16 қараша. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 16 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

16 қараша. Жылнама
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

ЮНЕСКО-ның туған күні

Осыдан 75 жыл бұрын 1945 жылы 16 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы құрылды. Дәл осы күні Лондонда өткен конференцияда оның Жарғысы қабылданып, оған 37 мемлекет қол қойды.

Халықаралық төзімділік (толеранттық) күні

«Төзімділік принцптері декларациясын» жариялау аясында 1995 жылы ЮНЕСКО-ның 28-Бас конференциясында мереке болып жарияланды. 1997 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы осы ұйымға мүше елдерге бұл мерекені атап өтуді ұсынды. «Төзімділік прицптері декларациясында» төзімділік немесе толеранттылық деген түсінік әлемдегі мәдениеттің бай алуан түрлілігіне, сондай-ақ адамдардың өз болмысын көрсету түрлеріне құрмет деп түсіндіріледі. Әр адам декларацияға сәйкес, өз табиғаты бойынша ерекшеленетінін, сондай-ақ өзінің жеке басын сақтауға және өмір сүруге бірдей құқылы екенін мойындауы тиіс.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні

Қазақстан Республикасында қарашаның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күні ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту дәстүрі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1988 жылы қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып табылады. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет бола отырып, дәстүрдің дұрыстығын сақтап, 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін мерекелеу күні ретінде заңнамалық деңгейде бекітті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2001 жылы Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойылды.

2005 жылы Ақмола облысының Ақкөл қаласында «Республикалық ғарыштық байланыс және радиоэлектронды құралдардың электромагниттік үйлесім орталығы» АҚ ұйымдастырған бірінші ғарыштық аппараттарды жерүсті басқару кешенінің таныстырылымы өтті.

2007 жылы Алматы облысы Сарқан қаласында аты аңызға айналған теміржолшы, Түрксібтің Шоқпар нұсқасындағы жобасының авторы мен орындаушысы Мұхамеджан Тынышбаевқа ескерткіш қойылды. Салтанатты бөлімнен кейін облыс әкімі, аты аңызға айналған теміржолшының ұрпағы және саяси қайраткерлер ескерткіш жанына ағаш отырғызды.

2009 жылы Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған пошта маркасының таныстырылымы өтті. Шараға ақынның туыстары, әріптестері ақын-жазушылар қатысып, естеліктерімен бөлісті.

2009 жылы Беларусьта Қазақстан студенттерінің кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты — Беларусьта шоғырланған қазақстандық студенттер қауымдастығын қалыптастыру.

2011 жылы Тәжікстанның Хатлон облысының орталығы Қорғантөбе (2018 жылы Бохтар болып өзгертілді) қаласындағы көшенің бірін «Қазахон» көшесі (Қазақ көшесі) деп атауға байланысты салтанатты шара өтті. Ол көшеде этникалық қазақтар тұрып келе жатыр.

2015 жылы Норвегия Корольдігінде Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды.

2016 жылы «Қазпошта» Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне арналған маркалар шығарды. Пошта маркаларына 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Олимпиада ойындарының алтын және күміс жүлдегерлері: олимпиада чемпиондары — Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин және Нижат Рахимовтың; күміс медаль иегерлері — Гүзел Манюрова, Жазира Жаппарқұл, Василий Левит, Елдос Сметов және Әділбек Ниязымбетовтің бейнесі түсірілді. Маркалар 40 мың данамен шығарылды. Номиналы — 200 теңге.

2017 жылы Жапонияда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халықаралық тұсаукесері аясында Токионың орталық кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылуы Токио қалалық орталық кітапханасының оқырмандарына қазақ халқының салт-дәстүрімен, жазуымен және мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Бұл –Қазақстанның жетістіктері, экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы табыстары туралы әдебиет арқылы баяндаудың тамаша мүмкіндігі.

2020 жылы Мысырда «Абай» ақпараттық-мәдени халықаралық жобасының аясында «Абай және Рухани мұра» халықаралық көрмесі мен Абайдың араб тілінде жарық шыққан кітабының салтанатты тұсаукесері болып өтті. Араб әлеміне Абай шығармашылығының араб тіліндегі нұсқасын Араб елдерінің мәдениет, білім және ғылым істері жөніндегі Лигасының баспа үйі ұсынған.

2020 жылы Қазақстанда ауыр дертке шалдыққан 3 пен 18 жас аралығындағы балалардың арманын орындауға тырысып жүрген «Menin Armanym» корпоративтік қоры құрылды.

2021 жылы Осакаровка ауылының талантты жас өнертапқыштары Оңалхан Таубаханға арнап арнайы көтергіш әзірледі. Бағдарламашылар өз жобасын халықаралық мейкатонда қорғады. Осакаровка өнертапқыштарының сипаттамасы Tikkun Olam Makers ресми сайтында жарияланып, бұл жобаны шын мұқтаждарға емін еркін пайдалануға жол ашылды.

2021 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) Dubai Airshow 2021 халықаралық авиациялық-ғарыштық көрмесі өтті, оның шеңберінде Қазақстан, Россия және БАӘ «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Гагарин старты» алғашқы коммерциялық ғарыш жобасын іске асыру жөніндегі ниеттер туралы бірлескен хатқа қол қойды.

2022 жылы Алматыда ұлы түркітанушы және «ұлт ұстазының» 150 жылдық мерейтойы жылы ұлы қазақ ағартушысы, әдебиеттанушы ғалым, ақын, аудармашы, қоғам және саяси қайраткер Ахмет Байтұрсыновқа арналған ескерткіш ашылды. Гранит тұғырға орнатылған бес метрлік қола ескерткіш оның есімімен аталатын Алматы хореографиялық училищесінің жанындағы Байтұрсынов көшесі мен Жамбыл көшесінің қиылысындағы алаңда орнатылды. Ескерткіш авторлары — мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов.

2023 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын айтулы оқиғамен құттықтады.

«Бақытты отбасы — ұлт әл-ауқатының, елдің тұрақты дамуының негізі» — Мемлекет отбасылық құндылықтарды нығайту, ана мен баланы қорғау жөніндегі жұмысты жалғастырады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2024 жылы Қазақстанда «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы» бағытымен жүретін «Жібек жолы» теміржол туры ашылды. Төрт күндік халықаралық теміржол туры туристерге ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолы бойымен саяхаттауға мүмкіндік берді. Маршрут Түркістан мен Ташкенттегі негізгі көрікті жерлерді қамтиды. Туристердің ыңғайлылығы үшін тур бағдарламасында гид, тамақтану, көлік және кіру ақысы қарастырылған.

2024 жылы Астанада кәсіптік білім беру және техникалық оқыту үшін маңызды оқиғаға айналған WorldSkills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты өтті. Биылғы жылы Қазақстанның барлық аймақтарынан 555 қатысушы қатысып, 30 құзырет бойынша өз шеберліктерін көрсетті. WorldSkills қозғалысы — жұмысшы кәсіптер беделін арттырудың негізгі құралдарының бірі. 

Соңғы жаңалықтар