16 ақпан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 16 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Жаңа Зеландия дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмасты.
1993 жылы Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының дипломатиялық өкілдігі өз қызметін бастады.
1995 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаев елдегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесуінде консультативтік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды ұсынды.
2006 жылы елордадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Мұхтар Шахановтың «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы (Көз жұмар шақтағы арпалыс)» атты драмалық туындысының француз тіліндегі басылымы таныстырылды. Пьесаны француз тіліне оқытушы Гүлнәр Сәрсекеева мен Француз альянсының президенті Брижит Брефор аударды. Таныстырылым барысында пьесаның француз тіліндегі үлгісі Мұхтар Шахановқа табыс етілді. Брижит Брефордың айтуынша, кітап Францияда 2005 жылдың қараша айында басылып шыққан және аталмыш шығармаға оқырмандар мен театр ұжымдары зор қызығушылық танытқан көрінеді.
2010 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып өзгерді. Музыкадан тыс, университетте хореография, өнертану, бейнелеу өнерінің жеке түрлері, мүсін өнері, дизайн, кино, телевизия мамандықтары ашылды.
2015 жылы Қазақстан «Өзбекстан-Түрікменстан-Иран-Оман» транзиттік-көлік дәлізіне қосылды.Қазақстан Иран, Оман Сұлтанаты, Түркіменстан мемлекеттері, Өзбекстан Республикасы арасындағы халықаралық көлік және транзиттік дәліз құру бойынша «Ашхабад келісімі» аясындағы ынтымақтастықтың форматына баса мән береді. Өңірде тасымалдауды дамытуда бірлескен күштерді біріктіруге үлкен сенім артады.
2016 жылы Марокконың Касабланка қаласында Қазақстан Республикасы құрметті консулдығының ресми ашылу салтанаты өтті. ҚР құрметті консулы қызметіне Касанбланканың беделді тұлғаларының бірі – Араб Магрибі экономикалық палатасының президенті, Марокко парламенті Кеңесшілер палатасының (жоғары палата) экс-депутаты Хассан Беркани тағайындалды. Шара барысында консулдықта Қазақстан туралы, халықтың мәдениеті мен дәстүрін көрсететін, сонымен қатар жас астананы, ЭКСПО-2017, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі сынды ірі халықаралық бастамаларды таныстыратын фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды.
2017 жылы Мәскеуде Ахмет Кенесариннің қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы және оның ұлы Садық туралы сыр шертетін «Насабнамеи Сұлтан Садық» («Сұлтан Садықтың шежіресі») атты бірегей қолжазбасы басылып шықты. Кітап Ресейдегі Қазақстан Елшілігі мен «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобалар қорының қолдауымен шықты. Ахмет Кенесариннің әкесі Кенесары хан мен сұлтан Садық жайындағы әңгімелерін Орыс география қоғамы Түркістан бөлімінің мүшесі Е.Смирнов аударып, 1889 жылы Ташкентте алғаш рет басып шығарылады. Бірақ, төл түпнұсқа қолжазбаның тағдыры белгісіз болып келді. Бұған дейін құжат Мәскеудегі Мемлекеттік тарих музейінің қолжазба деректер бөлімінде сақталған. Оны Ресей тарихшысы Илья Зайцев тапты. Қолжазба қазақ тілінде араб жазуымен жазылған. Бұл оқиға шығыстанушы ғалымдар үшін үлкен жаңалық болды. Ал, баспадан шығарылуы қазақ тарихының бұрын белгісіз беттерін ашуға сүбелі үлес болып қосылды.
2018 жылы Астанада Моңғолиядағы этникалық қазақтардың тарихы мен қазіргі өмірі туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
2018 жылы Алматыда Қазақстандағы БҰҰ қызметінің 25 жылдығына арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2021 жылы Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің бастамашылық етуімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, мерейтойлық пошта маркасы шығарылды. Швейцарияда қазіргі заманғы цифрлық технологиялар мен электронды қызметтердің жоғары дамуына қарамастан, пошта-корреспонденциясы қоғамда маңызды орында. Бұл елде поштаның және пошта маркаларының тарихы орта ғасырдан бастау алады және әлемнің түкпір-түкпіріндегі филателистердің назары мен қызығушылығын туғызып келеді.
2022 жылы Қазақстанда алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысының кардиологиялық орталығында транскатетерлі қолқа клапаны имплантацияланды. Жаңа клапандар адам ағзасына биоүйлесімді материал болатын бұқа перикардиясынан жасалған. Бұған дейін синтетикалық материалдардан жасалған клапандар орнатылып келген еді. Клапандар Швейцарияда жасалады.
2023 жылы Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі мен шарттары туралы келісімді ратификациялады. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, заң осы бапты жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабына сәйкес ЕАЭО техникалық регламенттері қолданылатын өнімдерге қатысты мүше мемлекеттердің үшінші елдермен өзара саудасындағы техникалық кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды.
«Келісімшартты қабылдау Одақ пен үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын анықтау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану үшін жағдай жасайды», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сенаттың тиісті комитетінің қорытындысында келісімге сәйкес үшінші елдермен Одақтың халықаралық шарттарын жасасу арқылы жүзеге асырылатын өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою көзделгені айтылған.
2024 жылы Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектенов 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондо (Корея Республикасы) қаласында өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан алғыс хат табыс етті. Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын оқып, спортшыларды жеңістерімен құттықтады. Ол алтын медаль Қазақстан үшін жастар арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының тарихында бірінші рет жеңіске жеткенін атап өтті. Жалпы медальдардың жалпы саны бойынша республика әлемнің 78 елінің арасында 20-орынға шықты.