниеге келді.

 Қанат Жұмабайұлы ЫСҚАҚОВ
Фото: primeminister.kz

Шымкент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорының жетекші маманы ретінде бастаған. 2006-2009 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің бас маманының м.а., бас маманы, сарапшысы, 2009 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі болды. 2009-2011 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы Хатшылығының консультанты, 2011-2012 жылдары ҚР ПӘ Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының сарапшысы; консультанты. 2012-2021 жылдары ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі лауазымын атқарған. 2021-2023 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы қызметінде болды. 2023 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қараша айынан бастап атқарып келеді.

40 жыл бұрын (1985) Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры және президенті Берік Бақытжанұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Берік Бақытжанұлы АХМЕТОВ
Фото: edu.kz

2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2009 жылы механика-математика факультеті Ақпараттық жүйелер кафедрасының аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2013 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, 2011-2017 жылдары ҚазҰУ оқу процесі бөлімінің бастығы, оқу-әдістемелік басқармасының бастығы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі вице-президенті, 2017-2020 жылдары Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры болды.

Қазіргі қызметін 2020 жылдан атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар