150 кәсіпорынның несиесі кейінге шегерілді - Қостанай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында шағын және орта бизнесті қолдау үшін қосымша қаржы бөлінді. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов депутаттарға есеп беру жиынында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Елдегі экономикалық ахуал күрделеніп, карантин жалғасқан уақытта бизнес мемлекет тарпынан айырықша қолдауды қажет етті. Осыған байланысты Қостанай облысының кәсіпкерлері үшін де қолдау шаралары қабылданды. Жалпы мемлекет тарапынан бизнесті қолдаудың төрт бағыты белгіленді. Олар: жеңілдетілген несие беру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру, клиенттерді онлайн оқыту әрі қаржы институттарына дейін сүйемелдеу. Міне, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің арқасында облыс кәсіпорындары жеңілдіктерге ие болды.

«Мемлекет пен кәсіпкерлердің мүдделерін қатар ескере отырып, бизнестің дамуына тиімді әрі қолайлы орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Шағын және орта бизнес секторын қолдау мақсатында бірқатар тұрақтандыру шаралары қабылданды. Төтенше жағдай кезінде қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпорындарға екінші деңгейдегі банктерден 15,9 млрд. теңгеден астам сомаға 74 несие берілді. Бұған қоса мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан 150 кәсіпорынның несиесі кейінге шегерілді. Салық жеңілдіктері шеңберінде қиындыққа тап болған кәсіпкерлерге 8 млрд. теңгеден астам сомаға салық аударымдарын төлеуді кейінге қалдыру ұсынылды. Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қойып отырды», - деді облыс әкімі.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қостанай кәсіпкерлеріне 17,3 млрд теңге несие сомасына 147 жобаға қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек шағын және орта бизнес өкілдері биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылды.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру көлемі артып, отандық бизнесті қолдау үшін 1 трлн теңге бөлінеді.

Бұған дейін өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің облыстық мәслихат депутаттарына есеп бергені хабарланды.



Соңғы жаңалықтар