155 млн теңге: Астанада 19 адамды алдаған әйел сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада пәтер сатып алып, қайта сату арқылы пайда табуды ұсынған әйелге сот үкімі шықты. Ол осы сылтаумен 19 адамды алдап, жалпы сомасы 155 млн теңгеден асатын қаражатты иемденген. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарлады.
Былтыр мамыр айынан бастап 2026 жылдың қаңтарына дейінгі кезеңде Астана қаласының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде Алматы қаласынан төмен бағамен пәтерлер сатып алу, оларды жөндеу және кейіннен пайдамен сату туралы көрінеу жалған ақпарат орналастырған.
Осы схеманы жүзеге асыру үшін ол инвесторларды тартып, олар рәсімдеген тауарлық кредиттерді төлеуге және салынған қаражат сомасының 5-10%-ы мөлшерінде ай сайын бонус беруге уәде еткен.
Бастапқыда төлемдер басқа жәбірленушілерден түскен қаражат есебінен жүргізілген. Кейін төлемдер тоқтатылып, инвесторлар алдындағы міндеттемелер орындалмаған. Келтірілген жалпы залал 155 млн теңгеден асты.
Прокурор күдіктіге 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ақтау қаласының соты бұрын шығарған үкімді ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша түпкілікті жаза белгілеу ұсынылды. Сондай-ақ прокурор жазаның орындалуын кейінге қалдыруды және жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандыруды сұрады.
— Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындап, пәтерлерді қайта сатумен айналысуды көздегенін, алайда барлық инвесторлармен есеп айырыса алмағанын түсіндірді. Жәбірленушілер қаражатты беру және кредиттерді рәсімдеу мән-жайларын растап, кредиттер бойынша берешек осы уақытқа дейін өтелмегенін көрсетті. Олар қатаң жаза тағайындауды және келтірілген залалды өтеуді сұрады, — делінген ақпаратта.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Сот алаяқтың бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар үшін сотталғанын ескерді. Алайда осы іс бойынша қылмыстар аталған үкімдер шығарылғанға дейін жасалған.
Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталған әйелдің асырауында 4 кәмелетке толмаған баланың болуы танылды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жәбірленушілердің санын, өтелмеген залалдың аса ірі мөлшерін және жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот айыпталушыны 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
— Ақтау қаласы сотының үкімін ескере отырып, қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті жаза 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру болып белгіленді, — делінген ақпаратта.
Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде сотталған әйелдің асырауында 4 кәмелетке толмаған баланың болуына байланысты жазаны орындау екі жыл мерзімге, яғни 2028 жылдың 20 қазанға дейін кейінге қалдырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Ақмола облысының тұрғыны жоқ пәтерге 10 млн теңге беріп, алаяққа алданды.